Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"17 бала суға кетті": Қызылордада жабайы жағажайлар ажал алаңына айналып отыр

Қызылорда облысында суға шомылу кезінде көз жұмған тұрғындардың саны артып барады. Жыл басынан бері 28 адам тұңғиыққа кетсе, оның 17-сі кәмелетке толмаған балалар. Қайғылы жағдайлардың басым көпшілігі жабайы жағажайларда орын алған. Билік басындағылар облыс орталығынан барлық қауіпсіздік ережелері сақталған, тиісті жағдайлары жасалған жағажай ашуға уәде берген еді. Алайда әлі күнге дейін арнайы тынығу мекемесі жұмысын бастамады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

жағажай

Қызылорда қаласының тұрғыны Сабира Смағұлова 4 баланың анасы. Жазғы демалыс кезінде балалары суға шомылып, ыстық күнде сергіп алғылары келеді. Дегенмен, жас ана балаларын дария жағасына жіберуге қорқады. Оның орнына ақылы демалыс орталықтарына апарып, бассейндерге шомылдырады. 

"Қазіргі жағдай белгілі ғой. Көп отбасыларының балаларын бассейндерге апаратын мүмкіндіктері жоқ. Барлық жерде қызмет ақысы қымбат. Сол себепті біздің қалаға тиісті жағдайлары жасалған, бағасы қолжетімді жағажай керек деп ойлаймын. Сол кезде суға кетушілердің де қатары азаяр еді", – дейді қала тұрғыны.

Қазіргі таңда облыс территориясынан Сырдария өзенінің 1274 шақырымы өтеді. Мұнан бөлек, 19 ірі канал, 220 шағын каналдар және 207 көл бар. Төтеншеліктер аймақта 64 қауіпті учаске анықталғанын айтып отыр. 

"Өкінішке қарай, суға түсу маусымында көз жұмғандардың саны артып отыр. Бүгінде 28 адам су айдынында көз жұмса, оның 17-і балалар. Жақында ғана Жаңақорған ауданы Көктөбе ауылында қайғылы жағдай орын алды. 33 және 13 жастағы екі тұрғын Келінтөбе магистралды каналына құлап кетіп, бақилық болды. Құтқарушылар іздестіру жұмыстарын жүргізіп, марқұмдардың денесін туыстарына тапсырды. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірақ нақты нәтижеге қол жеткізе алмай отырмыз", – деді Қызылорда облыстық ТЖД бастығының орынбасары Саид Молдақараев. 

Жағажай ашу мәселесіне қатысты Қызылорда қаласы әкімдігі түсініктеме берген еді. Бүгінде жағажай ашылатын орын нақты белгіленген. Тиісті тазалау жұмыстары жүргізіп жатыр дейді мамандар. 

"Қала орталығындағы жағажай шілде айының алғашқы онкүндігшінде ашылады деп жоспарлануда. Қазір жағажайдағы су мен топырағынан тиісті сынамалар алынды. Сараптама нәтижесін күтіп отырмыз. Коммунальдық жағажайдың қызметі тегін болады. Тиісті керуеттер, био әжетханалар мен киіс ауыстыру орындары болады", – деп мәлімдеді Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Талқылау