Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үйлері “қызыл сызыққа” түскен Алматы облысының тұрғындары қайта бас көтерді

Алматы облысының Қарасай ауданында үйлері қызыл сызыққа түскен тұрғындар қайта бас көтерді.

2780131

Бұл шудың басталғанына 4 жыл болды. Бір кездері мәселеге облыс әкімдігі араласып, оң шешім жасаймыз деп уәде еткен, деп хабарлады 31 арна. 

Алайда бір жыл бұрын Кемертоған ауылының бас жоспары қайта даярланып, мәселе одан сайын ушықты. Енді қызыл сызықта тұр деген желеумен жүзден астам үй бұзылудың алдында тұр.

Ауылда аз уақытта 600-дей баспана бой көтеріп, халық саны 3 мыңнан асты. Екі жыл бұрын жер телімін алып үй салған Амангелді Тілепов те жол мен үйдң арасын қайта-қайта адымдап өлшейді.

«5 метр жер берсек, есігіміз ашылмай да қалады. Үйді балалардың аузынан жырып бар ақшамызға енді ғана салып болдық. Оны қайта бұзуға обал ғой», – дейді ол.

2016 жылғы бас жоспарға сәйкес ауыл көшесіндегі жол 15 метрге кеңейген.

Қарасай ауданының 47 елді-мекенінің 45-інде 2014 жылға дейін бас жоспар болмаған деген әкімдік өкілі бұл жоспардың 2025 жылға дейін өзгермейтінін айтады.

Кемертоғанда салынған 211 үй бұзылады дегенде халық бас көтеріп, ақырында 86 үй аман қалып 125 үйді бұзылады деп шешілген.

«Қалай түсінбейсіз? Жеріңіздің ақшасын аласыз. Ал құрылыс ақшасын ала алмайсыз», – дейді Қарасай ауданы Сәулет басқармасының бас маманы.

Тұрғындардың үрейін одан ары үдеткен әкімдік өкілі мәселе тек сот арқылы шешіледі дейді.

Ал үйлерінің құжаты жоқ, құжат рәсімдеу үшін жер телімінің мақсатын өзгертуі тиіс халық ауыл ішіндегі жол үшін жер беруге де даяр. Бірақ үйімізді бұзбаса екен дейді.

Талқылау