Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл аумақ – біздің аумағымыз": Түркия оқу бағдарламаларында Орталық Азия атауын "Түркістан" деп өзгертті

Оталық Азия атауы Түркістан деп өзгерткен
Фото: Азаттық Азия скрин

Түркияның жаңа мектеп оқулықтарында "Орталық Азия" атауы "Түркістан" деп өзгертілді. Бұл шешім қоғамда қызу пікірталас туғызып, сарапшылар арасында аймақтың тарихи атауы мен оның саяси астары жөнінде түрлі көзқарастар қалыптастырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Анкара "Түркия ғасыры" атты жаңа білім беру модулін 2024–2025 оқу жылында енгізді. Оның аясында әдіскерлер түрік мектептері мен жоғары оқу орындарының студенттері, сондай-ақ түрік бағдарламасы бойынша білім алып жүрген шетелдік студенттер меңгеруге тиіс тарихи тұжырымдамаларды айтарлықтай жаңартты. Бұл өзгерістердің мақсаты – оларды "ұлттық тарихи жадқа сәйкестендіру". Сонымен қатар түрік шенеуніктерінің пікірінше, Түркияға сырттан таңылған терминдерді өзгерту туралы шешім қабылданды.

Енді түрік оқулықтарында Эгей теңізі – Аралдар теңізі, "крест жорықтары" – "крестоностардың шабуылдары", "географиялық ашылулар" – "отарлау саясаты", ал "армян мәселесі" (1915 жылы Осман империясында армяндардың жаппай қырылуы мен жер аударылуы, оны әлемнің отызға жуық мемлекеті мен бірқатар халықаралық ұйым геноцид деп таныған) – "Арменияның негізсіз талаптары" деп аталады. Осы жаңа оқулықтарда Орталық Азия атауы "Түркістан" деп көрсетілген.

Түркияның Ұлттық білім министрі Юсуф Текиннің айтуынша, атауларды өзгертудің мақсаты – түрік балалары Түркістанды (Орталық Азияны) жеке аймақ ретінде емес, түркі әлемінің ортақ тарихи кеңістігінің бір бөлігі ретінде қабылдауы үшін. Министрдің айтуынша, екі дүниежүзілік соғыс кезінде түркі әлемін бөлшектеуге бағытталған терминдер мен тұжырымдамалар әдейі енгізілген. Ал қазіргі түрік оқулықтары керісінше, түркітілдес халықтардың бірлігін нығайтуға қызмет етеді.

"Бұл біз үшін өте маңызды символдық мәнге ие. Себебі бұл аумақ – біздің аумағымыз. Бұл жер – біздің бауырларымыздың жері. Сондықтан "Орталық Азия" атауының орнына ғылыми әдебиетте орныққан шынайы атау – "Түркістанды" қолдануды жөн көрдік", – деді Юсуф Текин.

 "Түріктер шыққан өңір Орталық Азия: Оқулықтарда бұл атау қалай өзгерді"

Түрік мектептеріне арналған 9-сыныптың тарих оқулығындағы алғашқы бөлімнің өзі "Түркістаннан Түркияға дейін" деп аталады. Онда түркі тайпаларының бір бөлігі қазіргі Түркия аумағындағы Анадолыға қалай қоныстанғаны баяндалады. Бұған дейін түрік тарих оқулықтарында қазіргі түріктер шыққан өңір Орталық Азия деп аталып келсе, енді ол тек Түркістан деп көрсетіледі.

Бұрынғы түрік тарих оқулықтарында негізгі назар Түркия мемлекетінің Анадолы жерінде қалай қалыптасқанына аударылатын. Ал жаңа оқу бағдарламаларында тарихи көзқарас айтарлықтай өзгерген: енді Түркияның өткені бүкіл түркі әлемінің бір бөлігі ретінде түсіндіріледі — ежелгі Түркістаннан бастап қазіргі Түркияға дейін. Осы көзқарас бойынша, Орталық Азиядағы халықтар мен аумақтар ортақ түркі өркениетінің ажырамас бөлігі ретінде сипатталады.

Анкара университетінің саясаттанушысы Орхан Гафарлы мұны Түркияның аймақтық бірегейлікті қайта қалыптастыру әрекеті деп түсіндіреді. Оның айтуынша, Орталық Азия атауының орнына "Түркістан" ұғымы тарихи тұрғыда бұрыннан қолданылған, сондықтан бұл өзгерісті ол "түп тамырға қайта оралу" деп бағалайды.

Саясаттанушының пікірінше, бұл қадамды бірінші болып Түркия жасап отыр, себебі ол түркі әлемінде көшбасшы рөлге ұмтылады. Оның айтуынша, Анкара бұл арқылы түркі әлемін бұрынғы империялық немесе батыстық көзқараспен емес, өз тарихи түсінігі негізінде қарастыруды қалайды. Сондықтан ресми құжаттарда да бұл аймақ қазір жиі "Орталық Азия" емес, "Түркістан" деп аталып жүр.

Қазіргі түрік география оқулықтарында екі атау қатар қолданылады, бірақ әртүрлі мағынада: "Орталық Азия" — географиялық ұғым, ал "Түркістан" — тарихи-мәдени атау ретінде беріледі.

2025 жылы шыққан 10-сынып география оқулығында бұл аймақ Азиядағы түркі мәдениетінің негізгі ошағы ретінде сипатталып, оны кейде "Түркістан" немесе "Түркі елі" деп те атайтыны жазылған.

Ал 12-сынып оқулығында "Түркістан" ұғымы одан да кең мағынада беріледі. Онда ол Батыс, Шығыс, Оңтүстік және Иран Түркістаны деп бөлінеді. Бұл түсінікке қазіргі Орталық Азия елдерінен бөлек, Қытайдың Шыңжаң аймағы, сондай-ақ Ауғанстан, Пәкістан, Үндістан және Иранның кейбір бөліктері де енгізілген. Ал "түркі әлемінің" жаңартылған картасында тәуелсіз түркі мемлекеттері жеке белгіленген: Түркия, Әзербайжан, Түрікменстан, Қырғызстан және Қазақстан бар. Сонымен қатар картаға Қарақалпақстансыз Өзбекстанның бір бөлігі және Анкара ғана мойындайтын Солтүстік Кипр Түрік Республикасы да енгізілген.

Картада Ресейдегі түркі аймақтары да көрсетілген: Татарстан, Башқұртстан, Дағыстан, Қарашай-Шеркес, Қабардин-Балқар және Чувашия. Сондай-ақ Молдовадағы Гагаузия, Қытайдағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы және Өзбекстанға қарасты Қарақалпақстан да енгізілген. Бұдан бөлек, "түркі қауымдастықтары" бар аймақтар жеке белгіленген. Олардың қатарына Сібір өңірлері, Моңғолия, Пәкістан, Үндістан, Иран және Еуропаның бір бөлігі кіреді. Осылайша жаңа оқулықтардағы "түркі әлемі" ұғымы Еуразияның жартысына жуық аумақты қамтиды. Жалпы алғанда, оқулықтар "түркі әлемін" түркі халықтары мен мемлекеттерінің бірлігі ретінде көрсетіп, "Түркістанды" олардың тарихи отаны деп сипаттайды. 

 "Түркістан" терминінің қайта жандануы академиялық емес, саяси мәселе”

Тәжікстанда Түркияның "Түркістан" атауын кең қолдануы сынға ұшырады. Себебі ел халқы ирантілді болғандықтан, кей сарапшылар бұл ұғым олардың тарихи-мәдени болмысына сәйкес келмейді дейді. Тәжік тарихшылары Орталық Азия әрдайым "Түркістан" деп аталмағанын айтып, өңірдің ежелгі атауларын мысалға келтіреді. Зерттеушілер бұл даудың аймақ тарихын әртүрлі түсіндіруге болатынын көрсететінін айтады. Ал қоғамда мұндай өзгерістер ұлттық және мәдени ерекшелікті сақтау тұрғысынан алаңдаушылық туғызып отыр.

Сарапшылардың пікірінше, түрік білім беру бағдарламаларында "Түркістан" терминінің қайта жандануы академиялық емес, саяси мәселе. Шығыстанушы Руслан Сүлеймановтың айтуынша, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған тарихта өзін түркі халықтарының қамқоршысы әрі көшбасшысы ретінде бекіткісі келеді. Алайда Орталық Азияда Ресей мен Қытайдың ықпалы бұрыннан орныққан. Сондықтан Анкара олармен экономикалық тұрғыда бәсекелесе алмайды. 

"Мысалы, Қазақстанның экономикасы шамамен 90% Ресей мұнайына тәуелді. Ал Орталық Азия елдерінің басқа салалардағы Ресеймен тығыз байланысын айтудың өзі артық. Сонымен қатар Қытай да жыл сайын өңірге қомақты қаржы құйып келеді. Ал Түркия мұндай деңгейдегі мүмкіндікті әзірге ұсына алмай отыр. Мұндай бастамалар көбіне тек қағаз жүзінде қалады. Түркия және түркі әлеміндегі үстемдік идеясын қолдайтындар көбіне ортақ әліпби жасау немесе атауларды өзгерту сияқты символдық қадамдармен шектелуі мүмкін", – деді Сүлейманов.

Еуразия өңірін зерттейтін түрік зерттеушісі Оғул Туна Анкара Орталық Азияда Ресей мен Қытайдың мүддесін қозғамау үшін әдейі баяу және сақ әрекет етеді деп есептейді. Бірақ сонымен қатар ол Түркияның ықпал ету саясаты жаңа кезеңге өткенін алға тартты. Түркі мемлекеттері ұйымының рөлі артып келеді. Оны Анкара өңірдегі негізгі құралдардың бірі ретінде қарастырады. Сондай-ақ Түркия тек мәдениет пен білімді ғана емес, әскери технологияларды да экспорттап отыр.

"Әрине, бұл біртіндеп жүзеге асатын процесс. Яғни, бәрі үш немесе бес жылдың ішінде бола салмайды. Бұл 10 – 15 жылға созылатын үдеріс. Келесі кезеңдерде Түркия саяси, дипломатиялық және әскери байланыстарды нығайтуға ұмтылуы мүмкін. Әсіресе Қарабақтағы соғыстан кейін ол Орталық Азия мемлекеттерімен әскери салада және қорғаныс өнеркәсібі бағытында ынтымақтастықты бастады. Бұл бағытта Орталық Азия елдерінен де Түркияға сұраныстар түсе бастады. Қырғызстанға әскери техника түрінде көмек көрсету, Өзбекстанмен бірлескен әскери оқу-жаттығулар өткізу, Түрікменстанға дрондар мен әскери техникалар сату мұның бәрі мәдениет, әліпби мен тілден жаңа деңгейге өтіп жатқанымызды көрсетеді”, – деді Оғул Туна.

Гүлсезім Мұхатай
Сейсенбі, 30 Маусым, 2026 11:43