"120 мың теңге қарызды 450 мың етіп қайтартқан": Алты қазақстандық микроқаржы ұйымы клиенттерінен заңсыз пайда көрген
Алматыда микроқаржы ұйымдары клиенттерінің қарызын бірнеше есе өсіріп, кепілдік шарттарын жасауға мәжбүрлеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматы қаласы бойынша қаржы мониторингті агенттігі микроқаржы ұйымдарының заңсыз әрекеттерін әшкереледі.
“Creditum” МҚҰ, “Sofi Finance” МҚҰ, “Hava Finance” МҚҰ, “SF Offline” МҚҰ, “POS Credit” МҚҰ, “Сәлем Кредит” МҚҰ басшылығына қатысты алаяқтық және заңсыз кәсіпкерлік қызмет бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
Микроқаржы ұйымдары төлемі кешіктірілген қарыз алушыларды "KOKE.KZ", "TENGO.KZ", "HAVA.KZ" платформалары арқылы серіктес компаниялармен кепілдік шарттарын жасауға мәжбүрлеген. Бұл ретте кепіл берушінің жауапкершілігі тек қарыз алушы қайтыс болған жағдайда ғана күшіне енген. Аталған қызмет үшін бастапқы несие сомасынан бірнеше есе асып түсетін төлемдер алып, азаматтарды қарызға батырған.
Нәтижесінде қарыз алушылар несиенің бастапқы сомасынан 3-5 есе көп төлем жасауға мәжбүр болған.
“Қарыз алушы Ш 120 мың теңге несие алып, негізгі қарыз бен пайыздарды қоспағанда тек кепілдік үшін 446 мың теңге төлеген. Осылайша, микроқаржы ұйымдарының негізгі табысы жалған кепілдік шарттары бойынша төлемдерден жасалған. Аталған заңсыз әрекеттерден жалпы сомасы 30 миллиард теңге шығын келген”, – деп мәлімдеді қаржы мониторингі агенттігі.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда бір микроқаржы ұйымы лицензиясынан айырылған еді.