Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"14 жасымнан дәмін таттым": Қалдыбек Құрманәлі ішкілікке жақын болғанын мойындады

Танымал сазгер, хит әндердің авторы Қалдыбек Құрманәлі ащы суға жақын болғанын жасырмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Qasqa Jol” арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Подкастан скриншот

Өнер иесіне әріптестері қанша ақыл айтса да тыңдамаған көрінеді. 20 жыл бойы ащы судан бойын аулақ ұстай алмаған. 

“Биыл арақты қойғаныма – 24 жыл. 14 жасымнан бастап дәмін таттым. Арақты соңғы ішкен күнім – 2000 жыл, 29 ақпан. 34 жасымда түбегейлі қойып кеттім. Менің қызба мінезімді көріп, жұрт ішіп алған деп ойлайды. Ішіп жүріп, көп дүниеден қалып кеттім. Өнердегі әріптестерім де біраз ақыл айтты. Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова талай рет оңаша шақырып алып, ұрысты. Қоя алмадым. Марқұм Мәдина Ералиева әпкем ішіп жүргенімді көріп, қатты уайымдайтын еді. Ішіп алған кезде елге қырғидай тиіп, қазіргі мінезімнен де зорын көрсететін едім. Мені қонаққа шақырған адамдар алдыма шөлмекті дайындап қоятын. Тіпті, үйге қонақ шақырсақ, өзім бірінші тойып алушы едім. Ішкілікке салынғанымның деңгейі сондайға дейін жеткен. Бірақ ішіп жүріп те ән жазып жүрдім. Сазгерліктен ажыраған жоқпын”, – деп еске алды композитор. 



Сонымен қатар ішкіліктен қалай арылғанын да айтып берді. Айтуынша, бәрі адамның ішкі ерік-жігеріне байланысты. 

“Бір күні арақты қоймасам, адам ретінде құрып кететінімді түсіндім. Арақ немесе өнер деген таңдау тұрды. Өзімді ақын ретінде сезініп, қазақ өнерін дамытуды ойладым. Содан кейін арақты аузыма алмаймын деп өзіме серт бердім. Небір адамдар арақтың кесірінен дүниеден өтіп кетті. Оның үстіне, ауылға көшіп бардым. Әке-шешемнен қалған қара шаңырақта тұрып жатырмын. Ауылдағы қолы бос адамдармен ішіп жүрсем, өсекке қаламын. Осының бәрі өмірімнің өзгеруіне ықпалын тигізді. 4 ұл, 1 қызым бар. Олар да ержетіп келеді. Балаларымның болашағын ойладым. “Қалдыбектің ұлы, әкесі алқаш еді” деген балаларымның артынан сөз ергенін қаламадым. Атақты адамның ұрпағы болу қиын”, – деп жан сырын ақтарды сазгер. 

Еске салайық, сазгер қазіргі қазақ эстрадасын дамытып жүрген жас әншілер туралы ой қозғаған еді. 

Талқылау