Соңғы жаңалықтар

"Ресейді ренжітпеуге тырысып, Кремльге жәутеңдеп отырады": Қазақстандықтар сенат спикерін лауазымынан босатуды талап етті

ҚР Парламентінің сенат спикері Мәулен Әшімбаевтің XX ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ жеріндегі ашаршылық жайлы мәлімдемесі қазақстандықтардың шамына тиді. Өз сөзінде "ашаршылықты саясиландырмау керек" деген ол отандық саясаткерлер мен тарихшылардың сынына қалды. Сонымен, сарапшылар сенат спикерінің даулы мәлімдемесі жайлы не дейді? Stan.kz тілшісі анықтаған еді. 

ашаршылық

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтің "Азаттық жолындағы ақтаңдақтар: ашаршылық зардаптарына шынайы тарихи көзқарас" тақырыбына арналған жиындағы сөзі көпке жақпаған сыңайлы. Қазақ даласындағы Ұлы жұт жайлы бірқатар өзекті тақырыптарды көтерген шенеунік қоғам арасындағы нешетүрлі пікірлер қалыптасқанын жеткізді. 

"Осы нәубетке қатысты қоғамда сан алуан пікір қалыптасқаны белгілі. Дегенмен біз, бірінші кезекте, ғылыми көзқарасқа басымдық беруіміз керек. Себебі, халқымызға ашаршылықтың ащы ақиқатын ғалымдарымыз ғана ашып, дәлелді түрде жеткізе алады. Осы бағыттағы зерттеулер тәуелсіздік алған тұстан бастап табанды жүргізіліп келеді.

Жалпы, тарихи тақырыптарға қатысты қоғамдық ой ғылыми пікірге негізделуі керек. Осынау нәубет жылдардың ашылмай, тасада қалған тұстары әлі де болса көп. Мұндай жағдай орынсыз болжамдарды көбейтіп, қоғамды ашаршылық ақиқатынан алыстата түседі. Сондықтан ашаршылық тақырыбына қатысты жүйелі, тарихи фактілерге сүйенген терең әрі жан-жақты зерттеулер керек деп есептейміз", - деді Әшімбаев.

Ғалымдардың еңбектерін мысалға келтірген сенат спикері ашаршылыққа табиғи жағдайдың да зардабы тигенін тілге тиек етті. Айтуынша, ашаршылықтың екі кезеңіне де осындай кешенді көзқараспен келген абзал. Бұған қоса, Мәулен Әшімбаев озбыр саясаттың әсері бүкіл Кеңес одағының аумағына тарады деген пікірімен бөлісті. 

"Тоталитарлық режимнің осындай озбыр саясаты Кеңес Одағының құрамында болған елдердің бәрінде жүргізілді. Соның салдарынан Қазақстанмен қоса, Украина, Беларусь, Молдова, Ресейдің бірнеше аймағы, оның ішінде Еділ бойы, Солтүстік Кавказ халқы аштыққа ұшырады. Ғалымдардың мәліметіне сүйенсек, 30-жылдардағы аштықта Кеңес Одағында жеті миллионнан астам адам көз жұмған. Осы тұрғыдан алғанда, аштықты белгілі бір ұлтқа қарата жасалған қылмыс деп айтуға келмейтін шығар. Бұл – ең алдымен, сол кездегі биліктің қате саясатының ауыр салдары. Ашаршылық – Кеңес Одағының құрамында өмір сүрген халықтардың ортақ трагедиясы дегеніміз орынды.

Сондықтан, ашаршылық тек қазақ халқының ғана басына түскен нәубет емес, бұл барша адамзаттың алапат гуманитарлық қасіреті деп айтуға болады. Сол себепті, ашаршылық тақырыбын саясиландырмай, ең алдымен, оған ғылыми тұрғыдан қарағанымыз абзал", - дейді сенат төрағасы.

Бірқатар қазақстандық сарапшылар сенат спикерінің "ашаршылықты саясиландырмайық" деген сөзін қатаң сынға алуда. Мәселен, саясаткер Мұхтар Тайжан 1921-1922 жылдардағы аштық геноцид ретінде танылған атап өтіп, ҚР Жоғарғы кеңес президиумының комиссия қорытындыларын мысалға келтірді. 

"Қазақстан адами көзқарастарға қайшы әлеуметтік тәжірибенің ауқымды полигонына айналды. Маркстік "басқа халықтардың капитализмді аяқтап, социализмге өту" ұстанымын қылмыстық түрде жүзеге асыруының салдарынан Қазақстандағы этностардың жаппай қырылуы белең алып, арты сұмдық зілзалаға ұласты.

Осы трагедияның ауқымды болғаны соншалық, біз толық моральдық жауапкершілікпен ашаршылықты геноцид саясаттың көрінісі деп ауыз толтырып айта аламыз. Өкінішке орай, біздің 1932-33 жылдардағы ашаршылықтың қасіретті апат ретіндегі қоғамдық көзқарасымыз әлі толығымен қалыптаса қойғандай" , - деп жазды Тайжан Facebook парақшасында. 

Қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев та биліктегілерді "кеңестік көзқарастан арыла алмай отыр" деп сөкті.  

"Қазақстандағы биліктің "ашаршылықты саясиландырмайық" деген үндеуін керісінше, бұған дейін ашаршылықтың геноцид екенін мойындата алмай жүрген тарихшылар мен қоғам белсенділеріне емес, мұндай тақырыптарды саясиландыруға бейім ресейлік сарапшыларға, саясаткерлер мен тарихшыларына жеткізу керек. Себебі олар ашаршылық туралы айтатын болса, бұл тақырыпты саясиландырып, кеңестік идеологияны ұстануды жөн көреді. 

Ең қызығы, биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл толуын ресми түрде тойлау туралы жоспарлап отыр. Алайда біздің саясат басындағы отырған элитаға қарасаң, олардың "тәуелсіз" деп айта алмайсың. Биліктегілер Қазақстанды әлемнің бір елі ретінде, Қазақстанның тарихы жағынан да тәуелсіз деп қабылдай алмай отыр. Яғни, билік басындағылардың кейбірі әлі де болса өздерін Ресей колониясының бір мүшесі емес екенін мойындай алмайды. Көбіне Қазақстанның тарихына қатысты мәлімдеме жасар кезде, зерделеп, мұқияттылықпен құрастырып, көршілес Ресейді ренжітіп алмауға тырысып, Кремльге жәутеңдеп отырады", - дейді Досым Сәтпаев. 

"Қазаққа қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман туады": Мәшһүр Жүсіп келер жылға қандай болжам жасап кеткен


БҰҰ мен 18 мемлекеттің 1932-1933 жылдардағы ашаршылықты украиналықтарға қарсы жүргізілген геноцид деп таныуын мысалға келтірген блогер Шыңғыс Бауыржанұлы жыл сайын Украинада аштықтың құрбандарын еске алу және аза тұту мемлекеттік деңгейде атап өтілетінін алға тартады. Айтуынша, бұл тарихи оқиғаны саясиландырмау - қазақ ұлтының басына түскен ауыр азапты мүлдем естен шығару. 

"Жыл сайын Украинада аштық құрбандарын еске алу акциялары мен шерулер өтіп, шырақтар жағылады. Бұл күні ойын-сауық бағдарламалардың барлығына шектеу қойылады. Тулар түсіріледі. Түрлі фильмдер түсіріліп, кітаптар жазылады. Сондай-ақ, бұл мемлекетте ашаршылық құрбандарына арналған ұлттық мұражай да бар. 

Ол жақта "жеке партияның кінәсінен бүкіл ел аш болды, бұл жағдайды саясиландырмау керек" деп айту ешкімнің ойына келмейді. Саяси баға беруден бас тарту - қасіретке көз жұма қарап, оны біржолата ұмыту деген сөз", - дейді ол.

Дегенмен сенат спикерін жақтағандар да табылды. Қоғам қайраткері , жазушы Смағұл Елубаев желі қолданушылары Әшімбаевтің сөзін толыққанды түсінбей жатып, сынауға кірісіп кетті дейді. 

"Әшімбаев бізді ашаршылық туралы деректерге негізделген ащы шындықты айтуға шақырғаны және науқаншылдыққа салынбай бұл ұлттың ұлы қасіретін үзбей зерттеу керектігін айтқаны, түгел Сенат алдында тыңдау ұйымдастырмақ жоспарының да бар екені туралы бізді қуантқан ақпараттар жұрт құлағына жетпей қалды. Егер жұрт Мәулендей жас төраға ауызынан мұндай батыл пікірлерді естіген болса, біз сияқты "Өй, Жарайсың! Міне, нағыз әкесіне тартқан ұл!" деп қуанып қалар еді. Қанша айтқанмен Мәулен Сағатұлы - үлкен билік тізгінін ұстап отырған тұлға. Сондықтан ол креслода отырған адам ретінде ең алдымен жұрттың тыныштығын ойлайды. Біз сияқты айқайлап айта алмайды. Бірақ оның айта алмағанын біз айта алатын болғандықтан ол бізді жинады. Сол үшін де түгел сенатта осы тақырыпта тыңдау өткізбек ниетін білдірді. Бұны біз батылдық, батырлық демей не дейміз!" - деген Смағұл Елубаев сенат төрағасын ақтауға тырысты. 

Айта кетейік, шенеуніктің даулы мәлімдемеснінен кейін оны лауазымынан босатуды талап етіп, мемлекет басшысына үн қатқандар да табылды.  

"Тоқаев мырза! ХХ-шы ғасырдағы қазақтың 70 пайызы қырылған қолдан жасалған алапат ашаршылықты жоққа шығарушы – Әшімбаев орынтағын босатсын!", - деді "Ашаршылық Құрбандары" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рамазан Құрманбаев. 

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық депутаттар ашаршылыққа ресми түрде "геноцид" деп құқықтық баға беруді талап еткен болатын. 

Дайындаған Дидар Халық

Талқылау
Пікір
Мұратбек
24 Ақп, 21 жыл - 00:15

Сенат спикері М.Әшімбаевтың босбелбеулігі бір бұл емес, ол әкесіндей өткір болмай шықты. Оны Смағұл Елубай інімнің қорғауы, Смағұлдың атына тіпті ұят, өйткені, ашаршылық жайлы жаны ауырып жазып жүрген жазушының өзіне қайшы келуі қай қисынға келеді. Бізде спикер ғана емес, билік басында отырғандардың барлығы дерлік - ел мүддесін де, қазақ жұртының да мүддесін де қорғауға құлықсыз және қауқарсыз. Бұлардан енді үміт жоқ.

Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр