"Зорлық – әзіл емес": Қазақстандық мекеме жарнамасы желі қолданушыларының наразылығын туғызды
Әлеуметтік желіде Ақтаудағы мекемелердің бірінің жарнамалық ролигіне қатысты дау туындады. Онда даяшы қыз клиенттен екі рет соққы алып, 480 мың теңге өндіріп алғанын айтқан. Ал желі қолданушылары мұны тұрмыстық зорлық-зомбылықты әзіл-қалжыңға айналдырды деп сынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Даудың басы және желі жұртының шағымы
Ақтауда grandfish.aktau Instagram парақшасында көзі көгерген даяшы қыз түсірілген видео салынған. Онда қыз клиенттен екі рет соққы алып, 480 мың теңге өндіріп алғанын айтқан. Оған қоса осындай 4–5 клиент келсе, "кассаны жабуға болады" деп сөйлеген. Десе де бұл жағдайға желі қолданушылары оң қабақ танытпады.
@ju_culer атты Threads қолданушысы видеоға наразылығын білдірді. Оның айтуынша, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен белсенді күрес жүріп жатқан елде мұндай жарияланымдарға жол беруге болмайды.
“Ақтауда әйелге күш көрсетуді әзіл ретінде қабылдау қалыпты жағдайға айналып бара ма? Әйелдің көзі көгерген бейнесін әзілге айналдырып, оны жарнама ретінде тарату – масқара емес пе? Видеоны өшіруді сұрап, парақша әкімшілігіне жаздым. Бірақ олардың жауабы одан сайын ашуландырды: “Бәрі осылай әзілдейді, бұл қалыпты нәрсе” деп жауап берді. Әйелді қорлау – жарнама болмауы тиіс. Зорлық – әзіл емес”, – деді жазба авторы.
Мекеме өкілдері не дейді?
Мекеменің амбассадоры Гүлбаршын Мұхамедиярова видеоның тек ойын-сауық мақсатында түсірілгенін айтқан. Ал роликті сынағандар "хайп іздеп отыр" деп жауап берген.
"Дау көтерген адам видеоны дұрыс түсінбеген сияқты. Мұнда даяшыны ер адам ұрмаған, ол клиентпен төбелесіп қалған. Бұл – кез келген қиын жағдайдан жақсы нәрсе көруге тырысатын адамның рөлін көрсететін әзіл. Видео ешқандай зорлық-зомбылыққа шақырмайды. Сценарийді мен ойлап тапқан жоқпын, Instagram-да мұндай әзілді көп адам түсірген, біз тек қайталадық. Керісінше, видеода біреуді ұрсаң, айыппұл төлейтінің туралы ой айтылған", – деді Гүлбаршын Мұхамедиярова.
Қазақстан қоғамында тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы әлі де өзекті.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда қыз құрбысына күйеуінің ұрып-соққанын айтып, ақша сұраған, ал келесі күні оның мәйіті табылғаны туралы жазған едік.
Тәліптердің билік басына келгеніне 5 жыл: Ауғанстанда не өзгерді?