Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бұрынғы қызынан сыйлықтарын ақшалай өндіріп алғысы келген түркістандық әскери жігіт арызды қайтарып алды

Таяуда түркістандық әскери жігіт өзінің бір жыл қарым-қатынаста болып, кейін айырылысып кеткен қызынан сыйлықтарын қайтарып беруді сұраған. Қажет соманы қайтара алмаған соң ол сот арқылы ақша өндіріп алуды ұйғарған. Заңгер Қайырхан Балғабеков Stan.kz тілшісіне 2 айға созылған істің мән-жайын айтып берді.

Фото: copilot.microsoft.com / Жасанды интеллект

“Бүгін сотта талапкер өз арыз-шағымынан бас тартты. Неге десеңіз, қыз бен жігіт арасында хат алмасу болған. Қайта-қайта қызға хабарласып, қызға ақшаны бер деп мазасын алған. Қыз қорыққаннан кейін қайтарамын деп жауап берген. Жігіт бірден осы жағдайды пайданаланып, екеуі арасындағы жазбаны скриншот жасап, нотариалды түрде заңдастырып алған. Азаматтық кодекске сәйкес, мына нәрсені ескеру қажет. Себебі нотариалды қағазды сотқа дейін беру керек деген шарт бар. Ал ол сот ісі қаралғанға дейін берілмесе, дәлел ретінде қабылданбайды”, – деді заңгер Қайырхан Балғабеков.

Заңгер соңғы сот отырысында судьяға жігіттің ұсынған фактілері дәлелдеме ретінде қабылданбауы керек екенін айтқан. 

“Менің сөзімнен кейін талапкердің адвокаты арызды кері қайтарып, тағы шағымданамыз деді. Бұдан кейін судья шешім шығарудан үзілді-кесілді бас тартты. Егер қыз арызданбаса, сотқа дейін жігітке жіберген 700 мың теңгеге жуық ақшаны өндіріп ала алмайды. Ал қыздың сотқа шағымдануға қауқары да, ниеті де жоқ. Қазір жігіт Түркістан облысындағы әскери бөлімдердің бірінде лауазымды қызмет атқарады, офицерлік құрамда. Қыздың ісі сотта қаралған кезден бастап қатты күйзеліске түсті. Соның өзінде эмоцияға берілмей, сұрақтарға нақты жауап беріп отырды. Судья біздің пайдамызға өкілдер шығынын, яғни 150 мың теңге өндіріп берді”, – деді заңгер.



Еске салайық, бұған дейін түркістандық жігіт бір жыл бойы жүріп, кейін айырылысып кеткен қызынан кек алуды жоспарлағанын жазған едік. Ол бұрынғы қызымен жүрген 1 жылдағы онлайн аударған ақшаларын қайтарып беруді, мұнымен қоймай айыппұл төлеуді талап еткен. Қыздың реми өкілі Қайырхан Балғабеков аруларға сүйіктісінен ақшалай сыйлық алмауға кеңес берді.

Талқылау