Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Zoom-ды қосып, ұйықтап отырады": Қазақстандық студенттер онлайн оқу жүйесін сынауда

Онлайн оқу басталғалы екі айға жуық уақыт болды. Мектеп оқушылары интернеттің әлегінен тау-тасты аралап, әбден зәрезап болғанын көріп жүрміз. Ал ЖОО оқитын студенттердің жағдайы не болып жатыр? Олардың онлайн оқу туралы ойы қандай? Stan.kz тілшісі студенттердің өзінен сұрап көрді. 

Қазақ ұлттық университетінің Филология факультетінің 2-курс магистранты Бияшова Бибінұрдың онлайн оқуға көңілі толмайды. Оның ойынша, студенттер жеңілдің астымен жүруге дағдыланып алған.  

"Оқысаң, өзің үшін. Өзің үшін ізденесің, өзің үшін білесің. Сондықтан қандай оқу түрі болса да ізденіп, оқуың керек. Бірақ қашықтан оқу кез келген нәрсеге жай қарай салуға үйрететін сияқты. Сапаға жұмыс істемейсің. Біздің оқу орнында лекция мен семинарды 3 сағат отырып оқып жатырмыз. Басқа университеттер 20 минут оқиды екен. Бір ауыз сөз айтсаң, соған балл қояды дейді. Студент сол 1-2 ауыз сөз айтуға үйір боп алады", - деген ол білім ошағына барып оқу студентке жауапкершілікті сезіндіретінін айтты. 

Бұл пікірмен С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазМҰУ студенті Әділжан Ақарыс келісе қоймайды. Өйткені онлайн оқу көптеген мүмкіндіктерге жол ашатын көрінеді. Сабақ оқып жүріп жұмыс істеуге де, өзіңді жан-жақты дамытуға да болады дейді ол. 

"Онлайн оқу - студенттер үшін мүмкіндік. Өзінің көптен бері істегісі келіп жүрген ісімен айналысып, өзін дамытсын, өзіне уақыт бөлсін және оқуымен қатар жұмыс жасауға да қолайлы. Осының барлығына онлайн оқу мүмкіндік береді. Себебі үйде отырып сабақ өткенде уақыт көп кетпейді. Біреулер білімнің деңгейі түсіп кетеді десе, оған да қарсы шығар едім. Себебі онлайн оқу кезінде студент-оқушылар кәдімгідей сабақ оқи бастайды. Себебі онлайн оқуда үй тапсырмасын уақытылы салмасаң, модуль автоматты түрде жабылып қалып, 0 балл аласың. Сабақ өтіп жатқанда камера барлығын жазып отырады. "Апай баллды қойып берер, " деген адами факторлар жоқтың қасы", - дейді Ақарыс.

Онлайн оқудың бір емес бірнеше пайдасын айтқан Ақарыстың ойынша, онлайн оқу жемқорлықтың азаюына себепші көрінеді. 

"Одан бөлек, онлайн оқудың арқасында университет қабырғасындағы жемқорлықтың және әлімжеттіктің санын бірнеше есеге түсіруге болады деп ойлаймын. Бірақ мұның барлығы тек уақытша. Себебі уақыт өте келе адамдар мұның да бір амалын тауып, сабақты айтпайтын небір құйтырқы әрекеттерге баруы мүмкін", - дейді ол. 

Онлайн оқудың уақытты үнемдегені болмаса, басқа пайдасын көрмедім деген ҚазҰУ магистранты Еркеназ Мұсаева университетке барып оқығысы келетінін жеткізді. 

"Онлайн жұмыстың пайдасынан әлегі көп секілді. Камерада айтқаннан бөлек, тапсырманы тағы да университет жүйесіне жүктеуің керек болады. Бұл, меніңше, бір жұмысты екі жұмыс ету. Одан бөлек интернеттің дұрыс істемей, дауыс естілмей қалатыны бар. Ол да сабақты толыққанды түсінуге мүмкіндік бермейді. Сондай-ақ, группаластарыңмен "тірі" қарым-қатынастың жоқтығы да қиын. Ең бастысы, білім сапасына біраз әсер ететінін мойындау керек. Онлайн оқудан сапалы білім болады дегенге сенбеймін. Оқу онлайн ғой деп білімге тіпті мән бермейтіндерді көзіміз көріп жүр. Мұның соңы жақсы бола қоймас, өйткені болашақ білімді жастардың қолында емес пе?!", - дейді Еркеназ Мұсаева. 

Алматыдағы техникалық университеттердің бірінде 3-курс оқитын Айдархан Атантаев онлайн оқудың зияны көп дейді. 

"Иә, онлайн оқу уақытты үнемдейді. Бірақ сапасыз білім адамзаттың қас жауы екенін ұмытпау керек. Онлайн оқуға ойым теріс. Себебі, өз айналамдағы студенттердің басым көпшілігі сабақта "ұйықтап" отырады. Зумды қосып қойып, өзі басқа шаруаларымен кетіп қалады. Универ қабырғасына барған күннің өзінде оқымайтын адам бәрібір оқымайды деген қарсы пікір болуы мүмкін. Бірақ онлайн оқу одан әрі білімсіздікке итермелеп жатқандай көрінеді. Білім ордасына барып, шынайы сабақ өтетін күнді сағындық", - дейді Айдархан Атантаев.  

 

Дайындаған: Жанна МӘЛІК

Талқылау