Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2020 жылдан бастап табысы күнкөріс деңгейінен төмен адамдарға кепілсіз несие берілмейді

2020 жылдың бірінші қаңтарынан бастап табысы күнкөріс деңгейінен төмен адамдарға кепілсіз несие берілмейді. Бұл турасында апта басы Үкіметте өткен жиында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мәлімдеген еді.

Бас банкирдің айтуынша қазір заңнамаға тиісті өзгеріс енгізу мәселесі қарастырылып жатыр екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Яғни бұған дейін табысы 29 мыңнан төмен тұлғалар банктен кедергісіз кредит алып жүрген болса, енді ондай мүмкіндіктен қағылады. Себебі, ұлттық банктегілердің пайымынша кепілсіз несиені алушылар көп, ал қайтарушылар аз. Кредиттің портфелі болса жыл сайын милиардтап өсіп жатыр.

Миллиард демекші осынау қыруар қарыздың бір парасы банктерде емес, онлайны бар, басқасы бар шағын несие ұйымдарына тиесілі.  Айтпақшы құрығы ұзын мемлекеттің осыларға келгенде қолы қысқарып қалатынын жұрт айтып жүр. Енді, аталған өзгеріс микрокредиттік ұйымдарға қалай ықпал етеді? Қараша халықтың қалтасы қағыла бере ме, әлде жөн жосықсыз кредиттің құрсауынан құтылар күн туа ма?

«Кепілсіз несие ол құйрықсыз жұлдыз. Оны ұстай алмайсың!» дейді қаржы саласының мамандары. Себеп біреу. Қарашаға көп таратылғанымен, қайтарымы бола бермейді. Әлі келгені берешегін өтейді. Келмегені...

«Оны бәрібір мемлекет бюджеттен жабады деп жүре береді».

Есесіне, қаржы ұйымдарының есебі түгел!

Елде осы жылдың сәуір мен тамыз айы аралығында ғана банктердің кредиттік портфелі 750,9 млрд теңгеден 13,2 трлн теңгеге дейін жеткен.

Мәселені шешу үшін Ұлттық банк мынадай ұсыныс тастады. Табысы  төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтындарға  кредит берілмейді. Яғни жалақыңыз 29600 теңгеге жетпей ме, несиеден үміттенбей-ақ қойыңыз!

«Осы жылдың соңына дейін Ұлттық банк кредит беру барысын реттейтін арнайы тетіктеді қарастырады. Ол бойынша кепілсіз несиені қайтару мерзімі 90 күннен асып кеткендер мен жалақысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейтіндерге қатысты  арнайы шаралар қабылданады.

«Шағын ғана жалақы алып отырған адамның жалақысын одан сайын төмендетеді, баға өсіп жатыр. Бұл деген сол топтың одан әрі кедейленуіне алып келеді.Ол деген сөз оның үкіметке деген сенімі, өзіне деген сенімі, айналадағы ортаға деген сенімі жоғалады. Яғни не істесе де бұл қандай Үкімет ол неге маған бермейді деген саясат», - деді әлеуметтанушы Манси Садырова. 

Қаржы саласы мамандарының тарапынан қолдау тауып жатыр. Айтуларынша елдегі банктер беталды несие таратуды қойып, әйтеуір негізгі функцияларына  бет бұратын болды ау!  

«Жалпы, айта айта Алтайды. Әнші апай қартайды дейді ғой. Сол сияқты біз экономисттер шаршадық! Неден? Екінші деңгейлі банктердің ең негізгі қызметі не? Шынайы экономиканы қаржыландыру. Шағын орта бизнесті, кәсіпорындарды. Ал бізде мынау бір оңай жолы да активтерді ұлғайтудың, апарады да тұтынуға бере салады, апарады да тұтынуға бере салады", - дейді экономист Жангелді Шымшықов. 

Банктердің мәселесін пысықтап алдық! Енді микрокредиттік ұйымдарға ойыссақ!

Көшеде кейде байқайсыздар ма, жылтың-жылтың еткен жарнамаларды. Иә, қазір кредит алу үшін баяғыдай банк жағалаудың қажеті жоқ! Несиеңді қолыңа өздері әкеп береді. Бар-жоғы 15 минутта».
Ұсыныс тартымды! Шарттармен танысайық!

«Біз 10 мыңнан 100 мыңға дейін несие береміз. Құжаттардан тек жеке куәлігіңіз қажет».

40 мың теңгені есептетіп көрдік. 21 күнде 60080, 15 күнде 54400 тг етіп қайтарады екенсіз!
Пайыздық мөлшерлеме шамамен үш аптаның айналасында 15-20 мың теңгеге дейін өседі деген сөз! Аз ақша емес. Бірақ, бұдан сорақысы онлаин берешектер болып тұр! Өйткені оны рәсімдеу үшін тіпті, үйден шығудың да қажеті жоқ! Сәйкесінше осы бәлекеттердің де клиенттері көп!  2018 жылы бұл саладағы қаржы айналымы 60 млрд теңгеге жеткен. Саладағы былықта азаяр емес.

«Сіз бір ай көлемінде төлейсіз деді. Бір ай көлемінде 22 700 болады деді.Мен бір айдан кейін бардым 22 мың төлеуге. Барсам ол жерде 34 800 теңге шығып тұр. Айтсам, сіздікі өсіп кеткен договорды жөндеп оқып алмайсыз ба дейді. Мен договорды жөндеп оқығанмын. Басқалардан сұрасам ол компания сені алдаған дейді», - дейді тұрғын Абзал Сапарбай.

Сонымен Ұлттық банктің жаңа талаптарына жүгенсіз кеткен бұл кредиттік ұйымдар ше? Бағына ма?

«Кредитті онлаин түрде беретін ұйымдарда осы ережеге бағынады. Олар 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ұлттық банктің тіркеуінен өтуі керек. Бұл дегенің енді оларда қадағалауда болады және Ұлттық банк қарастырған ережелер мен талаптарды орындайды деген сөз!», - дейді Ұлттық банк департаментінің директоры Дәурен Сәлімбаев. 

Бірақ әзірге оны орындау тетіктері қандай болатыны белгісіз! Анығы бұл шаралардың мемлекетке ғана емес, қарапайым тұрғындардың да әлеуметтік тұрмысына белгілі бір деңгейде әсер ететіні сөзсіз! Өйткені..

«Жөнсіз, жосықсыз, есепсіз ақша үлестіру деген орын алып кетті. Ал, нәтижесін біз басқа тұрғындар көріп отырмыз. Нан бағасы қымбаттай ма? Қымбаттады! Ет бағасы қымбаттады ма? Қымбаттады! Тіпті отыз пайызға дейін көтерілді», - экономист Жангелді Шымшықов. 
 

Талқылау