Сәтбаевтағы жағдай: "Ұрлау" және "Зорлау" баптары бойынша іс қозғалды
ҚР Ішкі істер министрі Тұрғымбаев Ерлан Заманбекұлы Сәтбаев қаласында болған оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында министр оқиғаны толыққанды түсіндіріп берді.
"23 шілде күні кешкі сағат 21:00-де Сәтбаев қаласында ішкі істер басқармасына 5 жасар қыздың жоғалғаны туралы шағым түсті. Жедел іздестіру нәтижесінде бүлдіршін қаладағы бір үйден табылды. Бүлдіршінді зорлады деген күдікпен, азамат қамауға алынды. Бірақ бірнеше адам күдіктіні қолдарына беруді талап етіп, жанжал шығарды", - дейді Тұрғымбаев.
Ол қазіргі таңда оқиғаға қатысты барлық шаралар жасалып жатқанын жеткізіп, қаладағы жағдай тұрақты екенін айтып берді.
"Бұзақылық жасап, полицейлерге қарсылық танытты. Тәртіпсіздікке жол бермеу үшін полиция қызметкерлері жұмылдырылды. Бұл оқиға бойынша бірнеше баппен қылмыстық іс тіркелді. Тергеу амалдары жалғасуда. Елдегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау үшін полиция қызметкерлері қызмет көрсетуде", - дейді министр.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Сәтбаев қаласындағы 5 жасар қыздың ұрланғаны туралы ақпарат тараған. Артынша наразы топтың тәртіпсіздік жасап, бірнеше жеке мүлікке зиян келтіргені анықталған. Тұрғындар арасында бұл оқиға үш жыл бұрынғы жағдайдың қайталанып жатқанын алдыға тартқандар табылды.