Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"14-16 жастағы балалар жазасын өтеп жатыр": Әнші Бүркіт түрмедегі жастармен кездесті

ҚР еңбек сіңірген әртісі, әнші Бүркіт тура жолдан тайып, есірткі тасыған жастармен жолығып, болашақтағы өмірлеріне сәттілік тіледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скриншот

Алматы прокуратурасы әншінің түрмедегі жас балалармен кездескен сәтін әлеуметтік желіге жариялады. 

“Есірткеге жол жоқ! Кішкентайынан бастап, балалардың құлағына құя беру керек! Обал-ай! Қандай жас балалар отыр түрмеде. Жеңіл ақша қуған түбі осындайға әкеліп соғады. Абай болыңыздаршы. Әсіресе, ұлдарға көп көңіл бөлу керек екен”, – деп жазды өнер иесі. 



Сондай-ақ әнші әр баламен сөйлесіп, ақыл-кеңесін айтты. Балалардың біреуі колледжде оқып жүргенде ақшадан қысылып, жаман әрекетке барғанын жеткізді. Әңгіме барысында олар істеген қылмысы үшін өкінетінін жасырмады.

“Бұл әрине сіздердің өмірлеріңізде өзгертуге келмейтін кезең. Бірақ ертең босап шыққан соң, осыны ұмытып, жаңа өмір бастауға тырысыңдар. Қатарластарыңа бұл дертке жоламасын деп ақыл айтыңдар, аман болыңдар! Өте өкінішті, бәрі біздің қазақтың жап-жас балалары. Өте ауыр қылмыс үшін 14, 16 жастағы балалар жазасын өтеп жатыр. Олар есірткіні жерден көріп, қалтасына салғаны үшін ғана 3-7 жыл арқалап отыр. Жастар, ұл-қыздар, бұған жоламаңдар! Ешқашан есірткі қолданбаңдар, оны таратпаңдар", – деп ақыл айтты өнер иесі. 

 

Талқылау