AAPL
141.56 $
1.89 %
TSLA
699.2 $
2.55 %
NDAQ
157.49 $
1.22 %
GOOGL
2265.26 $
4.16 %
FRHC
44.98 $
1.33 %
AAPL
141.56 $
1.89 %
TSLA
699.2 $
2.55 %
NDAQ
157.49 $
1.22 %
GOOGL
2265.26 $
4.16 %
FRHC
44.98 $
1.33 %
Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жүз жасап, жүзден аса немере-шөбере сүйген түркістандық әжей ұзақ өмір сүрудің сырын айтты

Түркістан облысы Еңбекші ауылының тұрғыны Лескүл Мәмбетова ғасыр жасаған өз ауданындағы екінші адам. Бес ұл, бес қызды өмірге әкеліп, олардың қызығын көріп отырған алтын құрсақты ана ұзақ өмір сүрудің құпиясы туралы Stan.kz тілшісіне айтып берді.

Дүниеге әкелген он ұл-қыздан бүгінде жүзден аса немере-шөбере сүйіп, әулетінің қазыналы қариясына айналған Лескүл әже 1922 жылы Түркістан облысы Түлкібас ауданы Мичурин совхозында өмірге келген.

“Еңбек етсең емерсің” демекші, өмір бойы қолымыздан кетпеніміз бен күрегіміз түспеді. Жер емген халықпыз ғой біз. Егін ектік. Мақта тердік. Ол кездегі заманның талабы солай болды. Есесіне ешкімге қарап алақан жайған жоқпыз. Әрі қиын-қыстау заманда елге тигізген пайдамыз болды. Бүгінде бейнетіміздің зейнетін көріп отырмыз”, – дейді күні кеше жарқын жүзбен жүзге жеткен тыл ардагері.

Отағасы Ұлы Отан соғысының ардагері марқұм Бегалы Мәмбетов екеуі балаларын кішкентайынан еңбекке баулыпты. Ұлдары да ата-ананың тәлімімен егіншілікпен айналысып, жемісін жеп келеді.

Лескүл әженің айтуынша, үнемі қимыл-қозғалыста жүрген жанның денсаулығы да мықты болады. Әрі еңбектің наны тәтті екенін айтады біздің кейіпкеріміз. 

       

“Әжеміздің денсаулығы қалыпты. Көбіне қайнатылған сорпа ішеді. Жеміс-жидектер мен көкөністерді де тұрақты түрде тұтынады. Бір мезет сыртқа шығып таза ауамен тыныстап келеді. Ұл-қыздары жиі келіп тұрмаса, бала сияқты ренжіп қалатыны бар. Әйтпесе тым мазасыз кісі емес”, – дейді жиырма жылдан бері әжемен бірге тұратын ең кіші келіні Жанар.

Өз бойындағы ешкімге көлгірсімеу, ойындағысын ашық жеткізу сынды қасиеттері енесіне көбірек ұқсайды деген келіні келін ененің топырағынан жаралған ғой деп күледі. 

“Шынымды айтсам келін боп алғаш осы үйдің босағасын аттағанда қолымнан көп іс келе қоймайтын. Сиыр саууу, күбі пісу, тамақтың түр-түрін әзірлеу барлығын енемнен үйрендім. Ене мектебінен өту – әрбір келінге өмірлік азық болар үлкен сабақ. Мен апамнан пәтір нан, жұқпа нан, тандыр нан секілді нанның түр-түрін жабудан бастап, қонақ күту әдебін де бойыма сіңірдім” , – деп ағынан жарылды бүгінде қарашаңырақтың берекесін келтіріп отырған Жанар.

Бүгінде жүз жасты еңсерген Лескүл әже отбасының тыныс-тіршілігіне байланысты ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар беріп отырады. Әулеттің әрбір мүшесі әжесінің ақ батасын алуға арнайы келіп тұратын жақсы бір үрдіс те қалыптасқан.

Еске сала кетсек, біз бұған дейін Түркістан облысының 106 жастағы тұрғыны Азия Сердалиева ұзақ жасаудың сырын айтып берген болатын.


Әлемдегі орташа өмір сүру ұзақтығы екі жылға қысқарған – ДДСҰ

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Қазір оқып жатыр