"Төсек арқылы ұтты" деді": Құралай Анарбекова "Мисс Ақтөбе" атанғанына өкінетінін жасырмады
Танымал актриса, кинопродюсер Құралай Анарбекова өмірі мен өнері туралы сыр шертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Мамский әңгіме” подкасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скриншот
Жақында актрисаның “Брат или брак 3” туындысы жарыққа шығады. Кино әлеміне келмес бұрын “Мисс Ақтөбе” аруы атанған өнер иесі жеке өмірін де бүкпесіз баяндап берді.
“Ол кезде жасым 16-да болды. Оған дейін өзім оқыған Ақтөбе политехникалық колледжі ұйымдастырған байқауда “Мисс АПК” атағына ие болдым. Жастық максимализм басым еді. Өзіңді көрсеткің келеді. Танымал болып, сұлу екенімді дәлелдегім келді. Бірақ тәжді кигеннен кейін, қатты өкіндім. Айналам түгел мені өсектеді. “Төсек арқылы, таныс көкелер араласты” деген әңгіме шықты. Ар-намысыма жала жапты. Жаныма қатты батты. Содан “қатыспауым керек еді” деп өкіндім. Қазір болса, қыздар сайысының ешқайсысына қатыспайтын едім. “Мисс” деген арудың артынан жаман сөз еретіні рас екен. Сол кезде көреалмауышылықтың не екенін білдім. Жұлдыз ауруын бастан өткердім. Жасөспірім шақта сондай сынақтан өттім. Қазір бәрі жақсы. Өнерге енді аяқ басып, жұлдыз ауруына ұшырап қалғандарды жақсы түсінемін”, – деп жан сырын ақтарды актриса.
Сонымен қатар актриса жасы 30-дан асса да тұрмыс құруға асықпайтынын айтты. Жеке өміріндегі сәтсіздігін де бүкпесіз баяндап берді.
“Қарым-қатынас ресми болмағаннан кейін оны көрсетудің қажеті жоқ. Мен ол жігітті ұмытқанымен, кейін халық ұмытпайды. "Анаумен жүрді, мынаумен кездесті, суретін салды" деген сияқты сөздер көп айтылады. Мүмкін суретін салып, көпшілікке көрсететіндей адам болмаған шығар. Мен осы күнге дейін махаббатты екінші орынға қоятын едім. Бәрінің өз уақыты болады. Мансап қудым, шығармашылыққа берілдім. Қарым-қатынас болмады емес, болды. Соңғы қарым-қатынасымда да бәрі жақсы болды. "Вакцина" фильмінен кейін тұрмысқа шығып, ана атанамын деп ойлағанмын. Бірақ сол кезде "Орел и решка" бағдарламасынан ұсыныс түсті. "Бұл мүмкіндікті жібермеу керек, бір жарты жыл ғой" деген кезде айырылысып кеттік. Екі жақта жүріп, қарым-қатынас құру қиын екен. Жарты жылдай Қазақстанда болмадым. Қазір жалғызбын. Ол кісі де өз жолын тауып кетті”, – дейді актриса.
Еске салайық, актрисаның мәһрге не сұрайтынын жазған едік.