"1 миллиард теңге жымқырған": Қарағандыда ломбард филиалының бұрынғы директоры ұсталды
Қарағандыда мемлекетаралық іздеуде жүрген ломбард филиалының бұрынғы директоры ұсталды. Ол өзгенің мүлкін иемденіп, талан-таражға салды деп күдікке алынған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: njt.ru
Ішкі істер министрлігінің дерегінше, қарағандылық ер адам Шымкенттегі ломбард филиалының директоры бола тұра, ол сыбайластарымен бірге 1 миллиард теңге көлеміндегі компанияның қаражатын жымқырған.
Бұдан бөлек, Алматыда криминалдық полиция қызметкерлері ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін халықаралық іздеуде болған ер адамды қолға түсірді. 2023 жылдың қарашасында ол кәсіпкерлік қызмет түрінде жақсы пайда табуға көмектесемін деп уәде беріп, жәбірленушіні тендерге қатысуға сендірген. Осылайша, 76 миллион теңге мен Lexus 570 автокөлігін иемденіп кеткен.
Ал Маңғыстау облысындағы "Бейнеу" теміржол станциясында көрші елдің азаматы ұсталды. Ол ұрлық жасағаны үшін іздеуде болған. Өткен жылы күдікті Атырауда сыбайластарымен бірге нарық қоймасынан жасырын түрде 19 миллион теңгенің тауарын ұрлаған. Барлық күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Еске салайық, бұған дейін Орал қалалық сотында Cәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы 33 жастағы Мұратбек Тәшенбаевқа қатысты сот процесі аяқталды. Ол пара алып, қызметін асыра пайдаланды деп айыпталды. Сотталушылардың қатарында Cәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы 27 жастағы Нұрсұлтан Ғатау мен пара берген 41 жастағы Асылжан Күпбаев та бар. Істі судья Қымбат Хайрушева қарады.