Жолаушылардың білімін тексеріп, тегін таситын такси жүргізушісі алматылықтарды таңғалдырды
Кейінгі жылдары әлеуметтік желіде такси жүргізушісі мен жолаушы арасындағы жанжалға толы түрлі видео өріп жүр. Ал Алматыда "Позитив такси" атымен танылған ер адам керісінше көлігіне отырған жұртқа көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, оларды тегін жеткізіп тастайтын көрінеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алып шаһардың тұрғындарына ерекше эмоция сыйлайтын ер адамның аты-жөні – Сабыржан Мапаев. Ол өзінің көлігіне отырған жолаушыларға жұмбақ жасырып, анекдот айтып, ән шырқап әрі логикалық сұрақтар қояды екен.
"Мен – 2006 жылдан бері такси жүргізушісімін. Бұл идея бірден туындаған жоқ. Кейбір адамдар жақтырады, кейбірі жақтырмайды. Отырған адамнан бірінші анекдот, жұмбақ сұраймын. Ал әзілді, позитивті қабылдайтын адамдар бірден келіседі. Көлікке отырған адамның сәлемінен белгілі. Сол кезде "сіз қандай таксиге мінгеніңізді білесіз бе?" деп бастаймын. Көліктің ішіне орнатылған жарықтың бәрін бірден қосамын да, өз ұсынысымды айтамын. Анда-санда тегін жеткізіп тастайтын акция болады, жеңілдіктер болады. Ол жолаушының өзіне байланысты", – дейді Сабыржан Мапаев.
Темір тұлпарды тізгіндеген 47 жастағы такси жүргізушісінің кестесі тығыз. Ол осылайша нәпақасын табады әрі халықтың көңілін көтерудің тың тәсілін ойлап тапқан.
"Таңертең 7:30-да үйден шығамын, сағат түскі 13:00-ге дейін жұмыс істеп келемін, одан кейін кешке 21:30-ға дейін жұмыс істеймін. Маған отыратын жолаушылар кездейсоқ кездескені дұрыс, маған сол ұнайды. Осылайша көпшіліктің көңілін көтеремін", – дейді көңілді такси жүргізушісі.
Осы орайда біз әлеуметтік желідегі жұрттың назарына іліккен Сабыржан Мапаевтан бүгінгі такси жүргізушілері мен жолаушылардың мәдениеті туралы сұраған едік.
"Ең бірінші, көлікке отырған сәттен бастап адамға жылы лебізбен қараса, дұрыс амандасса, сол – мәдениеттің алғашқы қадамы. Кейбіреулер сөйлессең тіпті амандаспайды да, жақтырмайды. Сондай сәтте мен үндемеймін. Көңілді кірген адамдарға өзімді таныстырып, ойын ережесін айтамын. Жалпы көздеген мекен-жайға көңілді бару такси жүргізушісі мен жолаушыға байланысты. Ал такси жүргізушісінің мәдениетіне келсек, көлік жүргізушісі де жолаушылармен сыпайы сөйлесуі керек. Біздің өзіміз де кейде таксиге мінеміз, таксимен барамыз. Сондықтан амандасып, жөнімен сөйлесіп, артық сұрақ қоймай, жолаушының қалауымен жүру керек. Сондықтан ұрыспай жүрейік, ағайын. Көңілді жүрейік, позитивпен жүрейік", – дейді "Позитив такси"
Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan kz YouTube арнасынан көріңіз.
Талқылау