Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

102 жастағы әже ұзақ өмір сүруінің құпиясымен бөлісті

АҚШ-тың 102 жастағы тұрғыны Перл Тейлор әлеуметтік желіде ұзақ өмір сүруінің құпиясы мен ақыл-ой қабілетін сақтау үшін не істейтінін айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Insider басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Insider

Американың Огайо штатындағы Дейтон қаласында тұратын кубалық әже өзінің немересі басқаратын TikTok әлеуметтік желісінде дұрыс тамақтану және тері күтімі бойынша кеңестерімен бөлісіп отырады. Кейуана түсірген соңғы бейнелердің бірі миллионға жуық қаралым жинады. 

Тейлор ұзақ өмір сүруінің басты құпиясының бірі ретінде өңделген тағамдардан бас тартуды ұсынды.

"Мен тек табиғи өнімдерді және вегетариандық тағамдарды тұтынамын. Әдеттегі америкалық таңғы асқа - папайя, банан, квиноа, зығыр және күріш ұнынан жасалған гриль құймақтарын жеймін. Түскі ас ішпеймін, бірақ кешкі асқа міндетті түрде ямайкалық күріш пен бұршақ жегенді ұнатамын", - деді қария. 

Сонымен қатар, ол күн сайын нөлдік калориялы спорттық сусындарды, жарты литрлік бөтелкемен минералды су және бір кесе кофеинсіз кофе ішеді. Ал ас қорыту жүйесін тұрақты ұстау үшін пробиотик қабылдайды. Ал кешкі ас алдында Тейлор алоэ тамырынан, балдыркөктен, ақжелкеннен, зімбірден жасалған және қант қосылған сусын ішеді. 

Тейлор белсенді өмір салтын ұстанып, аяғының бұлшықеттерін күшейту үшін жеңіл жаттығулар жасайды. 

"Аяғымды көтеріп, сол қалыпта төрт-бес секунд ұстаймын. Әр аяққа он рет қайтара осы жаттығуды жасаймын", - дейді ол. 

Жүз жастан асқан кейуана медитациямен де айналысады. Ол осылайша, денедегі ауырсынудан құтылады. Әр демалыс сайын Walmart дүкенін аралайды. 

Тейлор зәйтүн майы мен эпсом тұздары қосылған ваннаға шомылатын көрінеді. 

"Ол менің терімді нәрлендіріп, тегіс етеді", - деді ол. 

Сонымен қатар, қарт әже теріс ойларға берілмеуге тырысатынын атап өтті. 

"Басқаларды жақсы көру үшін, өзіңді жақсы көріп үйрену керек. Көбіне саяси жаңалықтарды бақылаймын. Әсіресе саяхаттауды ұнататындықтан барғым келетін елдерді зерттеу үшін әлем картасын зерттеймін", - дейді ол.

Талқылау