Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Журналистерге жасалған тарихи қолдау: ШҚО-да алғаш рет Президент тапсырмасымен пәтер берілді

журналист

Фото: ШҚО баспасөз қызметі

Шығыс Қазақстан облысында Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шара өтті. Ақпарат саласы өкілдерін ұлықтаған жиынға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, журналистердің қоғамдағы маңызды рөліне тоқталды.

Өңір басшысы бұқаралық ақпарат құралдары мемлекет пен халық арасындағы алтын көпір екенін атап өтіп, шынайы ақпарат тарату, қоғамдық пікір қалыптастыру және ел бірлігін нығайту жолындағы журналистер еңбегі әрдайым жоғары бағаланатынын жеткізді.

Биылғы кәсіби мерекенің басты жаңалықтарының бірі – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, алғаш рет өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне тұрғын үй беру бастамасының жүзеге асуы болды.

баспана
Фото: ШҚО баспасөз қызметі

Салтанатты рәсім барысында Qazaqstan ұлттық телеарнасының Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі Олжас Керейхан мен Altainews медиа орталығының тілшісі Айдос Мырзахметовке жаңа пәтердің кілті табысталды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен көрсетілген қолдау аясында жаңа пәтер кілті табысталған журналистердің бірі – Qazaqstan ұлттық телеарнасының ШҚО бойынша меншікті тілшісі Олжас Керейхан. Ол бұл бастаманы журналистер қауымы үшін маңызды әлеуметтік қолдау деп бағалады.

үйдің кілті
Фото: ШҚО баспасөз қызметі
“Бұған дейін журналистер әлеуметтік қолдау бағдарламаларына қатысуда белгілі бір қиындықтарға тап болды. Себебі көпшілігі жекеменшік бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек етеді. Соңғы жылдары Мемлекет басшысының тапсырмасымен журналистердің әлеуметтік жағдайына көңіл бөлініп, нақты қолдау көрсетіле бастағаны қуантады. Бұл – тек мен үшін емес, барлық әріптестерім үшін үлкен мүмкіндік. Журналист үнемі халықтың мәселесін көтеріп, қоғамның үнін жеткізеді. Ал осындай қолдауды сезіну бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Көрсетілген сенім үшін алғыс білдіремін, бұл жаңа күш-жігермен еңбек етуге ынталандырады”, – деді Олжас Керейхан.
баспана
Фото: ШҚО баспасөз қызметі
“Бұл – мен үшін ғана емес, отбасым үшін де үлкен қуаныш. Журналистика – уақытпен санаспайтын, үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық. Осындай еңбектің еленіп, мемлекет тарапынан нақты қолдау көрсетілуі ерекше қуантады. Мемлекет басшысына және облыс басшылығына өңір журналистеріне көрсеткен қамқорлығы үшін шынайы алғысымды білдіремін. Бұл бізге жаңа серпін беріп, ел игілігі үшін аянбай еңбек етуге жігерлендіреді”, – деді Айдос Мырзахметов.
Нұрила Жұмаділлә
Сенбі, 27 Маусым, 2026 18:54