"14 жасынан бері ММА жекпе-жектерінің чемпионы": Шымкентте әскердегі сарбаз бес күннен кейін өзіне қол жұмсамақ болды
Әскерге барғанына бес күн өтпей жатып тағы бір сарбаз өз өзіне қол жұмсамақ болды. Оқиға Шымкент қаласындағы әскери бөлімде болған. Отан алдындағы борышын өтеу үшін барған жігіттің анасы ұлының мұндай қадамға өздігімен барғанына сенбейді. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі Aibat-қа сілтеме жасап хабарлайды.
Әскерде өзіне қол салмақ болған жігіттің анасы ұлының өзін көмекке шақырғанын айтады.
"Балама хабарласып едім, “анашым, келші” деді де, басқа ешнәрсе айтпады. Ол бала өз-өзін өлтіретіндей емес, 14 жасынан бастап MMA жекпе-жектерінің чемпионы. Республика бойынша иеленген алтын медальдері қолымызда тұр", – дейді жас сарбаздың анасы Гүлнәр Қозыбағарова.
Қозыбағарова баласын әскерге 23 сәуірде жіберген. Ал арада апта болмай бөлімшеден ұлыңыз суицид жасамақ болды деген хабарды естіп, содан бері Шымкентте жүр. Себебі өз өмірін қиғысы келді деген сарбаз қазір психологиялық диспансерде жатыр.
- Жамбыл облысындағы сарбаздың өлімі: Күдіктінің кім екені анықталды
- Талдықорғанда 19 жастағы сарбазды айуандықпен өлтіргендерді полиция іздестіріп жатыр
- "Алдап шақырып алды": Маңғыстау облысында әскери жаттығуға қатысқан запастағы әскери азаматтар наразылыққа шықты
"Бар болғаны бес күннің ішінде оның психологиясы қалай нашар болып шыға келеді?! Маңғыстаудағы бала үш күннен кейін қайтыс болды. Менің балам бес күнде өлуі қажет пе?!" – дейді жас сарбаздың анасы.
Ал әскери бөлімнің қызметкерлері Қадыр Рыскелдінің мұндай қадамға баруын сарбаздың өзінен көріп отыр. Оны психиятриялық ауруханаға жатқызуға шешімді психологтар қабылдайды дейді олар.
"Бала әскерден жалтару үшін түрлі жолдарын іздестіріп жатыр. Бізге басқа нәрсе айтса, анасына мүлдем бөлек әңгіме айтады. Осылайша екі жақты да бізге қарсы қойып отыр. Қазір бала ауруханада жатыр, сол жақта дәрігерлер оның шынымен өзіне қол жұмсауы мүмкін екенін немесе өтірік істеп жүргенін анықтайды", – дейді полковник Нүркен Қарағұлов.