"Мені ұстаған жоқ": Вьетнамда ұсталды делінген қазақстандық блогер Қайсар Қамза байланысқа шықты

Вьетнамда ұсталды делінген танымал қазақстандық блогер Қайсар Қамза байланысқа шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Блогер әлеуметтік желідегі парақшасында бірқатар Stories жариялап, Нячанг қаласында жүргенін көрсетті. Оның айтуынша, ешқандай ұстау болмаған, тек құқық қорғау органдары үйіне келіп, оның төлқұжатын алып кеткен.
“Маған көп адам “Бауырым, сені ұстаған сияқты еді ғой. Не болды, қалай шықтың, кепілмен босаттың ба?” деп жазып жатыр. Осы сұрақтарға жауап берейін дедім. Жалпы, екі ай бұрын, 1 наурызда үйде жатқан едім. Сол кезде Вьетнамның көші-қон қызметінің қызметкерлері келді. Олар төлқұжатымды алып, тексеру үшін екенін айтты және кейін шақырамыз деді”, – деді Қамза оқырмандарына.
Блогердің сөзінше, оны екі күннен кейін шақырып, екі сағат бойы сұрақ қойған.
“Немен айналысатынымды, қайда жұмыс істейтінімді сұрады. Кейін төлқұжатымды әзірге қайтара алмайтынын, тағы шақыратынын айтты. Содан кейін олар хабарсыз кетті. Осылай екі ай өтті. Ал 20 күн бұрын “Қайсар Қамза Қазақстан полициясы мен Вьетнам полициясының бірлескен әрекетімен ұсталды” деген жаңалық шықты. Бірақ ол кезде мен үйде жатқанмын. Мұндай жаңалық неге шыққанын өзім де түсінбедім”, – деді блогер.
Қайсар Қамза “ұсталғаны” туралы жаңалық шыққан күні ол өзін алып кетуі мүмкін деп ойлағанын айтты.
“Мен үйде отырып, мотивациялық видеолар көріп, моральдық тұрғыдан дайындалып отырдым. Бірақ ешкім келген жоқ. “Мүмкін, қолдары тимей жатыр, ертең келетін шығар” деп ойладым. Содан бері 20 күннен аса уақыт өтті. Маған экстрадиция бойынша сот жүріп жатқанын айтты. Сот аяқталған соң мені экстрадициялайды дейді”, – деді Қамза.
Блогердің өзі де не болып жатқанын толық түсінбей отырғанын жеткізді.
Айта кетейік, Қайсар Қамза әлеуметтік желіде “қора-пати” деп аталатын трэш-кештерімен, сондай-ақ шетелде түсірілген видеоларымен танымал. Instagram желісінде оған 2,3 миллионнан астам адам жазылған. Сонымен қатар блогер оқырмандары арасында ұтыс ойындарын өткізіп, парақшасында онлайн-казино жарнамасын орналастырған.
ОқыңызЕске салайық, 2026 жылғы 11 қаңтарда Қаржылық мониторинг агенттігі қазақстандық блогер Қайсар Қамзаға іздеу жариялағаны белгілі болды. Кейін блогер бұл ақпаратқа Instagram Stories арқылы жауап беріп, дастархан басында отырған суретін жариялап, “Бәрі дұрыс” деп қысқа жазба қалдырған.
14 қаңтарда Қаржылық мониторинг агенттігі Қайсар Қамзаның заңсыз ойын бизнесіне жәрдемдесті деген күдікпен халықаралық іздеуге жарияланғанын мәлімдеді.
Қазақстан соғыс ардагерлеріне басқа елдермен салыстырғанда көбірек төлейді