"12 құс фабрикасы жабылды": Сарапшы елімізде тауық еті мен жұмыртқа бағасы өсетінін мәлімдеді
Елімізде тауық еті мен жұмыртқа шығаратын 12 құс фабрикасы өз жұмысын тоқтатқан. Бұған жұмыртқаға берілетін субсидия мен құс жемінің қымбаттауы себеп болып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Informburo.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Осы уақытқа дейін Ресейден қосымша экспортталған өнімдер де алдағы уақытта тоқтауы мүмкін. Ал, бұлай жалғаса берсе, сәйкесінше тауар құны да аспандайтыны сөзсіз дейді мамандар. Ресейдің ауыл шаруашылық министрлігі жұмыртқа мен құс етін экспорттауды толықтай тоқтату туралы хабарлаған. Өйткені көршілес елдің өзінде тауардың бұл түрі де бірден қымбаттай бастапты. Ал құс тұмауынан кейін он жылдан астам Қытайдан тауық етін алмаған біздің елге бұның да салқыны тиеді, дейді мамандар. Себебі өзіміздің ішкі өнім нарықты толық қамти алмайды. Тіпті мемлекеттен жұмыртқаға берілетін субсидиясы алынып, отандық жемнің де құны өскен. Осы орайда елімізде алты жұмыртқа өндіретін, алты тауық етін өндіретін фабрика өз жұмысын тоқтатыпты.
“Енді бүгінгі күнде жұмыртқа өндіретін құс фабрикалар өндірісі азайып отыр. Қазан айында былтырға қарағанда 70 мың жұмыртқа аз берді. Осы айда да оданда көп 200 мыңдай жұмыртқа аз беріп отырмыз. Мысалы, мынау Бурабайда осы Ақмола облысында үлкен құс фабрикасы 3-4 жыл болды тұр. Құс өндірушілер одағының басшысы Шығыс Қазақстан облысында қазір бір де бір фабрика жоқ дейді. Сәйкесінше, ол жаққа тауық еті мен жұмыртқасы еліміздің өзге өңірлерінен жеткізіледі екен”, – дейді Қазақстан құс өндірушілер одағының президенті Руслан Шәріпов.
Бүгінде дүкен сөрелеріндегі жұмыртқалардың бағасы негізінен салмағына қарай қойылады. Мәселен, 55 граммнан басталып, 65 граммға дейін жетеді екен. Демек бұларға 15 пайыздан, 20 пайыз аралығында бағалары қосылады. Тұтынушы 10 дана жұмыртқаны шамамен 500 теңгеге алады.
“Тиімді емес енді. Кішкене арзандатса болады. Неге? Өйткені ет алуға көбінің шамасы жоқ қой, өте қымбат. Ана жұмыртқаны жей салады. Түсіру керек, әрине. Қарапайым адамдар не істеуі керек”, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Сұлу Үйсенбаева.
Қазіргі уақытта елімізде шығатын жемнің де құны көршілес елдерге қарағанда әлдеқайда қымбат. Оның жарамдысын таңдап, сұрыптап алудың өзі қиын деп отыр мамандар. Айта кетейік, бұған дейін үкімет басшысы Әлихан Смайлов республикалық бюджет мүмкіндіктерінің шектеулі болуына байланысты қазіргі уақытта тағамдық жұмыртқаны субсидиялауды қайта бастау мүмкін еместіген айтқан еді.