2 жасар інісінің көзінше: Жезқазғанда ер адам 17 жастағы қызды ұрлап әкетіп, зорлап тастаған
Жезқазғанда 17 жастағы қызды ұрлап әкетіп, зорлап тастаған. Бұл кезде оның жанында 2 жасар інісі болған екен. Бұл туралы заңгер Әбілда Әбдікәрімов Facebook желісінде жазды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Әбілда Әбдікәрімовтың сөзінше, оқиға 10 маусымда орын алған. Сол күні 17 жастағы қыз 2 жасар туыс інісін балабақшадан алып бара жатқан. Осы кезде ер адам оларға тап беріп, күштеп көлікке отырғызып, пәтерге алып келіпті. Артынша қыздың басынан ұрып есінен тандырып, зорлап тастаған. Бұл уақытта бүлдіршін олардың жанында болған екен. Ер адам оның бетін көрпемен жауып қойыпты.
Ертесі күні ер адам бүлдіршінді балабақшаның маңында қалдырып, қызды қорқытып Теректіге түнеуге алып кетеді. Арада бір күн өткеннен кейін олар Жезді аулына барып түнеген.
Заңгердің айтуынша, қызды зорлаған ер адам – құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкері.
«Ата-анасының Сәтпаев және Жезқазған полициясына бірнеше рет шағымданғанымен, нәтижесі болмады. Сәтпаев қаласының прокурорына да жүгінді. Бірақ нәтижесіз болды. Ата-анасы менің қатысуыммен Жезқазғанның жаңа прокуроры Асығат Ахметовке жүгінді. Ал 26 қыркүйекте облыс прокурорының жеке қабылдауында болдық», - деп жазды Әбілда Әбдікәрімов.
Заңгер оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің «Адам ұрлау», «Заңсыз бас бостандығынан айыру» және «Дәрменсіз күйін пайдаланып зорлау» баптары бойынша қылмыстық іс қозғауды сұрайды.
Ал Stan.kz ақпарат агенттігіне оқиғаға қатысты пікір білдірген Қарағанды облыстық полиция департаментіндегілер аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің "Зорлау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Тиісті сараптамалар тағайындалған. Соның нәтижесінде нақты процессуалдық шешім қабылданады, дейді ведомстводағылар.