Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда тоқтамай жауған нөсерден көшелерді су басты: Коммуналдық қызмет күшейтілген режимдегі жұмысқа кірісті

Алматыда көшелерді су басты
Фото: Желі кадрларынан скрин

Алматыда тоқтамай жауған нөсер жаңбырдан көшелерді су басты. Осыған байланысты қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимге ауыстырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қала тұрғындары желіде қаланың су басқан аймақтарының видеосымен бөлісуде

“Алматы, не болып жатыр? Жаңбырдың астында әрең дегенде үйге жетсем, үйде жарық өшіп қалыпты. Енді отырып, "қайда барамын?" деп ойлап отырмын”, “Енді жаңбырды да кінәлай беріңіздер, күні бойы тоқтамай құйып тұр ғой. Мұндай нөсер мен мол жауын-шашында көптеген қалалардың кәріз және су ағызу жүйелері шыдамай қалады”, “Төле би көшесі жүзіп жүрміз”, – деп жазды желі қолданушылары. 

Синоптиктердің болжамынша, Алматыда жауын-шашын әлі 12 мамыр күні түске дейін жалғасады. Қала әкімдігінің баспасөз қызметі бұл туралы коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және тұрғын үй инспекциясы басқармасына сілтеме жасап мәлімдеді.

"Қазгидромет" мәліметінше, орташа және қатты жауын-шашын, найзағай, сондай-ақ секундына 15–20 метрге дейін жететін жел екпіні күтіледі. 11 мамырда кей жерлерде қатты жаңбыр жауып, жел секундына 18 метрге дейін күшеюі мүмкін.

"Ықтимал жергілікті су басудың алдын алу және оны жою үшін коммуналдық қызметтер мен мердігер ұйымдардың тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылды. Кезекшілікке 104 арнайы техника, 74 мотопомпа, 12 ассенизаторлық көлік, 425 жол жұмысшысынан құралған 75 жедел бригада шығарылды. Сондай-ақ 2 300 құм толтырылған қап дайындалды", — делінген хабарламада.

 Қосымша ретінде ассенизаторлық техникамен және 15 мотопомпамен жабдықталған Алматы Құтқару қызметінің кезекшілігі ұйымдастырылды. Қалалық ТЖД желісі бойынша 53 арнайы техника мен 240 жеке құрам қызметкері жұмылдырылған.

Баспасөз қызметінің нақтылауынша, "Алматы Тазалық" МКК мен мердігер ұйымдардың күшін қоса алғанда, тәуліктік кезекшілікке жалпы саны 3 080 жол жұмысшысы мен 1 225 арнайы техника тартылған.

Stan.kz
Дүйсенбі, 11 Мамыр, 2026 08:00