Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жөтеліп, жүректері айниды, денелеріне жара шыққан": Ақтөбеде бассейнге барып жүрген балалар аллергиялық дертке шалдыққан

Ақтөбеде бассейнге барып жүрген балалардың ата-аналары дабыл қақты. Сөздерінше, соңғы уақытта жүзуге қатысатын бүлдіршіндердің денсаулығында кінәрат байқала бастаған. Үйге келген соң шетінен жөтеліп, үстіне бөртпе шығып, аллергияға ұқсас жұмбақ дертке шалдыққан, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Astana арнасына сілтеме жасап.

бассейн

"Достық" бассейні – Ақтөбедегі ірі бассейндердің бірі. Нысанда 800-ден астам бала төрт ауысыммен жүзу спортымен айналысады. Ата-аналардың айтуынша, балалар бассейннен келгеннен кейін көздері қызарып, қышынып, тіпті тоқтамай жөтеледі екен.

Ата-аналардың айтуынша, бұл бассейнде хлордың мөлшері тым көп болуынан.

“Балаларда құрғақ кашель. Жөтел, жүректері айниды, терілерінде жара, аллергиялық жаралар бар. Хлор көп деп ойлаймын. Мүмкін ауа айналымы дұрыс жұмыс істемейтін шығар”, – дейді ата-аналардың бірі Динара Құтығалиева. 

“Жаттығып келгенде баладан байқайсың, көздері қызарып тұрады. Хлоры көп дейді. Ауа айналымы жоқ, іште ауа тар дейді”, – деп қосты Руслан Мұхаметжанов. 

Балаларда бұл белгілер бассейнге түскен сайын қайталанады екен. Әрі бассейн суы жылына бір рет ғана ауыстырылады. Бұл жағдайдан кейін отыз шақты баланың ата-анасы бассейн басшылығына шағымданған.

“Жаз мезгілінде бізде жарыс өткенде Қазақстанның чемпионаты параолимпиада бір облыстың командасынан спортшылар ауырып қалды. Бірақ нақты сол хлордан деген ақпарат жоқ”, – деп мәлімдеді “Достық” спорт кешені басшысының орынбасары Ләззат Бектұрғалиева.

Бассейнге хлор өнімдерін жеткізуші мекеме жақында ғана өзгеріпті. Ата-аналардың шағымынан кейін Алматы қаласынан арнайы сарапшы шақыртылған.

“Бұл жағдайға қатысты біз тексеру жүргізіп жатырмыз. Бүгін СЭС бассейн суынан сынама алды. Барлығы сол сынаманың қорытыңдысынан кейін ғана белгілі болады”, – дейді Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров. 

Бассейн өз жұмысын жалғастыра береді. Ал балалардағы аллергиялық реакцияның себебін арнайы комиссия анықтайды. 

Талқылау