Air Astana жолаушысы ұшақта тұншығып қала жаздаған: Оның үстінен бұзақылық жасады деп іс қозғалды
68 жастағы Алматы тұрғыны Air Astana ұшағында өзін агрессивті ұстады және әдепсіз сөздер айтты деп айыпталды. Қарт адам сотта өзін қорғауға мәжбүр болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Air Astana баспасөз қызметі
Оқиға маусым айының басында болған. Оқиға болған күні "Эйр Астана" бортындағы жолаушыларға бір жарым сағат бойы ұшақтан шығуға рұқсат етілмеген. Жолаушылар арасында 68 жастағы Вячеслав Югай мен оның әйелі болған.
"Олар қозғалтқышты 1,5 сағат бойы іске қоспақ болды. Сол сәтте салондағы ауаны баптау және желдету жүйесі жұмыс істемеді. Әуе кемесінің командирі мен бортсеріктерінен ешқандай ақпарат болмағандықтан, жолаушылар арасында дүрбелең басталды. Әйелім екеуміз тыныс алуы қиындаған қарт адамдармыз. Борттағы жолаушылардың барлығы әуе кемесінің командирінен нұсқау күтті. Аға бортсерік онымен телефон арқылы байланыса алмады. Сосын мен ұшқыш кабинасының есігін қағуға мәжбүр болдым", – деді қария сотта.
Содан кейін ғана кеме командирі есікті ашуға рұқсат берген. Алайда жолаушының әрекетіне қатысты ұсақ бұзақылық үшін әкімшілік іс қозғалды.
Хабарламада ер адамның бортта әуе компаниясының қызметкерлеріне агрессивті әрекет жасағаны және әдепсіз сөздер айтқаны жазылған. Ол қоғамдық тәртіпті бұзбадым деп, өз кінәсін мойындамады.
"Іс материалдарында құқықбұзушылықтың болғанын растайтын дәлелдер жоқ. Вячеслав Югайдың кінәсін растайтын басқа да дәлелдер анықталған жоқ. Бейнежазбада оның қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын әрекеттер жасамағаны анық көрінеді", – деді сот.
Нәтижесінде Алматы тұрғынының ісі қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды.
Айта кетейік, бұған дейін Air Astana әуекомпаниясы кейтерингті Алматы әуежайындағы ұшақты зақымдады деп айыптаған еді.