Журналист: Сәкеннің былыққа қатысы болса, заң орындары басынан сипай қоймас
Әлеуметтік желіде "Шымкент қалалық мәдениет үйі" концерттік ұйымының директоры, әнші Сәкен Майғазиевтің қызметінен кеткені айтылды. Ал әкімдік пен қалалық мәдениет басқармасы аталған мәліметке қатысты пікір беруден бас тартты.
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
"Сөз жоқ, талантты әнші Сәкен Майғазиев лауазымды қызметке келіп, саяси ойынның құрбанына айналды. Өмір бойы жинаған абыройын айрандай төкті. Халықтың алғысын алған жақсы, ал, қаржысын жымқырып, қарғысын алған жаман ғой... Сәкен Майғазиев халықтың қыруар қаржысын оңды-солды шашып, өзінің кемшілігін жазған журналисті сотқа сүйреудің қажеті жоқ еді. Саясатта достықтан гөрі, сатқындық жиі орын алады. Ол да осы жағдайды соңғы сәтте аңғарғандай. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі осы мәдени саланың қаржысына байланысты біраз қызметкерді тұтқындап, тергеуге алды. 80 млн теңге пара беріп, сонда жемқорлар қанша миллиард қаржыны жымқырмақ болды екен деңіз? Сәкеннің осы былыққа қатысы болса, заң орындары басынан сипай қоймас", – деп жазды республикалық "Еркін ой" газетінің бас редакторы Балтабек Түйетаев Facebook желісінде.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Бекен Қоныс аталған мәліметті жоққа да шығарған жоқ, растамады да.
"Аталған ақпаратқа қатысты бізге әлі ресми мәлімет келмеді. Басшылықтан келсе, журналистерге таратамыз", – деді ол.
Тілшіміз Шымкент қаласы мәдениет басқармасының баспасөз хатшысы Мақпал Сауранбековаға да хабарласып, мән-жайды сұрады.
"Сәкен Майғазиевтің мәдениет басқармасынан кеткені туралы әлеуметтік желілерде жазылып жатқан мәліметтерге қатысты тергеу амалдары жүріп жатқанына байланысты ресми пікір бере алмаймыз. Ол кісінің кінәсі нақты дәлелденген жоқ. Бұл туралы толығырақ мәлімет алу үшін бізге ресми сауалнама жолдаңыздар", – деді Мақпал Сауранбекова.
Бірнеше ай бұрын "Демпартияның" Youtube желісіндегі ресми арнасында "Сәкен Майғазиев Шымкентте қанша ақша тонады?", "Сәкен Майғазиев пен Шымкент шенеуніктері бюджетті қалай тонап жатыр?" деген екі видео жарияланған. Видеоларда Аружан Дүйсебаева Сәкен Майғазиев басқаратын мекеменің Шымкенттегі Наурыз мейрамына жарты миллиард теңгеден астам қаржы бөлгенін айтып, әншіні "жемқор" деп атаған. Дүйсебаева екі видеода да журналистер мен мемлекеттік сатып алу саласын зерттеуші мамандар келтірген деректерді негізге алған.
Айта кетсек, үш жарым ай бұрын мемлекеттік сатып алу порталындағы ресми деректерді негізге алған белсенділер әнші Сәкен Майғазиев басқаратын Шымкент қалалық мәдениет үйінің Наурызға арналған іс-шараларға 595 млн теңге қаржы бөлгенін анықтаған. Сол кезде бұл оқиға қоғамда үлкен шу тудырған еді.
13 шілде күні Шымкент қалалық мәдениет үйінің басшысы, әнші Сәкен Майғазиев азаматтық белсенді Аружан Дүйсебаеваны сотқа берген болатын. Майғазиев Дүйсебаеваның үстінен 30 маусымда “қорлау" бабы бойынша шағым түсірген. Әнші Сәкен Майғазиев тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық партиясының" белсендісі Аружан Дүйсебаеваның үстінен жазған арызын қайтарып алғанын айтты.
"МузАРТ" тобының мүшесі Шымкент қалалық мәдениет үйінің басшысы болып 2020 жылдың желтоқсанында тағайындалды.