Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ең арзан және ең қымбат такси Қазақстанның қай аймағында

Stan.kz Қазақстанның қай аймағында таксидің арзан, ал қай аймағында қымбат екенін анықтап көрді. Біз Яндекс.Таксиден жолаушылар сапардың әр минуты үшін қанша теңге төлегенін және соңғы жылы такси құны қалай өзгергенін сұрап көрдік.

такси

Әр минут үшін орташа бағаның өсіміне жанармай бағасының көтерілуі, қосалқы бөлшек пен автокөлікке қызмет көрсетудің қымбаттауы сынды бірнеше фактор әсер еткен.

Ақпарат Яндекс.Такси қызметі бар Қазақстанның барлық аймақтары бойынша дайындалды. Мәселен, Алматы облысында жол жүрудің 1 минуты үшін орташа баға 14%-ға көтерілген, Ақмола облысында өсім 11%. Ал ел бойынша орташа жол жүру құны 11%-ға көтерілген екен, бұл инфляция деңгейімен тең, дейді компания өкілдері.

"Мұнымен қоса сервис жұмыс істейтін қалаларда таксиге деген сұраныс 40%-ға артты. Сондай-ақ кей қалаларда, атап айтқанда Семейде комфорт тарифі қосылды, мұнда жол жүру құны "Эконом" тарифінен жоғары. Бұға қоса экономикалық фактордан бөлек уақыт пен маусымдық факторлар да бар. Егер қысқа мерзімдік өзгерістер өткен жылмен салыстырғанда көбірек болса, бұл 1 жылдағы баға динамикасына әсер етеді", – делінген компанияның ресми жауабында. 

Яндекс.Такси таксопарктерге арналған мотивациялық бағдарламаларға инвестиция құйғандықтан кей облыстарда әр минут үшін жол жүру бағасы арзандапты.  

Сарапшылар 2022 жылдың желтоқсаны мен 2023 жылдың қарашасы аралығындағы әр минут үшін орташа жол жүру құнын салыстырды. 12 айдағы статистикада маусымдық өзгерістер де ескерілген.  

Елімізде ең қымбат такси Шығыс Қазақстан облысында, мұнда сапардың әр минуты үшін жолаушылар 82 теңге төлейді. Ал ең арзан такси Түркістан мен Жамбыл облыстарында. Бұл аймақтарда жолаушылар сапардың әр минутына 63 теңгеден төлеген. 2023 жылы ең жоғарғы өсім тіркелген Алматы облысында сапар минутының құны 81 теңге екен. Ақмолалықтар сапардың әр минуты үшін 80 теңге төледі. 

Қарағанды, Абай мен Қостанай облыстарында сапардың әр минутының құны 76 теңге. Павлодар облысында таксимен жүрудің әр минуты 75 теңге болса, Солтүстік және Батыс Қазақстан облыстарында бұл көрсеткіш 74 теңгеге тең. 

Ақтөбе облысындағы такси құны 72 теңге, Маңғыстау облысында 71 теңге. Қызылорда облысында сапардың әр минутының құны 66 теңге болса, Жетісу облысында 65 теңге

Қазақстанның әр аймағы бойынша жол жүру құнының 1 жылдағы өзгерісін төмендегі кестеден көре аласыз.

Талқылау