Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2020 жылы өмірден озған танымал қазақстандықтар

2020 жыл адамзат үшін ең ауыр кезеңдердің бірі болғаны сөзсіз. Әлемдік пандемияға айналған коронавирус инфекциясы осы уақытқа дейін 1,62 млн адамның өмірін жалмады. Дәл осы вирустан елімізге танымал біршама адам өмірден озды. Stan.kz тілшісі биыл қайтыс болған танымал тұлғалардың тізімін жасады. 

казак

 

Айсұлтан Назарбаев

Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі Айсұлтан осы жылдың 16 тамызында Лондонда 29 жасында қайтыс болды. Ресми деректерге сүйенсек, өлім себебі - жүрегі тоқтаған.

Айсұлтан 2013 жылдың 31 тамызында шаңырақ көтерген. Оның сүйіктісі "ҚазРосГаз" акционерлік қоғамының басшысы Қайрат Боранбаевтың қызы, әйгілі актер Әнуар Боранбаевтың немересі – Әлима.  Үш жылдан кейін ерлі-зайыптылардың Амели деген қызы одан кейін Сұлтан атты ұлы өмірге келеді.

Айсұлтан Назарбаев 2017 жылы өзінің Facebook-тегі парақшасында есірткіні әкесі Рахат Әлиев өлгеннен кейін қолданғанын мойындаған. Содан кейін Айсұлтан Назарбаев «атасы мен құдіреті шексіз Алланың» арқасында нашақорлықпен күресіп жатқанын мәлімдеген. 

2017 жылдың қыркүйегінде Айсұлтан ақпарат кеңістігінен кенеттен жоғалып кетті. Ол 2018 жылдың соңында желіге қайта келіп, өзін әлдекімдердің күштеп ұстап отырғанын жария еткен. 

Ең қызығы, БАҚ-қа берген сұхбатында Айсұлтан Назарбаевтың немересі емес, ұлы екенін айтты. Айсұлтан атасының әкесі екені туралы марқұм Әлиевтің мұрағатынан білген. Бұл ақпарат ресми түрде расталмаған. 

Пандемия кезінде интернетте Нұр-Сұлтандағы кедейлерге тамақ беріп жатқан жас жігіттің суреттері пайда болды. Пайдаланушылар жігіттің Елбасының немересіне ұқсайтынын жарыса жазған. Бұл туралы Айсұлтан парақшасында тамақ таратқан өзі екенін мойындады.

Америкалық Financial Times газеті Қазақстанның Тұңғыш президентінің немересі Айсұлтан Назарбаев кокаиннің артық дозалануынан қайтыс болғаны туралы арнайы мақала жазған еді.  

Бейсен Құранбек

Бейсен Құранбек

Қазақстандық танымал тележүргізуші, журналист, "Жетісу" арнасының директоры Бейсен Құранбек 18 мамырда көз жұмды. Бұған дейін желілерде Бейсен Құранбектің ауыр дертке шалдыққаны туралы хабар тарап еді. Сол күні қазақ телевизиясы қара жамылып қалды. "Айтуға оңай" ток-шоуымен ел жүрегінен орын алған арда ұлының қазасы халқының қабырғасын қайыстырды. Ауыр дерттен өмірден озған Бейсен Құранбек ендігі жылы 50-ге толар еді. 

Журналистің қазасынын кейін Құранбековтер әулеті тағы да қара жамылды. Осы жылы Бейсен Құранбектің анасы қайтыс болады. Ол ата-әжесінің тәрбиесін көргендіктен, әжесін ана деп өскен. Туған ұлын емірене иіскей алмаған ана баласының соңынан кете барды. Жақындары Зияш деп атап кеткен Ямалиға ана мәңгілік сапарға аттанды. Ямалиға ана 73 жасында дүние салды.

Көп ұзамай Бейсен Құранбектің әкесі қайтыс болды. Құранбеков Абай Жанысбекұлы ұлы мен жарының соңынан мәңгілік мекеніне аттанып кете барды. Марқұмның неден қайтыс болғаны туралы нақты ақпарат жарияланған жоқ. 

Марқұмның отбасы ғана емес, күллі қазақ қайғыдан қан жұтты. Желіде Бейсен Құранбек туралы ізгі естеліктер мен сағынышқа толы жазбалар, хаттар толассыз жарияланып жатты.

Жақсылық үшкемпіров

Жақсылық Үшкемпіров

Грек-рим күресiнен тұңғыш Олимпиада чемпионы, Әлем чемпионы, Қазақстанның еңбек ерi Жақсылық Үшкемпiров  2 тамызда 70 жасында қайтыс болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жақсылық Үшкемпіровтің ауру салдарынан қайтыс болғанын мәлімдеді. Биыл Мәскеу Олимпиадасындағы ерлігiне 40 жыл болып еді. Біртуар азаматтың қазасынан кейін "Тараз-Арена" спорт кешеніне Жақсылық Үшкемпіровтің есімі берілу ұсынылуда. 2019 жылы Жақсылық Үшкемпіровтің өмірі туралы «Жақсылық» көркем фильмі түсірілді.

Кеңес Дүйсекеев 

Қазақстандық танымал композитор Кеңес Дүйсекеев 9 шілдеде бақилық болды. Бұл туралы әнші Бота Бейсенова желіде естірткен еді. Дүйсекеевтің жетекшілігімен “Тамаша”, “Халық - талант қайнары”, “Шабыт”, “Жастарға арналған музыкалық кештер”, “Музыка әлемінде”, т.б. теледидарлық бағдарламалар шығарылды. Саналы ұмырында артына өшпестей із қалдырған композитор - 200-ден астам әндердің авторы. 

Оның артында өшпес мұра, халық жүрегіннен жол тапқан танаымал әндер қалды. "Жан әке", "Қарағым-ай", "Сәлем саған, туған ел", "Өкінбе сен", "Ғашықтар жыры",  "Домбыра туралы баллада" , сынды т.б. көптеген әндердің авторы. 

Берік Исмаилов

Көпшілікке белгілі дизайнер Берік Исмаилов 7 шілде күні қаза болды. Қаралы хабарды әріптестері жариялады. Дизайнер еліміздегі мүйізі қарағайдай өнер жұлдыздарының сахналық киімін дайындап беретін. Белгілі стилист, дизайнер Берік Исмаилов карантин уақытында авторлық маскаларын тігіп, тегін таратқан еді. Маскаларын көпбалалы аналарға, мүгедектер мен аз қамтылған отбасыларға үлестірді. Ол 51 жасында қайтыс болды. 

Берік Исмайлов отандық танымал жұлдыздар: Мақпал Жүнісова, Роза Рымбаева, Меруерт Түсіпбаева, Бағдат Сәмединова, Кәмшат Жолдыбаева, Баян Есентаева, Өмірқұл Айниязов сынды т.б. өнер адамдарына тұрақты түрде сахналық образ дайындап берген. 

Дархан Дайырбек

Дархан Дайырбек

Белгілі актер, көпшілікке комедиялық фильмдердегі жарқын рөлі мен театрдағы өнері арқылы танымал Дархан Дайырбек 8 шілде күні дүниеден озды. Ол "Теріскақпай" театрының актері болып жұмыс істеді. Әнші Айқын Төлепбергеннің сөзінше, өнер майталманы Дархан Дайырбек денсаулығы сыр берген соң ауруханаға өз аяғымен ем алуға барған. Алайда бір тәулікке жетпей туған-туыстарына актердің қайтыс болғаны туралы қаралы хабар жеткен. Ол 52 жаста еді.

устаз

Әбдіғаппар Сманов 

1 шілдеде Сарыағаш медресе колледжінің директоры, белгілі ұстаз Әбдіғаппар Сманов қайтыс болды. Абдуғаппар Шәкірұлының неден көз жұмғаны туралы нақты ақпарат жария болған жоқ. Бір анығы, Сманов 30 маусым күні ауырып, ауруханаға түскен. Оған артериялық қысым, гипертониялық дағдарыс, қант диабеті, пневмония диагнозы қойылған. 1 шілде күні таңғы сағат 8:00-де өмірден озды. Белгілі дінтанушы 50 жасында қайтыс болды. 

Дулат Ағаділ 

25 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласындағы тергеу изоляторында қоғам белсендісі Дулат Ағаділ  қайтыс болды. Ол - әлеуметтік проблемалар және азаматтық құқықты сақтау мәселесін көтеріп жүрген белсенді. Нұр-Сұлтан қалалық полиция бөлімінің баспасөз қызметі Дулат Ағаділге қатысты зорлық-зомбылық фактілері болмағанын, куәландырған тағы төрт адам болғанын, тергеу кезінде мас болғанын атап өткен еді. Өлімнің алдын-ала себебі - жедел жүрек-қан тамырлары жеткіліксіздігі. БАҚ Дулат Ағаділді азаматтық құқықтар мен бостандықтардың сақталуын насихаттайтын белсенді деп атады. Осы жылдың 11 қарашасында Дулат Ағаділдің үлкен баласы небәрі 17 жастағы Жанболат Ағаділді өлтіріп кетті. 

Мұрат Мұқашев

Алматыда Nomad Stunts командасының танымал актері және каскадері Мұрат Мұқашев 5 шілдеде қайтыс болды. Бұл туралы ақпаратты оның досы әрі әріптесі Ерден Төлемісов желіде жариялаған болатын. Оның айтуы бойынша, соңғы үш күнде температурасы көтеріліп, тыныс алуы қиындап, пневмония екені анықтаған.  

Актер, каскадер Ерден Телемісов досы Мұраттың ана дүниедеден сәлем жолдағанын айтып, желіде жазба қалдырды. Оның айтуынша, көшеде бейтаныс қыз жолығып, түсінде Мұрат Мұқашевтың өзіне сәлем жолдағанын жазған. 

Қуандық Шамахайұлы

Осы жылы СOVID-19 инфекциясынан ажал құшқандар қатарында журналист-жазушы Қуандық Шамайханұлы 29 маусым күні көз жұмды. Бірақ оның қайтыс болардан 2-3 сағат бұрын жазылған желідегі жазбасы көпшілікті алаңдатып қойды. Желідегі жазбасында қастандық шығар деп күмәнданатынын жазған. 

"Шырт ұйқыда жатыр едім сағат 2.00-де дəрігер мен медик жігіт келіп қағазға қол қойдырды да кетті. Сəлден кейін меджігіт келіп аузыма бір ақ дəрі салды да су ішкізді. Менен басқасына бермеген. Не зат десем вирустан сақтайды дейді. Қастандық шығар деп күмəндімін", - деген жазбасы желі оқырмандарын бей-жай қалдырмады. 

Журналситің жары қастандық жасалғанын алға тартуда. Марқұмның жағдайы соңғы уақытта күрт нашарлап, ақыры жүрегі шыдамай қайтты депті дәрігерлер. Алайда, туыстары бұл айтқандарына сенбей отыр. 

 

Дайындаған: Жанна МӘЛІК

 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр