17 жастағы танымал тиктокер қызды сезіміне жауап бермегені үшін сталкер атып өлтірген
Фото: instagram.com/sanayousaf22
Исламабадта 17 жастағы блогер қыз туған күнінен кейін кісі қолынан қаза тапты. Қызды өлтірді деген күдікпен 22 жастағы жігіт ұсталып, сот алдында жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі AP News-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Күдікті – Омар Хаят та TikTok-та контент жасайтын блогер. Оны Пенджаб провинциясындағы Фейсалабад қаласында Исламабад полициясы ұстаған.
Телеарналар көрсеткен бейнежазбаларда Хаятты беті жабулы күйде сотқа жеткізілгенін көруге болады. Сотта полиция тергеуді толық аяқтап, ресми айып тағу үшін қосымша уақыт сұрады.
Судья істі қайта қарау үшін Хаяттың сотқа тағы келуі туралы қаулы шығарды.
Оған әлеуметтік желілерде миллионнан астам оқырманы болған Сана Юсуфты өлтірді деген айып тағылды. Таяуда Исламабадта болған бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Сана Юсуф – Пәкістанның Читрал өңірінің тумасы. Ол – TikTok-тағы видеолары арқылы читрал дәстүрлі музыкасы мен киімдерін насихаттап, танылған бьюти-блогер.
People желілік басылымының жазуынша, тиктокер қызды 17 жасқа толған туған күнінен кейін Исламабадтағы үйінде атып кеткен. Күдікті Омар Хаятты қыздың үйінің маңында сағаттап жүретінін көргендер болған.
Билік өкілдерінің айтуынша, Омар Хаят Сана Юсуфтың үйіне кіріп, екі рет оқ атып, телефонын ұрлап, оқиға орнынан қашып кеткен. Оған қыздың "достық ұсыныстарын" қабылдамағаны себеп болған. Полиция оның бірнеше рет Сана Юсуфпен кездесуге тырысып, бірақ бұл әрекеті сәтсіз аяқталғанын мәлімдеген.
Сана Юсуфтың әкесі Сайед Юсуф Хассан BBC-ге берген сұхбатында қызының жалғыз перзенті екенін және өте батыл қыз болғанын айтқан. Әкесінің айтуынша, Сана бұрын бұл жігіт жайлы немесе қандай да бір қауіп төндіріп жүрген адам жайлы ештеңе айтпаған. Оқиға кезінде үйде болған Сана Юсуфтың әпкесін де күдікті атып өлтіремін деп қорқытқан.
Айта кетейік, қайғылы жайттан бірнеше сағат бұрын блогер қыз достарымен бірге туған күнін атап өтіп жатқан сәтінен видео жариялаған. Қайғылы хабар тараған соң оның парақшасына мыңдаған адам көңіл айтып, пікір қалдырған. TikTok-тағы жазылушылар саны бір түнде бірнеше жүз мыңға артып, 1 миллионнан асқан.
Сана Юсуфтың қазасы туралы жаңалықтар Пәкістанда жылдам тарап, әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланды. Бұл оқиға әйелдердің әлеуметтік желілердегі қауіпсіздігіне қатысты қызу пікірталасқа түрткі болды.

“Келін қылып алатын қыз”: Желіде қазақша ән айтқан португалиялық ару қазақстандықтарды тәнті етті
