Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қордайдағы қақтығыс, локдаун мен коронавирустан ажал құшқандар: 2020 жылдың басты жаңалықтары

Өткен 12 ай өзгерістер мен өзгертулерге, қиындық пен қуанышқа толы болды. Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақстан үшін оңай тимеген 2020 жылдың ең айтулы, есте қалған оқиғаларының тізімін жасады. 

Жылдың басты оқиғалары

Қордайдағы тәртіпсіздіктер: тұрмыстық жанжал VS ұлтаралық қақтығыс

Ресми мәлімдемеде Жамбыл облысы Қордай ауданындағы тәртіпсіздіктер "тұрмыстық жанжалдан" туындады делінді. Ал қалың көпшілік пен желі белсенділері оқиғаны ұлтаралық қақтығыс деп бағалады. 

Кең таралған нұсқа бойынша, оқиға үш қазақтың дүнгендермен сөзге келуімен басталған. Қаракемер тұрғындары екі ағайынды мен олардың әкесі Төлеген Құдашбаев - үшеуі ауруханаға бармақшы болады Мүгедектігі бар әкесі Төлеген Құдашбаевты көз дәрігеріне әкеле жатқан ағайындылардың жолын жүк көлігі бөгейді. Көліктен шыққан дүнгенмен арада келіспеушілік орнап, ақыры үлкен төбелеске ұласады. Оның нәтижесінде қазақтардың бірінің басы жарылып, 78 жастағы қария ішінен жарақат алады

Масанчи ауылындағы қақтығысқа шамамен 300 адам қатысқан. Қордай ауданының бірнеше ауылында 8 ақпанға қараған түні полиция елдімекенді қоршауға алды. Бұл аймақта болған оқиға Қазақстандағы соңғы жылдардағы этникалық қақтығыстардың ең сорақысы болды. 

Жаппай тәртіпсіздік нәтижесінде 185 адам зардап шегіп, 39 тұрғын үй мен 47 автокөлік өртенді. Жамбыл облысы Қордай ауданындағы жаппай тәртіпсіздік пен кісі өлтіру фактісі бойынша 120-дан астам қылмыстық іс тергеліп жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев ақпан айында Қордайда болған оқиғаға қатысты өз ойын айтып, өткен істен сабақ алу керектігін атап өтті

Карантин мен коронавирус

Қытайдан шыққан COVID-19 вирусы Қазақстанға небәрі екі айдан аса уақытта жетті. Індет 2020 жылдың 13 наурызында ел территориясына келген. 26 наурызда Қазақстанда алғаш рет коронавирустан көз жұмған адам тіркелді. 

16 наурыздан бастап елде жарияланған төтенше жағдай 11 мамырға дейін созылды. ТЖ аяқталған соң, карантин шаралары қалаларда бәсеңдей бастады. 

Алғаш рет коронавирустың жаңа түрі (COVID-19) 2019 жылдың 12 желтоқсанында Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында анықталды. Қысқа уақыт ішінде ол басқа қалалар мен елдерге таралды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус індетін пандемия деп атады. 

Пандемия салдарынан алпауыт ел экономикалары зардап шегіп, 2008 жылдағы дағдарыспен салыстырғанда төрт есеге құлдырады. Сарапшылар әлем экономикасы дағдарыстан айығуына көп уақыт керек екенін айтады. 

Карантин қазақстандықтардың арасында жұмыссыздық пен кедейлік деңгейінің артуына әсер етті. "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының хабарлауынша, карантин демалыс, туризм, ойын-сауық және қоғамдық тамақтану саласында жұмыс істейтіндерге төленбейтін демалысқа шығуға тура келген. 

Қазақстанда барлығы 15 мыңнан аса науқас коронавируспен ауырып, 14 мың адам емделіп шықты, ал көз жұмғандар саны 2196 адам. 

Еске салсақ, ел ішінде коронавирус науқастарының саны артқан кезде өкпені жасанды желдету аппаратына жетіспеушілік орнады. ИВЛ аппараттары табылмай, дәрі-дәрмектерге сұраныс артты. Ауруханалардың көбі дерлік толып кетіп, науқастарға спорт зал, мейрамханалардан орын тауып жатты.

Ең алғашқы төтенше жағдай республиканың бүкіл аумағында 2020 жылдың 16 наурызынан 15 сәуірге дейін енгізілді

Төтенше жағдай - бұл адам шығынына, адамдардың денсаулығына немесе қоршаған ортаға зиян келтіруге, айтарлықтай материалдық шығындарға және адамдардың күнделікті өмір сүру жағдайларының бұзылуына әкеп соғуы мүмкін немесе әкеп соққан апат, қауіпті табиғи құбылыстың, дүлей немесе өзге де зілзаланың нәтижесінде қалыптасқан белгілі бір аумақтағы жағдай. Коронавирус пандемиясы да осы ТЖ ұғымына кіреді. 

42500 теңге жәрдемақысының жыры

Төтенше жағдай жарияланып, қазақстандықтардың көбі жұмыссыз қалып, табысынан айырылған уақытта үкімет 42 500 теңге болатын жәрдемақы төлеуге шешім қабылдады. Пандемия кезінде 4,6 миллион қазақстандық азамат мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 476 миллиард теңге көлемінде көмек алған. Осы уақытта 42500.enbek.kz телеграм арнасында 42500 теңге дұрыс төленбеген жәрдемақылардың бюджетке қайтарылуы туралы ақпаратқа байланысты желіде алаяқтықтың жаңа түрі пайда болған еді. Одан бөлек, мұқтаж жандарға азық-түлік пен қажетті заттар жеткізілген болатын. 

Карантин кезінде жәрдемақыны алумен түрлі қиындықтар болғанын да еске салайық. Өтінішті жіберу мен тексеруді қамтамасыз етуге тиісті болған сайттар істен шығып, халық наразылығын туғызып жатты. 

Мақтааралдағы апат

Қатты жауын-шашын мен дауылды желдің салдарынан 1 мамырда Өзбекстанның Сырдария облысында Сардоба су қоймасы жарылды. Нәтижесінде, оның суы Түркістан облысы аумағына өтіп, бірнеше ауылды: Жеңіс, Жаңа тұрмысты су басты. 5 мың адам эвакуацияланып, Түркістан облысында Төтенше жағдай жарияланды. 

Мақтааралда үйлерін су басқан отбасыларға мемлекет баспана салып беруге уәде етті және сол уәдеге сәйкес жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, отандық, шетелдік кәсіпкерлер қиын жағдайда қалған мақтааралдықтарға қаражат жинап, қайырымдылық акцияларын ұйымдастарды

Қалашықта 1200 орындық жаңа мектеп, 200 орындық балабақша, емхана мен полиция бекеті бой көтермек. Сонымен қатар, балалар алаңы мен парк салынуда. Ал ең бастысы, құрылысшылардың сөзінше, баспана үй иелеріне ұнаған.

300-ден аса үйдің құрылысы басталады деп хабарланған болатын. 1 қыркүйекте тұрғындар жаңа баспана кілтін қолына алады деп хабарланған еді. 



Сәтбаевтағы оқиға

Оқиға 23 шілдеде 21:00-де болды. Полицияның мәліметінше, қыздың әкесі - Жезқазған қаласының тұрғыны - полицияға тиісті арызбен жүгінген. Іздеу жұмыстары басталып, оған тек полицейлер ғана емес, еріктілер де қатысты. Нәтижесінде бала көп қабатты үйдің пәтерлерінің бірінен табылды.

Оқиғаның неден басталғаны, қалай өрбігені жайлы өз көзімен көрген қала тұрғындары былай деп сипаттады

Жезқазған қаласының тұрғыны, анасы мен қызы Сәтбаев қаласына қонаққа келген. Бір апта бұрын туысы қайтыс болып, соның жетісін өткізбек болған. Анасының жағдайы ауыр болған, себебі жақында жақынынан айырылған. Олар қыз табылған үйдің 5-қабатына қонақ болып келген. Күдікті ретінде сол тұрғын үйде тұратын ер адам іліккен. Полиция іздеу барысында қызды диванның астынан тапқан. Қызды жалаңаш күйі ақ матаға орап алып шықты. Оқиғаның куәгерлері қызды дауыс ұлғайтқышпен іздегендіктен, халық жиналып кеткен дейді. 

Желі қолданушылары осыған оқиға бұрын болғанын айтады. 

Сондай-ақ, полиция қызды ұрлап кеткен күдіктіні ұстады. Кейінірек 62 жастағы күдікті өз-өзіне қол жұмсап көз жұмды деген ақпарат тараған болатын

Боратқа қатысту шу

Сенсациялық туындының екінші бөлімі "Борат: жақында азайған Қазақстан халқының игілігі үшін вице-премьер Микаэль Пенске порнографиялық маймылдың сыйы" деп аталады. Қазақстандықтар фильмге қатысты наразылығын білдіріп,  #cancelborat хэштегін шығарды (боратты жою - ред.). 

"Біздің туымыз бен елтаңбамыз америкалықтардың тарихи тұрғындарына өз елі сияқты бізге де маңызды. Бірақ біздің ту мен елтаңба  мазақ болып жатыр. Бұл күлкілі емес. #cancelborat", - деп жазды желі қолданушылары.

Сондай-ақ, министрлік фильмге қатысты наразылық нотасын жіберу мағынасыз екенін мәлімдеді.

Жылдың резонанс тудырған тұлғалары

Дулат Ағаділ

Дулат Ағаділ - тергеу изоляторында көз жұмған қазақстандық белсенді. 1977 жылы туған Дулат Ағаділ Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында қайтыс болды. Дулат Ағаділге қатысты қылмыстық іс сотқа құрметсіздік білдіріп, судьяны, сот отырысына қатысушыларды қорлағаны үшін басталған. 

БАҚ Дулат Ағаділді азаматтық құқықтар мен бостандықтардың сақталуын насихаттайтын белсенді деп бағалады.

Сондай-ақ, Нұр-Сұлтанда марқұм қоғам белсендісі Дулат Ағаділдің 17 жастағы ұлы Жанболат Ағаділ көз жұмған еді.

Әсия Төлесова

Әсия Төлесова - қазақстандық белсенді. Ол билік өкіліне қатысты зорлық-зомбылық жасағаны және қорлағаны үшін кінәлі деп танылды.

55 мың теңге сомасында 20 АЕК көлемінде айыппұл салды. Жасалған құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша оған 1,5 жылға бас бостандығын шектеу тағайындалды.

Қазақстандық полиция қызметкерінің бетінен ұрып жібергені үшін қамалып, біраз уақыт СИЗО-да болған белсенді.

Жыл өзгерістері

Онлайн оқыту форматы

Төтенше жағдай басталғаннан кейін еліміздегі мектептер мен универсиетте білім алушылар жаппай оқудың онлай форматына форматына көшті. Коронавирустық пандемия мен елде төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты қазақстандық оқушылар 16 наурыздан бастап демалысқа шыққан болатын. Отбасыларда оқытуға қажетті құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін мектептерде қол жетімді компьютерлерді тарату, ата-аналарды құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге жағдай жасалды. 

Көп студент мен оқушылар онлайн оқудың бірқатар кемшіліктерін айтты. Сондай-ақ, онлайн оқу уақытты үнемдейді, өзін-өзі дамытуға мүмкіндік береді дейтіндер де кездесті. 

Қайтыс болғаннан кейінгі донорлық тек келісіммен жүзеге асады

2020 жылдың басында ҚР Денсаулық кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, қайтыс болған адамның азғасы рұқсатсыз донорлыққа алынбайтын болды.

"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодексінің 169-бабының 10-тармағында Қазақстанда "келісім презумпциясы" бар деп жазылған. Яғни Қазақстанда "келісім презумциясы" жұмыс істеп тұрған еді. 

Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету (МСАК) ұйымында бірінші басшының бұйрығымен қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа құқық білдірген азаматтардың өтініштерін қабылдау және тіркеу үшін жауапты тұлға тағайындалды, мұндай өтініштер "Қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа құқық білдірген азаматтардың тіркеліміне" енгізіледі.

Қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа ерік білдіруін тіркеу үшін ҚР азаматына тіркелген орны бойынша емханаға жүгінуі керек, онда жауапты тұлға жеке басын және тіркеу мәртебесін куәландыратын құжаттарды тексереді, содан кейін өтініштің сәйкес нысанын (бас тарту немесе келісім) ұсынады.

Кодекстің қолданысқа енгізілген соң Денсаулық сақтау министрлігі 300 бас тарту және 6 келісім қабылдағанын хабарады. Бұл қызметке қазірдің өзінде 500-ге жуық өтінім берілді. 60 адам келісім берсе, 400-і  бас тартқан.

Қазақстандықтарға ресми түрде жыныс ауыстыруға рұқсат етілді

Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрі өзінің 2020 жылғы 25 қарашадағы бұйрығымен гендерлік сәйкестілігі бұзылған адамдарды медициналық куәландыру және жынысын ауыстыру ережесін бекітті. 

Бұйрықта жынысын 21 жасқа толған және қабілетті гендерлік сәйкестілігі бұзылған адамдар ауыстыра алады деп айтылған.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 2020 жылғы 25 қарашадағы бұйрығымен жыныстық сәйкестендіру бұзылулары бар адамдар үшін медициналық куәландыру және жынысын ауыстыруды жүргізу қағидаларын бекітті.

Қазақстанда жынысын ауыстыруды жыныстық сәйкестендірудің бұзылулары бар, 21 жасқа толған, әрекетке қабілетті адамдар жүргізе алады. Мұны психикалық, мінез-құлық бұзылыстары, аурулары бар адамдар жасай алмайды.

Жынысты өзгерту үшін Психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымға жазбаша өтініш беру керек. Алматыда 2017 жылдан бастап жынысының өзгеруіне байланысты 10 адам жаңа куәлік алды.

Фонограмаға тыйым салынды

Өнер адамдарының сахнадағы мәдениетін реттейтін заң жобасы сенатта мақұлданды. Ол бойынша енді қазақстандық әртістер мен концерт ұйымдастырушылардың сахнадағы әдепсіз әрекеттері және фонограммамен орындағаны туралы ақпаратты жасырғаны үшін айыппұл салынады. 

Заң бойынша, өнер адамдары сахнада ерсі әрекеттер жасағаны үшін жазаланатын болады. Енді көрермен фонограмманы пайдаланумен өтетін концертке билет сатып алу немесе одан бас тарта алады. 

Орындаушылар өздерінің тыңдаушыларына фондық композицияны пайдалану туралы хабарлауы керек. Бұл билеттердің құнына да әсер етеді. Жанды дауыстағы концерттер қымбатқа түседі. Фонограмма қолдану туралы плакаттарда, жарнамалық жазбаларда және кассада жазылады

Зейнетақы жинағын пайдалану мүмкін болды

Қазақстан парламенті экономикалық өсімді қалпына келтіру туралы, зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу туралы жаңа заң қабылдады. 2021 жылдың қаңтарында "Отбасы Банкі" зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін пайдалануға арналған онлайн платформаны іске қосады. 

Заң жобасында азаматтарға өздерінің өмір сүру жағдайларын жақсарту, емделу ақысын төлеу немесе жеке қаржы компанияларының басқаруына беру мақсатында жинақталған зейнетақы қаражатының бір бөлігін пайдалануға түзетулер қарастырылған.

STAN.KZ
Бейсенбі, 31 Желтоқсан, 2020 07:40
Талқылау