Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2021 жылдың рейтингі: Ең бай қазақстандық анықталды

2021 жылға арналған Қазақстанның ең ауқатты 50 бизнесменінің тізімі жарияланды. Forbes тізімінде көш бастағандар қатарында Владимир Ким, Болат Өтемұратов, Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе бар, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Forbes.kz басылымына сілтеме жасап. 

(Суретте: Владимир Ким, Вячеслав Ким, Михаил Ломтадзе)

Ауқатты кәсіпкерлердің қатарында алғашқылардың бірі, әдеттегідей, Владимир Ким, Болат Өтемұратов пен Құлыбаевтар отбасы. Бұл тізімге Kaspi компаниясының иегерлері Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе кірді. Оған қоса, ауқатты адамдар қатарын, Freedom Finance негізін қалаушысы және басты акционері Тимур Турлов толықтырды.

Қазақстандық кәсіпкерлердің байлығы 24,1 миллиард долларды құрады. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 2 есе жоғары.

Тиісінше, биыл тізімге енген 50 бизнесменнің орташа байлығы өткен жылғы 502 миллион долларды құраса, биыл 676 миллион долларға дейін өсті.

Сержан Жұмашов, Нұрлан Бизақов және Анатолий Балушкин сынды кәсіпкерлер биыл тізімге енбей қалған. Тізімге жаңадан келгендер - Михаил Ломтадзе, Тимур Турлов, Қайрат Итемгенов және Сейсенбаевтар отбасы.

таблица

Мәліметтер Forbes.kz сайтының негізінде

Рейтингтегі бірінші орын KAZ Minerals және Kazakhmys акцияларына иелік ететін Владимир Кимге тиесілі. Журналистер ең бай қазақстандықтың байлығын – 4 миллиард 700 миллион долларға бағалады.

Екінші орынға Вячеслав Ким тұрақтаған. Ол Kaspi bank-тің негізгі акционерлерінің бірі, сонымен қатар "Alseco" АҚ-ның 90% -ына иелік етеді.

Рейтингте үшінші орында Kaspi.kz АҚ басқарма төрағасы – Михаил Ломтадзе. Ол банктің 23% акцияларын иеленген. 2021 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша оның меншікті капиталы 7,1 миллиард теңгені құрайды. 

Ал "ForteBank" АҚ-ның 87,27% акциясына иелік ететін Болат Өтемұратов рейтинг бойынша төртінші орында. Ол Қазақстан мен Қырғызстандағы "Beeline"  байланыс операторларының, RG Gold алтын өндіруші копаниясының акцияларының иегері. Оған қоса, Нұр-Сұлтан, Мәскеу және Венадағы Ritz-Carlton қонақ үйін және Rixos Borovoe қонақ үйін толықтай меншіктеген. Сонымен қатар, Қазақстандағы бірқатар медиа компаниялар Өтемұратовтың қарамағында. 



Қазақстанның ең бай адамдарының алғашқы бестігін Тимур Құлыбаев пен Динара Құлыбаев аяқтайды. 

Құлыбаев Сингапурда орналасқан Steppe Capital Pte Ltd акцияларының бақылау пакетіне иелік етеді. Құлыбаев "Кипрос" ЖШС-нің басты иесі болып табылады және "Joint Technologies" ЖШС-н басқарады. Оның ҚТЖ-ға қызмет көрсететін "Қамқор Менеджмент" компаниялар тобында үлесі бар.

Динара Құлыбаева - Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қорының жалғыз құрылтайшысы. Тимур және Динара Құлыбаева "Almex Plus" ЖШС мен "Almex Holding Group" АҚ-на иелік етеді.

Биыл Қазақстанның 50 бай адамдарының ішіндегі ең жасы 33 жастағы Тимур Турлов жетінші орынға тұрақтады. Турлов Freedom Holding Corp инвестициялық тобының негізін қалаушы және иесі болып табылады. 

Қазақстанның ең бай адамдарының алғашқы сегіздігіне Ибрагимовтар отбасы кірген. Олар Eurasian Resources Group компаниясының 20,7% пайыз акциясына иелік етеді. Қазақстанда ағайынды Ибрагимовтардың әрқайсысының жеке бизнесі бар. Сонымен қатар олардың бірлескен кәсіпорындары да жұмысын жалғастыруда. СТК Сокол автодромы және Laggar Group сауда компаниясы Ибрагимовтарға тиесілі. Достан Ибрагимов Ұлыбританияда тіркелген, әлем бойынша баламалы энергетикалық жобаларды жүзеге асыратын Iceberg Power Partners Ltd компаниясының үлесіне ие.

Ал құрамына БТА Банк кіретін “Fincraft инвестициялық үйінің” тең жартысына иелік ететін Кеңес Рақышов Қазақстандағы ең бай тоғызыншы адам. Оның NetElement финтех компаниясында үлесі бар. Өткен жылы кәсіпкер әйелі Асел Тасмағамбетовамен бірге Алматыда "Шоқан Уәлиханов атындағы” жекеменшік мектебін ашты.

Рейтингтің ең кәрі мүшесі 72 жастағы Рашит Сәрсенов биыл заңды түрде өзінің отбасы мүшелеріне кәсіпкерлікті қайта тіркеуді бастады. Ол еліміздегі бай адамдардың алғашқы ондығына енді. Кәсіпкер "Нұрбанк" АҚ акцияларына, "Виктория" сақтандыру компаниясы, "Француз үйі BSB" ЖШС, "Oil Real Estate" ЖШС, Caspian Riviera қонақ үйі, Vita су шығаратын және сататын компания, Түркістан облысындағы Chateau Silk Alley шарап кешеніне иелік етеді. Отбасы сондай-ақ Helios жанармай құю станциялары желісіне, "AltynEx Company" АҚ, "Ақсай нан фабрикасы" ЖШС, "Шахар" телерадиокомпаниясы" ЖШС, Каспий қоғамдық университеті және Алматы құрылыс және менеджмент колледжіне иелік етеді. 

Еске салсақ, Нұрәлі Әлиев биыл он жыл қатарынан Forbes рейтінгіне енген. Алайда биыл Турловтың келуіне байланысты, рейтингтегі ең жас кәсіпкер атанбаған. 

Сонымен қатар, биыл рейтингке Сейсембаевтар отбасы енді. Олар биыл 41-орынға тұрақтады. Марғұлан Сейсембаев - Asadel Partners PEF Pte Ltd компаниясының басқарушы серіктесі, ол арқылы Сейсембаевтар отбасы "Алел Агро" АҚ, "АмалБио" ЖШС, "Fresh Fruit Kazakhstan" ЖШС, "Жетісу Бақтары" ЖШС акцияларына иелік етеді. Оның әйелі Сәуле Сейсембаева "Душечка" ЖШС, "Пост Экспресс" ЖШС және "Ecofish Products" ауылшаруашылық өндірістік кооперативін иемденген. Оның ағасы Ерлан Сейсембаев 2018 жылы OBI құрылыс материалдарының халықаралық желісінің Қазақстандағы алғашқы дүкенін ашты.

Тізімді Эдуард Ким, Бауыржан Исабаев, Еркін Татишев, Ғалымжан Есенов, Эдуард Огай, Қайрат Боранбаев, Айдын Рахымбаев, Нұрлан Смағұлов сынды бірқатар бизнесмендер толықтырды. 

Толық тізімді Forbes рейтінгінен көре аласыз. 

Талқылау