Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әсет Ерғалиев, Нұрлан Ермекбаев, Сапархан Омаров: 2021 жылы елден сөз естіген шенеуніктер кімдер

2021 жыл Қазақстанда түйіткілді мәселелер аз болмады. Қиын-қыстау кезеңде проблеманы дер кезінде шеше алмаған бірқатар шенеуніктер лауазымдарынан айырылды. Енді біреулері сөздерінен сүрініп, жұрт алдында күлкіге қалды.  Stan.kz тілшісі осы жылы халық сынына ұшыраған шенеуніктер тізімін жасады. 

Министрлер

Ауыл шаруашылығы министрлері 

Биыл жазда Маңғыстау облысы мен Қызылорда облысы қуаңшылықтан көп зардап шекті. Құрғақшылық салдарынан өңірде төрт түлік жейтін шөп шықпай, 3 айда ірілі-ұсақты 3000-ға жуық бас мал аштықтан қырылды. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев Сапархан Омаровтың елде жем-шөп тапшылығы мен малдың жаппай қырылуына жол берілгендігіне байланысты отставкаға кету керектігін мәлімдеді. 

Сапархан Омаров пен Ербол Қарашөкеев

"Жергілікті атқарушы органдар мен ауыл шаруашылығы министрлігі дұрыс шешім қабылдамады, солардың кінәсінен шаруашылықтар зардап шегіп жатыр. Жұмыстың шынайы жайымен байланыс жоқ. Сондықтан фермерлер тікелей маған айтып жатыр. Министрлік тез, батыл шешім қабылдауы керек еді, бірақ қажет жұмысты атқара алмады. Сондықтан, бұл салаға жауапты министр Сапархан Омаров отставкаға кетуі керек деп есептеймін" деді үкімет отырысында Тоқаев.

Осылайша Сапархан Омаров 2021 жылдың шілдесінде отставкаға кетуге мәжбүр болды. Кейін "Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы "Ұлттық компаниясы" АҚ басқарма төрағасы лауазымына сайланды. 

1 қыркүйекте ауыл шаруашылығы министрі қызметіне  Омаровтың орынбасары болған Ербол Қарашөкеев тағайындалды. Алайда жаңадан келген министр мәселенің шешімін таба алмады. Тіпті министр ведомствоны басқармай жатып қазақстандық шаруалар оның жұмыстан кетуін талап етті. Олар Ербол Қарашөкеевтің орнына білікті басшы тағайындауды сұраған.

"Орныңыздан кетуіңіз керек. Ал сіздің орныңызға халқына жаны ашитын кәсіби маман отыруы тиіс. Бұл сөзіме ренжімеңіз, алайда Маңғыстау тұрғындарының сіздің жұмысыңызға көңілдері толмайды. Тезірек әрекет етіп, аймаққа қолдау білдіргендеріңізді қалаймыз. Қыстың екі айы ғана қалды,соны аман-есен өткізуге көмектессеңіздер. Өткен жылмен салыстырып қарайтын болсақ, Маңғыстауда малдың тек төрттен бірі ғана қалды. Қалған мал басы Ақтөбеге немесе Оралға сатылды. Бұл өтірік емес", – деді маңғыстаулық фермер Әділбек Сағындықов. 

Министр бұл талапқа орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте былай деп жауап берді:

"Мен Үкімет мүшесі болсам да, менің тағайындалуым немесе отставкаға кетуім туралы шешімді басшылық қабылдайды". 

Экс-қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев

26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы 28349 әскери бөлімі аумағындағы оқ-дәрі сақталатын қоймада жарылыс болды. Жарылыс салдарынан 17 адам қаза тауып, 100 шақты адам жарақат алды. Осы оқиғадан кейін қорғаныс министрі отставкаға кетуді ұйғарды. 

Отставкаға кетерінде Нұрлан Ермекбаев Жамбыл облысының Байзақ ауданында болған қайғылы оқиғадан қаза тапқандардың ағайын-туысынан және зардап шеккендерден кешірім сұрады.

Бұл – Ермекбаевтың қорғаныс министрі қызметіндегі екінші апат. 2019 жылы осыған ұқсас жағдай Түркістан облысы Арыс қаласында болған еді. Ол жерде әскери қоймада жарылыс болып, төрт адам қайтыс болған, ондаған адам жарақаттанған. Апат салдарынан ондаған мың адам үйін тастап, босып кеткен.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова

Биыл жазда өткен Токио Олимпиадасында қазақстандық спортшылар тарихта алғаш рет алтынсыз оралды. ҚазақстандықтарТокио Олимпиадасына бөлінген 15 миллиард теңге ауаға ұшты деп мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованы сынға алды. Тіпті кейбіреулері министрдің отставкаға кетуін талап етті. Мұндай сәтсіздіктен кейін  Райымқұлова отставкаға кету туралы өтініш жазғанын айтты. 

"Бұл сұрақты маған бұған дейін де қойды. Мен басшылыққа өтініш жаздым, бірақ қабылданған жоқ. Бұл сұраққа жазбаша түрде де, журналистерге де жауап бергенмін", - деді мәдениет және спорт министрі. 

Бұнымен қоса 2021 жылды ақпанда мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков пара алды деген күдікпен ұсталып, 12 тамызда кінәлі деп табылды. Ал жаңа заң бойынша егер қол астындағы қызметкері парамен ұсталса, оның басшысы отставкаға кетуі керек. Дегенмен Райымқұлова орынбасарының сотталғанына қарамастан өз лауазымын сақтап қалды.

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев мәжіліс отырсындағы азық-түлік бағасын түсереміз деген кезекті уәдесінен кейін журналистер оған күтпеген сұрақ қойды. 

“Министр мырза, сіз отбасыңызбен айына азық-түлікке қанша ақша жұмсайсыз”, – деп сұрады журналистердің бірі ведомство басшысынан. 

"Отбасымызбен тамаққа 50-60 мың теңге жұмсаймыз", – деді министр мәжіліс отырысынан кейін. Бірақ "бұл бір айда ма?" деп нақтылаған кезде "иә" деп жауап берді.

"Біз де нан, сүт, қант сатып аламыз. Біздің де отбасымыз сіздердікіндей", - деді Ерғалиев.

Дегенмен министр бұл жауабымен желі қолданылушыларының күкісіне қалды. 

“Азық-түлікті қай жерден алады екен, айтсыншы”, “Күніне 50-60 мың жұмсайтын шығар”, “Артындағы бір нөлді ұмытып кетті-ау”, “Министр ет алмайды ғой деймін”, “Күлкіден жарылдым”, – деп жазған желі қолданушылары. 

Осы жағдайдан кейін басқа да шенеуніктер отбасымен азық-түлікке қанша жұмсайтындарын айта бастады. Мәселен, энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев айына азық-түлікке 50 мың теңге жетпейтінін айтып, 200 мың теңгеден аса қаржы жұмсалатынын мойындады. 

Лауазымды тұлғалар

ҚР Парламент сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев 

17 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласында ашаршылық тақырыбында өткен дөңгелек үстел кезінде Парламент сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев ХХ ғасырдың 20-30 жылдары қазақ жерінде болған ашаршылық туралы ойын айтып, мәселені “саясиландырмау” керек деп мәлімдеген. 

"Бұл – ең алдымен, сол кездегі билік жүйесінің қате саясатының ауыр салдары. Ашаршылық – Кеңес Одағы құрамында өмір сүрген халықтардың ортақ трагедиясы дегеніміз орынды. Сондықтан ашаршылық тек қазақ халқының ғана басына түскен нәубет емес, бұл барша адамзаттың алапат гуманитарлық қасіреті деп айтуға болады. Сол себепті, ашаршылық тақырыбын саясиландырмай, ең алдымен, оған ғылыми тұрғыдан қарағанымыз жөн", – деген Әшімбаев жиында.

Әлеуметтік желі қолданылушылары Мәулен Әшімбаевтың сөзіне сынмен қарады. Белсенділер "егер ашаршылықты саясиландырмайтын болсақ, онда Кәмпескелеу мен Кіші террорды, 1937-38 жылдардағы Үлкен террорды, тіпті "қазақтарда мемлекет болған жоқ", "Қазақстанға жерді Ресей сыйға берген" деген мәселелерді де саясиландырмау керек шығар?" деп жазды.

Саясаттанушылар “Қазақстан Ресеймен тығыз байланыста болғандықтан, олардың көңіліне келетін қадамға бармауға тырысады” деп сынады. 

Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Дәурен Абаев

Биыл "Тіл майданы" белсенділерінің қозғалысы елімізде және Ресейде дау туғызды. Өз кезегінде белсенділер тұрғындардың қазақша сөйлеуін талап етіп, дүкендерге рейд жасаған. Дегенмен белсенді Қуат Ахметовтың мұндай рейдтері көрші мемлекеттің наразылығына тап болды. Кейбір жағдайларға байланысты ол тіпті Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған. 

Белсендінің бұл әрекеті жайлы президент әкімшілігі басшысының орынбасары Дәурен Абаев пікір білдірді. "Открытый диалог 2.0" бағдарламасында ол белсенділердің қылығын "үңгірдегі ұлтшылдыққа" теңеді. 

"Азаматтарымыздың басым бөлігі "жабайы ұлтшылдықтың" мұндай көріністерін сынайды. Өкініштісі, мұндай оқиғалар бүкіл әлемде болып тұрады, бірақ мұндай дүниелерді мемлекет қолдайды немесе үрдіске айналды деуге болмайды", - деген еді Абаев.

Мұндай сипаттама қазақстандық әлеуметтік желі пайдаланушылардың ашуын туғызып, біразы мұны қорлық не сатқындық деп қабылдады. 

Әкімдер

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова

Былтыр іссапарда жүрген кезінде жергілікті тұрғыннан сөз естіген Гүлшара Әбдіхалықованың басы биыл тағы дауға қалды. Бұл жолы Қызылорда облысының әкімі Жапонияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Джун Ямаданді протоколға сәйкес қарсы алмапты. Білім беру және экология саласын талқылауға келген елшімен Әбдіхалықова бір үстелдің басында бір-біріне қарама-қарсы отырмаған. Әкім өзі төрге шығып, қонақты сол жағына жайғастырған. 

Әлеуметтік желіде бұл жағдайға қатысты еліміздегі басшы қызметте жүргендердің үйреншікті әдеті деген сарындағы пікірлер жарыса жазылды. Ал облыс пен аудан әкімдері протоколға сәйкес инвесторлармен неге бір-біріне қарама-қарсы отырып, келіссөз жүргізбегендерін түсіндіріп бере алмады. Жергілікті жұртшылық, әкімдердің жұмысы қанша қауырт болғанымен, әкімдік аппаратының жіберген қателігін аудан мен білдей облыс басшыларының байқамағанына наразы болды. 

Сондай-ақ жақында Гүлшара Әбдіқалықова Шиелі ауданына барған кезде түсірілген фото әлеуметтік желіде қызу талқыланды. 

Әкімнің баспасөз қызметі жариялаған жұмыс сапары кезінде түсірілген суреттердің бірі қазақстандықтардың күлкісін келтірді.  Суретте Гүлшара Әбдіқалықованың шахмат ойнаған балаларды бақылап тұрғанын көруге болады. Бұл суреттің бір көргенде әбестігі жоқ болып көрінуі мүмкін. Бірақ желі қолданушылары шахмат фигураларының дұрыс қойылмағанын байқап, көзбояушылықты келемеж етті. 

“Гроссмейстерлер инфарктқа ұшыраған шығар”, “Біздің елде барлығы көзбаяушылық үшін жасалады”, “Мына суреттен бүкіл Қазақстанның бейнесін көруге болады”, “Сіздер күлесіздер, мүмкін екі піл мен екі ат бірге тұрғысы келген шығар”, – деген пікірлер жазған желі қолданылушылары. 

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Арқалық қаласына барған сапарында сынға қалды. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өңір басшысы үш инвестициялық нысанның салтанатты рәсіміне қатысқан. 

Алайда әкімді күтіп алу кезінде және лента кесу барысында ер адамдардың жанында тұрған қыздардың жұқа киінгені желі қолданушыларына ұнамады.

“Неліктен бұл үшеуі теріден жасалған бас киім, қолғап, супер-пупер курткалар киген, ал қыздар орамал тағып, қолғапсыз, камзол киіп тұр. Бұлар – болашақ аналар, оларды қорғау керек! Артқы жақта бір адам тіпті капюшон тағып алыпты, демек, күн қатты суық болған. Ал лентаны кескендер қолғап киіп алған, қолғаппен кесу ыңғайсыз емес пе? Демек, олардың ақ, нәзік қолдары қатып қалған, ал қыздар жаурап, шыдап тұра берсін бе?” – деп жазды желі қолданушысы Жангелді Сүлейменов.

"Маған дауыс берсеңіздер өз өмірімді жақсы жаққа өзгертемін"

Әлеуметтік желіде Ерейментау қаласының әкімі болуға үміткер Сапар Барлыбаевтың видеосы тарап кеткен болатын. 

Ол қазақстандықтарға "өзінің өмірін жақсы жаққа өзгертемін" деп уәде берді. Әкімдер туралы бағдарламалардың бірінде сөзінен шатасқан ол халықтың күлкісіне қалған. 

"Егер біз бәріміз бірге дұрыс таңдау жасасақ, маған дауыс берсеңіздер, мен өз өмірімді жақсы жаққа өзгертуге тырысамын", - деді ол.

Әкімдікке үміткер, кейіннен сөзінен жаңылысқанын жеткізді.

“Кез келген адам қателесуі мүмкін. Тіпті министрлер мен президенттер де сөзінен жаңылып қалып жатады. Біз БАҚ алдында сөйлеуге дағдыланбағанбыз. Мен қаланы көркейтіп, тұрғындардың өмірін жақсы жағына өзгертеміз деп айтқым келген. Сөйлемнің жалғасы болған. Мен бұған әзіл ретінде қараймын. Бастапқыда біртүрлі болдым, бірақ танымалдылығым артты. Мен ешқашан YouTube жұлдызы боламын деп ойлаған емеспін”, – дейді Сапар Барлыбаев.

Әлеуметтік желі жұлдызына айналған кандидат сайлауда жеңіске жетіп, Ермейментау қаласының әкімі болып тағайындалды.

Қар жауғанын түсірген тұрғынға кешірім сұратқан әкім

Баянауыл ауданы Егіндібұлақ ауылының тұрғыны қалың қар жауғанын видеоға түсіргені үшін камера алдында жергілікті әкімнен кешірім сұраған болатын. Алғашқыда ауыл тұрғыны қар жауып жатқан сәтін түсіріп, желіге жүктеген. Онда қазан айында жауған қар қаңтар-ақпаннан кем түспейтінін айтады. Дегенмен артынша ол бұл видеосы үшін жергілікті әкімдіктен кешірім сұрауға мәжбүр болған.

“Мен әкімдікке шағым айтайын деген жоқпын. Ондай адам емеспін мен. Мен тек туысқандарыма жіберейін дедім. Павлодарда қар жоқ деген соң соларға көрсеткем. Оның әрі қарай қалай тарап кеткенін білмеймін. Кешіріңіздер. Кешірім сұраймын. Менің ешкімге шағымым жоқ”, – деді ол. 

Осы оқиғадан кейін желі қолданушылары әкімге наразылықтарын білдіріп, олардың жұмысын сынға алды. Кейіннен Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімов тұрғынмен кездесіп, видеоға түсірген ауыл әкімін жазалауға уәде берді. Қызметкерінің тапсырманы дұрыс түсінбегенін айтты.

"Менің орныма отыр!"

Алматы облысы Кербұлақ ауданы әкімінің орынбасары мен жергілікті тұрғындар арасында жанжал туып, арты төбелеске ұласқан. 

Әлеуметтік желідегі видеодан әкімшілік кабинетінде шағым айтып тұрған адамға шенеунік өз креслосын нұсқап, "Келші, отыршы мына жерге, менің орныма мәселені қалай шешетініңді көрейін" дегені еді. 

Тұрғынның бірі оған келісіп, креслоға отыруға тырысады. Алайда осы ретте төбелес басталып кетеді.  Әкімдік мәліметінше, 24 қазанда Қаспан ауылдық округінде жергілікті тұрғындарға тегін көмір жеткізу ұйымдастырылған. Ауыл тұрғындарының бірі үйіне уәде етілген көмір түспегенін айтып, облыстық әкімдікке жүгінген. Оқиғадан кейін қызметтік тексеру басталды. 

Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова

Осы жылы халық ең көп талқылаған оқиғалардың бірі Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың ұсталуы болды. Ол пара алды деген күдікке ілінді. Қазіргі таңда Хаменова сотқа дейін тергеу изоляторында отыр.

Ең қызығы, бұған дейін Хаменова елдегі жемқорлықты қатал сынға алған еді. 

“Жемқорлық ол дерт қой. Жемқорлық жойылмайынша ел еңсесін көтере алмайды. Жемқорлықты желкесінен қиып отырса, жоғалатынына кепіл бола аламын, – деген еді Хаменова. 
Айта кетсек, Бақытгүл Хаменова 2020 жылы наурызда Атырау облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалған. 

Депутаттар

Ант берген мәжілісмендер 

2021 жылы 15 қаңтар күні мәжіліске жаңадан сайланған депутаттар ант берді. Бірақ депутаттар ант беру рәсімінде сөздерін дұрыс оқи алмай, әбден қателесті. Олардың бұл әрекеті халық арасында үлкен сынға ұшырады. 

Анттың мәтіні осындай болған еді:

"Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі мен тұтастығын нығайтуға, оның Конституциясы мен Заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерін адал атқаруға ант етемін!" 

Алматы мәслихатының депутаты Ермахан Ыбырайымов

Бокстан 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов биыл халық сынына біраз ұшырады. 

Мәслихат депутаты қаңтар айында болған парламент мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауы күні Алматыдағы белсенділердің митингке баса-көктеп кіріп, жастардың қолындағы плакатты жұлып алып, жыртып тастаған. Оның бұл әрекеті халықтың ашуына тиді. Кейіннен боксшы сұхбат беріп, бұл әркетін түсіндірмекші болған. Алайда "неге жасамасқа, неге соны жасамасқа, соны жасау керек" деген сөзді қайталап айтып, жұрттың күлкісіне тағы қалды.


Талқылау