"111 Аманат": Қазақстанда әйелдер мен балалардың құқығын қорғайтын байланыс орталығы ашылады
Қазақстанда әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған біріңғай байланыс орталығы ашылмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ашық НҚА порталында "Байланыс қызметтерін пайдаланушылар үшін қосылуы тегін болып табылатын шұғыл медициналық, құқық қорғау, өрт, авария және басқа да қызметтердің тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 3 қыркүйектегі № 929 қаулысына толықтыру енгізу туралы үкімет қаулысын қоғамдық талқылауға ұсынды.
“Көрсетілген қаулымен бекітілген байланыс қызметтерін пайдаланушылар үшін қосылуы тегін болып табылатын шұғыл медициналық, құқық қорғау, өрт, авария және басқа да қызметтердің тізбесі мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 10-жолмен толықтырылсын: Отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі "111 Аманат" байланыс орталығы”, – делінген құжатта.
Ресми құжат 18 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылауда болады.