Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында 12 шенеунік пен бухгалтерлерден тұратын қылмыстық топ 3,7 миллиард теңге жымқырды деп айыпталды

Түркістан облысында білім бөлімінің лауазымды тұлғалары жұмыс істемеген тұлғалар мен жеке шоттарға жалақыны заңсыз аударып келген. Олар осылайша мемлекеттік бюджетке 3,7 миллиард теңге көлемінде залал келтірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Түркістан облысы бойынша департаменті Шардара ауданы білім бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтағанын мәлімдеді.

“Ұйымдасқан топ 12 қатысушыдан тұрған. Оның ішінде бөлім басшылары мен олардың бағынысты бухгалтерлері білім беру саласында нақты жұмыс істемеген жеке тұлғаларға, сондай-ақ өздерінің жеке шоттарына жалақыны заңсыз аудару жолымен 2020-2023 жылдар кезеңінде бюджет қаражатын жымқырды деп күдіктенді. Қылмыстық әрекеттермен мемлекетке 3,7 миллиард теңге көлемінде залал келтірілді.

Қабылданған шаралармен жалпы сомасы 639,8 миллион теңгеге залал өтелді және мүлікке тыйым салынды. Қазір қылмыстық іс сотқа дейінгі тергеудің аяқталуы туралы есеппен прокуратураға жіберілді”, – делінген хабарламада.



Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жымқыру тәуекелдерін барынша азайту мақсатында барлық өңірде бірыңғай бухгалтерлік есеп жүйесі енгізілгені мәлім болды. Бұл жоғары жалақы мен "жоқ жандарды" есептейтін, алаяқтықты уақытылы тоқтатуға, жалған деректердің енгізілуіне тосқауыл қоюға мүмкіндік береді.

Қазір әкімдіктер ай сайын білім беру ұйымдарының бухгалтерлік есеп жүйелерін қазынашылық есептерімен автоматты түрде салыстырып отырады. Кез келген сәйкессіздіктер екі рет тексеріледі.

Талқылау