Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

3-5 күнде Ресейден Қазақстанға қарай су ағады – Қазгидромет

Қазгидромет тағы су тасқыны қаупі бар екенін ескертті. Синоптиктердің болжауынша, Қазақстанға Ресейден үш-бес күнде су келеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агентігі хабарлайды. 

Ендігі басты қауіп – Орынборға жайылған Жайық өзені. Мамандардың айтуынша, көрші елдегі су төмен қарай ағып, Батыс Қазақстанға қарай жылжиды. Ал су қоймасындағы су деңгейінің көтерілуі жергілікті халыққа қауіп төндіреді екен.

“Мысалы Ақмола облысындағы Есіл өзенінің суы қазір Солтүстік Қазақстан облысының аумағы арқылы ағып жатыр. Қостанай облысында да солай. Осы судың барлығы төмен қарай жылжиды, енді Қостанай облысының солтүстік бөліктерін су басу қаупі бар. Жайық өзенінде де солай”, – деді "Қазгидромет" РМК гидрологиялық мониторинг басқармасының бастығы Бауыржан Жекіжанов.

Сонымен қатар "Қазгидромет" бірқатар өңірлерде тауларды әлі де қар басып жатқанын хабарлады. Күннің кенеттен жылуы, қатты жауын-шашын елде қардың еруіне және жаңбыр суы тасқынының пайда болуына түрткі болуы мүмкін. Сондай-ақ алдағы күндері Қазақстанда жауын-шашын нормадан артық жауады деген болжам бар. Солтүстік, орталық және шығыс облыстарда жаңбыр жауып, қарға айналады.

Бұған дейін ресейлік шенеунік Ресейдің Қорған және Түмен облыстарындағы су тасқынына Қазақстанның су қоймаларынан жіберілген су әсер еткенін айтқан еді. Қазақстанның су ресурстары және ирригация министрлігі бұл мәлімдемеге түсініктеме беріп, ресейліктің сөзін жоққа шығарды. 

Талқылау