"Жүгімізді ұзақ күттік": Қазақстандық жолаушы Алматы әуежайының жұмысына шағымданды
Қала тұрғыны әуежайдың қызмет көрсету сапасын сынға алды. Ол Анталия-Алматы рейсінің жолаушыларына жүктерін ұзақ күтуге тура келгенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: alaport.com
Жолаушылардың бірі 10 мамырда қалаға ұшып келгенін, алайда жүгін алу үшін ұзақ күткенін айтып наразы болды.
“Біз бүгін, 10 мамырда таңертең ерте ұшып келдік. Паспорт бақылауынан тез өттік. Бірақ бірнеше рейс бір уақытта қонды. Олардың бәрі бір лентаға бекітілгенімен қоймай, жүк беру кестесі бірнеше рет ауыстырылды. Сондықтан жүгімізді алу үшін жапа-тарғамай жүгіруге тура келді”, – деді Түркиядан ұшып келген жолаушы.
Жолаушы қыз өзінің жүгін бір сағаттан соң ғана ұстап үлгерген.
Фотоны жолаушы түсірген
Бұл мәселеге қатысты халықаралық әуежайдың баспасөз қызметі түсініктеме берді.
“Бүгінде аталған шағым бойынша Алматы әуежайы 2023 жылы 9 миллионнан астам жолаушыны қабылдады. Әуежай терминалының өткізу қабілеті жылына 2,7 миллион жолаушыны құрайтынын хабарлаймыз. Бұған байланысты әуежайда қосымша кезек пен кептеліс болады. Багажды өңдеуге арналған физикалық кеңістік шектеулі және 2,7 миллион жолаушыға арналған. Сондықтан шарықтау уақытында орынның шектеулілігіне байланысты багажды жеткізудің кешігуі ықтимал”, – деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Сонымен қатар пандус қайта жөндеуден өтіп жатқаны және жұмыс маусым айында аяқталатыны хабарланды.
“Қаламыздың тұрғындары мен қонақтарына қажет жайлылық пен қолайлылықты қамтамасыз ететін жаңа халықаралық жолаушылар терминалының құрылысы басталғанын хабарлаймыз. Жаңа терминал ашылғаннан кейін қолданыстағы терминалды қайта жобалап, багажды өңдеу жүйесін жаңғыртуды жоспарлап отырмыз. Бұл жүк алу кезіндегі кедергіні азайтып, жалпы жолаушылар тәжірибесін жақсартатыны сөзсіз. Уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз және түсіністік танытқаныңыз үшін алғыс айтамыз”, – деп қосты баспасөз қызметі.