Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

23 жылдан кейін қызды болған Жазира Байырбекова қандай қиындықтарды бастан өткергенін айтты

Жазира Байырбекова “Қыздар-ай” бағдарламасында тұңғышынан кейін араға 23 жыл салып ана атану оңайға соқпағанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

©instagram.com/zhazira_bairbekova

“Дара өмірге келгенше біз көп іздендік, емделдік. Менің ғана емес, Жанболаттың да денсаулығы қиындау болды. Оны Жанболат өзі де жасырған жоқ. Бала көтере алмай жүрген басқа келіншектерге қысым көрсетіп жатса, мені ешкім түртпектемеді. Өйткен себебін өзіміз білетінбіз. Күйеуі, күйеуінің туыстары кінәайтын келіншектерге Алла сабыр берсін дегім келеді. Біреуге ештеңе айта алмаймын, өйткені мен оның орнында болып көрген жоқпын, алдымызда да не күтіп тұрғанын білмейміз. Күйеуінің ата-анасы да немер сүйгісі келетін шығар. Қиын жағдай. Бірақ не болса да адамдықтан аттамау керек деп ойлаймын”, – дейді әнші.

Өнер иесінің айтуынша, кенжесі дүниеге келгелі күйеуі Жанболаттың да мінезі өзгерген. Сондай-ақ ол Дара мен ағасы Қазбектің қарым-қатынасы туралы да айтып берді.

“Дара келгелі Жанболат момын болып қалды. Баяғыдай қатал емес. Бұрын: “Тек менің айтқаным болады. Мен айтпай ештеңе шешпеңдер” дейтін. Қазір қандай шешім қабылдасақ та келісе береді. Жанболат жұмсарды. Ұлым Қазбек – өте салмақты. Дараның асты-үстіне түсіп еркелетпейді, үндемей, құшақтап сүйеді. Ал Дара “көкем” деп сыйлап тұрады. Екеуінің арасы 23 жас болған соң көке деп үйреттім. Дара келгелі Қазбек үйлену туралы ойлап жүр. Балаға деген мейірімі оянды. Бұрын Қазбекке көп қыздардың суретін жіберетінмін. Қазір қойдым. Өзі тапқаны дұрыс деп шештім. Мен үшін бастысы келінім Қазбектің денсаулығына мән беріп, абыройына нұқсан келтірмей, Қазбекті бақытты етсе болғаны. Ұлым бақытты болса, біз де ризамыз”, – дейді Жазира Байырбекова.

Бұған дейін әнші тұрмысқа шыөпаған қыз-келіншектерге кеңес берген болатын.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 29 Мамыр, 2023 18:06