"Жоғалған жұлдыздар": 2000 жылдары жарқ еткен шоу-бизнес өкілдері көрерменмен қауышты
Осыдан 25 жыл бұрын қазақ эстрадасына жаңалық болып келген эстрада жұлдыздары көрермен алдына қайта шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Бағдарламадан үзінді
Өнер өкілдері “Көреміз” бағдарламасына қатысып, өнері мен өміріндегі соңғы жаңалықты айтты.
“Нұрлан мен Мұрат” ажыраған жоқ
“1996 жылы “Нұрлан мен Мұрат” тобы құрылды. Әлі күнге дейін Нұрлан мен Мұрат бар, болған, бола береді. Олар ажырасып, бет көріспей кеткен жоқ. Екеуміздің арамыз – 15 жас. Нұрлан ағамыз мені 14 жасымда көрген. Ең бірінші трио болдық. Аманғали деген жігіт болды. Ол кезде топты “Хан” деп атадық”. Одан кейін “Тамашада” өнер көрсеттік. 1998 жылы халыққа қатты танымал болдық , – деп бастады әңгімесін Мұрат Қожа.
“Атырауда тойда ән айта бастадық. Мұрат ол кезде кішкентай бала. Бір күні тойда ән айтатын болып, дайындалып едім. Сол түні тамағым ауырып, тойда ән айта алмай қалдым. Сол кезде Мұрат колонка тасып, жанымызда жүрген. Бір кезде менің әндерімді жатқа айтып отыр екен. “Аға, мен айтып көрейінші мына әніңізді” деді. Рұқсатымды беріп едім, керемет орындап шықты. Солай халыққа “Нұрлан мен Мұрат” болып танылып кетті”, – деді Нұрлан Әмір.
“Өнерден гөрі бизнеске бүйрек бұрып тұрады”
“Сол шақтар-ай”, “Сен туған күн мереке” әндері арқылы танылған Тахмина Әшімбекова өнерден бұрын бизнесте жүргенін мойындады.
“Өнерден кеткенім жоқ. Сахналарға шығып, ән жаздырып тұрамын. Вокалдан сабақ беремін. Халықаралық байқауларға қатысқаннан кейін “Қазақконцертке” жұмысқа тұрдым. Алтынбек Қоразбаевтың қол астында 15 жыл қызмет еттік. Сол кісі өнердің қыр-сырын үйретті. Қазір бизнесте жүрмін. Үлкен командам бар. Бірақ өнерді тастаған жоқпын. “Алматы әуендерінде” жұмыс істеймін. Одан кейін тұрмысқа шығып балалы болдым. Содан кейін тұрмысқа көбірек көңіл бөлдім”, – деді
Лирикалық әнші, сазгер Құрмаш Махан да дінге бет бұрып, өнерден алыстаған еді. Алайда әнші дін мен өнерді қатар алып жүргенін жасырмады.
“Мысырға тек араб тілін үйрену үшін бардым”
“1997 жылы “Жас Қанатта” өнер көрсетіп, күміс жүлдеге ие болдым. Бірінші орынды Гаухар Қаспақова алды. Екеуміз де тараздық едік. Үшінші орынды орыс ұлтының әншісі алды. “Аңсарым”, “Жан сырым” әндерін халыққа кеңінен таралды. Әр әнімнің жеке тарихы бар. Көбіне өз әндерімді орындаймын. 2010 жылы Мысырдан оралдым. Сол кезде халық “Құрмаш Махан дінге бет бұрды” деді. Ол қате түсінік болды. Мен Мысырға тек араб тілін үйрену үшін ғана бардым. Дінтанушы немесе исламтану мамандығын игерген жоқпын. Дін дегеніміз – өмір салтын ұстану, дұрыс бағытта жол көрсететін құрал. Өнер адамдарына дінді ұстанып, ән айтуға бола ма деп сұрап жатады. Оны дін өкілдерінен сұраңыздар. Менен тек ән сұрасаңыздар болады. Жаңа әндерім жарық көріп жатыр. Сахнаға оралып жатырмын”, – деді Құрмаш Махан.
“Алматының түндері-ай” деп бейнебаян түсіріп, елге танылған актриса Қаракөз Тілеубекованың есімін де ел ұмыта қойған жоқ. “Бауыржан-шоудың” актрисасы өнерін туралы айтып берді.
“Алматы облысы, Тұздыбастау ауылы – туған жерім. 1994 жылы 18 жасымда “Бауыржан-шоу” театрына қабылдандым. Бірақ мен ең бірінші әнші болып танылдым. Сыңарым Ботагөз екеуміз “Тамашаның сахнасына шықтық. “Үмітім менің” деген әнді орындап шықтық. Кейін сіңлім ертерек тұрмысқа шығып кеткесін, мен бөлек кеттім. “Алматының түндері-ай” әні мені халыққа танытты. Хатты хит болды. Сол кезде жұлдыз ауруына шалдығуды білмеппін. Халыққа ризамыз. Әлі күнге дейін іздеп тұрады”, – деді актриса.