Ұлыбритания жанармай дағдарысына байланысты Ресейге қарсы санкцияларды жұмсартқан алғашқы ел болды

Ұлыбритания АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысынан туындаған жаһандық жанармай дағдарысына байланысты Ресейге қарсы санкцияларды жұмсартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұлыбритания Ресейге қарсы санкциялар режимін біртіндеп жеңілдету бағытын қолдаған Батыстағы алғашқы елдердің бірі болды. Жаңа шешімге сәйкес, үшінші мемлекеттерде ресейлік мұнайдан өндірілген дизель отыны мен авиациялық керосинді әкелуге рұқсат берілді. Сонымен бірге "Сахалин-2" және "Ямал СПГ" жобаларына қатысты бірқатар қызметтік шектеулер алынып тасталды. Бұл өзгерістер британ компанияларына ресейлік сұйытылған газды үшінші елдерге тасымалдау кезінде сақтандыру, қаржыландыру және логистика қызметтерін қайта көрсетуге мүмкіндік береді.
Берілген рұқсаттар уақытша сипатта: олар үш ай мерзімге ғана жарамды болып, кейін қайта қаралатын болады. Премьер-министр Кир Стармердің өкілі мұндай шешім нарықтағы тұрақтылықты сақтау үшін қолданылатын қалыпты реттеу тәжірибесі екенін атап өтті.
Дегенмен бұл қадам саяси ортада сын тудырды. Консервативтік партия жетекшісі Кеми Баденох үкіметті Қауымдар палатасында сынға алып, Ресей мұнайына қатысты санкциялар жасырын түрде әлсіретілді деп мәлімдеді.
ОқыңызҚоғам тарапынан және Украина билігінен түскен сыннан кейін Ұлыбритания үкіметі бұл шешімнің дұрыс түсіндірілмегені үшін кешірім сұрады. Сауда министрінің орынбасары Крис Брайант парламентте лицензия беру процесінде бірқатар кемшіліктер болғанын мойындады.
Сонымен қатар Лондон Киевпен байланысып, санкциялық саясаттың негізгі бағыты өзгермегенін түсіндіруге тырысуда. Украин тарапы мұндай жеңілдіктер Ресейдің әскери әрекеттерін қаржыландыруға жанама түрде әсер етуі мүмкін екенін ескерткен еді.
Ал халықаралық БАҚ-тың бағалауынша, АҚШ пен Ұлыбритания енгізген санкциялардың ішінара жұмсаруы жаһандық энергетикалық нарықтағы қысымды азайтуы ықтимал. Алайда бұл өзгерістерден ең көп экономикалық пайда Ресей, Қытай және Үндістанға тиесілі болуы мүмкін.
“Аула сыпырушы блогер ата”: “Қайратқа” 47 жылдан бері жанкүйер алматылық қария желі жұлдызына айналды