Қаңғыбастардың арасында болған: Жоғалып кеткен мұғалім Ақмола облысынан табылды
Ақмола облысының жедел уәкілдері жоғалып кеткен мұғалімді тапты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
10 мамырда Көкшетау полиция бөлімінің кезекші бөліміне Солтүстік Қазақстан облысы ауылдарының бірінің 53 жастағы тұрғынынан арыз түсті. Ол 4 сәуірде 32 жасқа толған ұлы Бақтияр Теміржановты іздеуге көмек сұрады. Әкесі 7 мамырда таңертең жас жігіттің Көкшетаудағы үйінен кетіп қалғанын, содан бері хабарсыз кеткенін айтты.
Тәртіп сақшылары жоғалған адамның дене шынықтыру мұғалімі болып жұмыс істейтінін анықтады. Ол жеке ісімен Көкшетауға келіп, нағашы апасына барған, содан кейін жоғалып кеткен.
Ер адамның тұрған жерін анықтау мақсатында тәртіп сақшылары 40 қызметкерден тұратын арнайы іздестіру тобын құрды, сондай-ақ еріктілер жұмылдырылды.
Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция жоғалған адамның орналасқан жерін анықтай алды. Ол Көкшетау қаласындағы қараусыз қалған жерлердің бірінде болып, тұрғылықты жері жоқ адамдар арасында түнеген. Ер адам мұндай әрекетке не үшін барғанын түсіндірген жоқ. Оған қатысты ешқандай қылмыс немесе құқық бұзушылық жасалмағаны анықталды.
Айта кету керек, жалпы облыста 30 адам іздестіріліп жатыр. Еріктілер мен жергілікті тұрғындардың көмегі өте зор.