"Пандемия 2022 жылдың күзінде басылуы мүмкін": Нумеролог келер жылы қазақстандықтарды не күтіп тұрғанын айтып берді
Қазақстандық нумеролог Гүлдана Дербесова әлемді алаңдатқан пандемияның беті келесі жылдың күзінде қайтуы мүмкін екенін айтады. Сөзінше, келер жылдың сандарын ерекше әдіспен есептегенде осыны көруге болады. Жалпы, адам тағдырындағы сандар нені білдіреді? 2022 жылы қазақстандықтарды не күтіп тұр? Бұл туралы нумеролог Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.
Ең жиі қойылатын сұрақ – тұрмыс құру, бала тәрбиесі мен мамандық таңдау
Көпшілік нумеролог маманға тұрмыс құру, өмірлік жар таңдауда қателеспеу деген мәселелер бойынша жиі келеді. Жұптардың үйлесімділігі жайлы да сұрап жатады. Одан кейін мамандық таңдау бойынша бағыт-бағдар алатындар да көп. Бұдан бөлек бала тәрбиесі жөніндегі сауалдар көпті мазалайды. Көбіне ата-аналар мектеп бітіргелі жатқан ұл, қыздарының мамандық таңдауына кеңес сұрап келеді. Мұндай жағдайларда байқағаным ересектер көбіне өзімшілдікке салынып, баласының емес, өзінің ұнатқан мамандығын таңдауға тырысады. Ал қыз-келіншектердің көп бөлігі ене мен келін арасындағы мәселелер бойынша жүгініп жатады.
Ақша, денсаулық, сәттілік әкелетін сандар
Барлық сандардың жақсы мен жаман тұстары болады. Ақша сандары – 8 бен 6. Ал денсаулық саны 4 болып есептеледі. Туған күнінде 4 саны жоқ адамдардың иммунитеттері төмен, ауруға бейім болады. Сондықтан ондай адамдар уақытылы дәрігердің тексерісінен өтіп тұрғаны жөн. Тағдыр санын біз туған жылымызды, күнімізді есептеу арқылы шығарамыз және сәттілік саны да тағдыр санына тікелей байланысты. Ол сан біздің дүниеге қалай келгенімізді, бойымыздағы қасиеттерімізден бастап, мінез-құлқымызға дейін қандай екенімізді көрсетеді.
Қазақстан Нептун планетасында, Мерген жұлдызнамасында дүниеге келген
Еліміз 1991 жылы 16 желтоқсанда өз тәуелсіздігін жариялап, жеке мемлекет болды. Енді сандарды, айларды, жылдарды нумерологиялық әдіспен санай келе біз 3 санын шығардық. Үш – нумерологияда жетістік саны. Тек нумерологияға байланысты емес, астрологияның да элементтерін алып қарауымыз керек. Біздің планетамен салыстыра отырып, Ресейді, АҚШ-ты, Қазақстанды қарадым. Қазақстанда 90 пайыз ерлер энергетикасы басым. Сондықтан беделді, танымал болғысы келетіндер көп. Тағы бір айта кететін нәрсе, желтоқсан жұлдызнамада мерген уақытын білдіреді. Ал Мергендер өзінің аты айтып тұрғандай мықты, жаңашылдыққа, шығармашылыққа бейім болады. Бірақ кемшіл тұсы да бар. Еліміз мергенмен қоса Нептун деген планетада өмірге келген. Ал бұл планета бізде жалқаулықты, ұйқышылдықты, өзімшілдік пен агрессияны білдіреді. Міне, сондай жақсы жағы мен жаман тұстары да бізге бірдей келген. Сондықтан да шығар біз әлі ұйықтап жатырмыз.
2000 жылдары туған балалар бізді тәрбиелеуге келген
Тәрбиеге байланысты қазіргі 2000 жылғы балалардың санын біз бөлек санаймыз. "Қазіргі балалар барлығын біліп туғандай, өзіңе үйретеді, өзіңе қарсы шығады" деп айтылып жатады. Ол да бекер емес. Өйткені 2000 жылы туғандар бізді тәрбиелеуге келген. Біздер 2000 жылға дейінгі туылғандар 1000 жылдықтағыларға жатамыз. Біз ата-анамыздың айтқанымен жүрдік, олардың қас қабағына қарап өстік. Ал қазіргі балалар ондай емес. Біз олармен қазір тек дос, жанашыр ретінде тіл табыса аламыз. Қазіргі балаларды мен "өзіндік пікірі бар балалар" деп атаймын. Біздің олармен санасуымыз керек. Сонымен қатар олар өте белсенді, бір орында тұрмайтын, өмірге деген өзіндік көзқарастары бар буын. Мысалы, 14,16,17 жаста миллионер атанғандары бар. Ал біздің кезімізде ондай алға шығып топ жарғандар бірен-саран, тіпті мүлдем болмаған да шығар.
2021 өзгеріс пен саяхат жылы болды
Нумерологиялық тәсілмен есептегенде 2021 жыл 5 санын береді. Ал бұл сан өзгерістер мен саяхаттауды білдіреді. Осы жылы карантиннен шыға сала түрлі жеңілдіктердің көбейіп, көпшіліктің шетелге қыдырысының да мәні осында. Сонымен қатар, бұл жылға өзін жарнамалау да тән. 2021 санының соңы 1-мен аяқталып тұрғандықтан, біз бұл жылы кез келген бастаманың бірінші баспалдағынан өттік деп есептейміз.
Қарашадан басқа не күтуге болады?
Қараша 11-ай. Ал 11 санында жаңашылдық пен көшбасшы күші басым. Бұл айда өпшіліктің дипломатиялық байланыс орнатуына керемет мүмкіндіктер туып жатыр. Егер сіз бизнес бастауды жоспарлаған болсаңыз, қарашаны жіберіп алмаңыз. Себебі осы айда серіктестік құру сәтті бастамаға жетелейді. Сонымен қатар денсаулыққа да аса мән берген жөн. Күздің өзі адамның имуннитетін әлсірететін кезең болғандықтан, бұл айда көпшілікті ұйқы қысып, белсенділік танытқысы келмейтіндей әлсіздікте жүреді. Жылдың соңғы айлары болғандықтан, қорытындыны қажет ететін кезең деп те айтуға болады. Бұл айда дүниеге келген балалардың жауапкершіліктері мол болады.
2022 жылы тәуекелден қорықпайтындардың жолы болады
2022-ні нумерологиялық әдіспен есептесек, 6 санын шығарып тұр. Бұл сан отбасыға көп назар аударуды, балансты қалыпта ұстауды талап етеді. Отбасыға қараймын деп мансабыңызды ұмытуға да болмайды. Тепе-теңдікке мұқият болған жөн. Жұмысқа да үлгеріп, отбасына да қарайлаңыз. Бұл сан әдемілікті, жайлылық пен тұрақтылықты жақсы көретіндіктен, осы жылы тұрмыс құру, балалы болу деген сияқты жайттар көп орын алады. Келер жылымыз барыс болғандықтан барлық жайттар 50/50 формуласымен жүреді. Яғни қиындық пен қуаныш қатарынан болады. Ал егер мақсат қойып жүрсеңіз, осы жылы оны орындауға мүмкіндіктер көп болады. Барыс мінезіне сай адамдарда өзімшілдік пен басшылыққа ұмтылу сезімдері орын алады. Бұл жылы эксперимент, сынақ, тәуекелден қорықпайтындардың жолы болып, істері алға басады.
Пандемия 2022-нің қазан, қараша айларында тұрақталады
Шындығында бүкіл нумерологтар, астрологтар оны білді, бақылады. Бұл нәубет бізге неге 2020 жылы келді?
2020-ның санының екі түсінігі бар. Біріншісі ол "0" мен бітіп тұр. Біз аспаннан жерге бір мезетте құлағандай болдық. Жерге түсіп жан-жағымызға қарадық. "Не істеп жүрміз?" деп ойлана бастадық. Екіншіден, 20+20=40, 4+0=4. Нумерологияда бір санға ғана келтіреміз. Бізде 4 санын беріп тұр. Бұл сан ұрыс-керісті ұнатпайтын сан. 4 саны бар уақытта ережені бұзуға болмайды, оны қатаң сақтау керек. Сонымен қатар, төрттің денсаулыққа тікелей қатысы бар сан. Сондықтан да дәл сол жылы денсаулығымызға байланысты кінәратты көп көрдік. Қаншама бетке ұстар адамдарымыздан айырылдық. 2021 жылы біз жағдайды мойындап сол жақтан шығу жолдарын барынша қарастырдық. 2022-де барлығы керемет болып кетеді деп айта алмаймыз. Алла бұйыртса, 2022-нің қазан, қараша айларында жағдай тұрақталуы мүмкін. Тұрақталады деп сенеміз, есептейміз…
Сұхбаттың толық нұсқасын Youtube арнамыздан тамашалай аласыздар:
Сұхбатты дайындаған: Гүлсезім Мұхатай
Нұрсұлтан Нұрманбек