"Жүрегіме тамыр салып берді": Сәбит Әбдіхалықов денсаулығына алаңдаған жұртқа алғыс айтты
Белгілі актер, продюсер Сәбит Әбдіхалықов жүрегіне ота жасап, ауруханадан шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабарlike” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/sabit_abdykalykov/
Өнер иесі инфаркт алып, сегіз жылдан бері жүрегі мазалап жүрген. Әңгімесін қоғамды дүрліктірген жер сілкінісінен бастады.
“Осыдан екі апта бұрын жүрегіме ота жасаған. Қалалық кардиологиялық орталықта емделіп жатқанмын. Көзім ілініп кетіпті. Гүрілдеген дауыс шықты. Палата шайқалып кетті. Түсім бе, кеменің ішінде кетіп бара жатырмын ба деп ойладым. Содан есімді жинап, киімдерімді алып, ауруханадан шығып кеттім, үйіме бардым. Жалпы, негізі жер сілкінісі кезінде қатты әбігерге түскен жоқпын. Дәрігерлер "қалың киімдеріңді, жамылғыларды ұстап, дайын отырыңыздар, қазір сіздерді далаға шығаруымыз мүмкін" деп ескертті. Бірақ екінші толқыны болған жоқ", – деді актер.
Сонымен қатар әңгіме арасында актер жүрегінің жиі мазалап жүруінің себебін айтты.
"2016 жылы инфаркт алғам, содан кейін жүрек дұрыс болмай қалды. Осы жасатқан отада жүрегіме жаңа тамыр салып берді. Алдағыны енді Алла біледі. Шүкір, жақсымын. Бес рет стенд қойдырдым, ақырында сойдырдым. Дәрігерлерге рақмет! Қолдарынан келгеннің бәрін істеп жатыр. Амандығымды тілеп жатқан халыққа рақмет!", – деді Сәбит Әбдіхалықов.
Еске салайық, актер ауруханада бірінші некесінен дүниеге келген ұлы Асылжанның бағып-күтіп жатқанын айтқан еді.