Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бауыр, бүйрек, көзім ешкімге берілмесін!" Stan.kz журналисі алғашқылардың бірі болып өлімнен кейінгі донорлықтан бас тартып көрді

Көп адам күйбең тіршіліктің күйіне салынып, өлім жайлы ойлана бермейді. Қайтыс болған соң ағзаларыңыздың тәніңізден ажырап, өзгенің денесіне алмастырылатыны жайлы ойланып па едіңіз? Егер адам тірі кезінде ағзаcын трансплантациялаудан бас тартпаса, онда қайтыс болғаннан кейін медициналық мекеме қызметкерлері оның ағзаларын алуға құқылы. Мұны "келісім презумциясы" деп атайды және қазақстандықтардың көбі одан бейхабар. Денсаулық сақтау Кодексінің соңғы өзгерістеріне сәйкес, жеке тұлға өз атынан трансплантация жасаудан бас тартатынын айтып, өтініш жазуы керек. Бұл өтінішті қайда барып, қалай жазады? Оны қайда тіркейді? Stan.kz тілшісі емханаға барып, өтінішін тіркеп көрді, мәселенің егжей-тегжейімен бөліседі.

"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодексінің 169-бабының 10-тармағында Қазақстанда "келісім презумпциясы" бар деп жазылған. Яғни, егер адам тірі кезінде ағзаларын трансплантациялаудан бас тартпаса, онда  қайтыс болғаннан кейін дәрігерлер оның ағзаларын алуға құқылы. "Келісім презумпциясы" Беларусьте, Ресейде, Испанияда бар. Келісім презумпциясы болғандықтан, заңнама бойынша бізде тек ағзаны беруден бас тарту ғана тіркеледі. Демек, егер сіз бас тартатыныңызды білдіретін өтінішті тіркемесеңіз, онда автоматты түрде ағзаларды трансплантациялауға келісім бергеніңіз болып есептеледі.

Өтінішті кім қабылдайды, ол қайда тіркеледі?

Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету (МСАК) ұйымында бірінші басшының бұйрығымен қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа құқық білдірген азаматтардың өтініштерін қабылдау және тіркеу үшін жауапты тұлға тағайындалды, мұндай өтініштер "Қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа құқық білдірген азаматтардың тіркеліміне"  енгізіледі.

Қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа ерік білдіруін тіркеу үшін ҚР азаматына тіркелген орны бойынша емханаға жүгінуі керек, онда жауапты тұлға жеке басын және тіркеу мәртебесін куәландыратын құжаттарды тексереді, содан кейін өтініштің сәйкес нысанын (бас тарту немесе келісім) ұсынады.

Толтырылған нысан тіркелімге енгізіледі, ал өтініш берушіге МСАК ұйымының жауапты тұлғасы бір жұмыс күнінің ішінде мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап ұсынады. 

Құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған жағдайда МСАК ұйымының жауапты адамы бір жұмыс күні ішінде мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы дәлелдемелермен жауап береді.

Бұл Дербес деректерді жинау, өңдеу және қорғау Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 21 мамырдағы Заңының 29-бабына және "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.

 

Тіркелуге қанша уақыт кетеді?

Мәліметтер тіркелімге енгізілгеннен кейін МСАК ұйымының жауапты тұлғасы бір жұмыс күні ішінде МСАК ұйымы басшысының қолы қойылған, мөрі басылған транспланттау мақсатында ағзалардың (орган бөлігінің) және (немесе) тіндердің (тіннің бөлігінің) өлімнен кейінгі донорлығынан тірі кезінде бас тарту немесе келісім беруді тіркеу туралы анықтаманы береді.

Өтініш беруші шешімін өз қалауынша сан мәрте өзгерте алады.

Ал егер, өтініш беруші керісінше органдарын трансплантациялауға келісімін бергісі келсе, сәйкесінше egov.kz порталынан өтініштің екінші нұсқасын, келесім беруін растайтын өтінішті толтыруы қажет.

 

Журналист зерттеуі: өтінішті емханаға қалай тіркеу керек

Тәжірибе жүзінде ағза трансплантациясынан бас тарту заңнамада жазылғандай оңай шаруа емес.  

Әр адам мекенжайы бойынша тіркелген емханаға жүгінеді. Біз тіркелген - №19 қалалық емхана қызметіне жүгіндік.

Емхананың қабылдау бөліміне хабарластық. Ол жақтағы кезекшілер ағзаны ауыстыру еркінен бас тарту жайлы айтқанымда, сұрағымды қайта қоюға тура келді. Алайда айтарлықтай таңғалған ешкім болмады. Бұл сұрақпен бұған дейін де хабарласқаны түсінікті еді. Себебі соңғы уақытта бұл сауал елдің басын қатырғандардың бірі болды.

Кезекші апай осы емханаға расымен тіркелген-тіркелмеген екенімді ЖСН нөмірі арқылы тексерді. Учаскемнің нөмірін айтты. Ертең сағат 10:00-ден бастап қабылдау бөліміне келіп, А. есімді кезекшіге жолығу керектігін, ЭЦҚ-мен келу қажеттілігін жеткізді.

Алайда ертесінде сол уақытта емханаға барып, керекті адамды таппадық. Қабылдау бөлімінде отырғандар мұндай өтініш түрін мүлдем естімегендерін айтты. Өзім кеше хабарласқан кезекші апайды тапқанымда мәселенің кеше телефонмен сөйлескендегідей оп-оңай шешілмейтінін түсіндім. 

Ақыры осы мәселеге жақындау деген дәрігерді тауып, сөйлестік. Айтуынша, олардың тәжірибесінде мұндай өтініш білдіруге ешкім келмеген. 

 

"Сіз - біріншісіз"

Дәрігер өтінішті жазып, оны бас дәрігердің емдеу ісі бойынша орынбасарына қалдыру керектігін жеткізді. Сол күні өтінішті қолмен жазып тапсырып кеттік. Онда ЖСН нөмірімді, телефон нөмірімді жазып қалдырдым.

Сөйлескен дәрігеріміз сейсенбі күні еңбек демалысынан келетін емдеу ісі бойынша орынбасарға жолығып, өтінішті тіркеу қажет екенін айтты. Өтінішімді алып жатып, хатшы қыз "Сіз біріншісіз" деп қағазымды қабыл алды.

Сейсенбі күні барғанымызда, уағдаласқан кабинетте қажетті адамды таппадық. Жарты сағаттан соң дәрігерді тауып, өтініш жазып қалдырғанымды айттым. Ол қолмен жазылған өтініштің жарамайтынын айтып, жаңадан ресми бланкідегі өтініш толтыру керектігін айтты.

Бір қызығы, ол өтініштің нұсқаулығы әлі дайын емес-тін. Көзімше, интернеттен іздеп, шығарып берді. Ресми бланкідегі өтінішті толтырып, орынбасарға өткіздім.

- Осы уақытқа дейін біреу осындай өтініш жазуға келіп па еді?

- Жоқ.

"Ары қарай не болады?" деп сұрадым. 

Әйтеуір бір жерге тіркелетінін айтқандай болды. Сонда Кодекс бойынша денсаулық төлқұжатына бекітілуі тиіс екенін дәрігерге өзім түсіндірдім. Осы құжатты қабылдағандарыңызды білдіретін анықтама беру керек екендерін де айттым. Алайда анықтама жайлы айтқанымда дәрігер аңырап қана қалды. "DamuMed" бағдарламасында тіркелген соң өтініш денсаулық төлқұжатыма автоматты түрде бекітіледі деді.

Ресми өтініш мынадай болуы тиіс: 

"Қашан?" деген сұраққа, немқұрайлы ғана "жақында" деген жауап алдым. Өтініштің тіркелгенін сол бағдарлама арқылы көре алатынымды айтым, мені шығарып салды. 

 

E-gov арқылы өтініш қалдыруға бола ма?

2017 жылдан бастап бұл мәселе көтерілген, бас тартуға электронды түрде болатыны сан мәрте айтылған. Десе де, бұл қызметті онлайн алу әлі де жолға қойылмай келеді. 

"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдеде № 360-VI кодексінің 209-бабының 8-тармағына сәйкес  ағзалардың адам қайтыс болғаннан кейінгі донорлығына құқығын білдірген азаматтардың тіркелімінде ҚР азаматының қайтыс болғаннан кейін оның ағзаларын трансплантациялау мақсатында алуға келісімі немесе одан бас тартуы туралы ерік білдіруін тіркеу медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға тікелей жүгінген кезде немесе электрондық үкіметтің веб-порталында жүргізілуі мүмкін.

"Өкінішке қарай, әзірлеу кезеңінде болғандықтан, электрондық үкіметтің веб-порталы әлі бұл іске қосылмаған және ҚР азаматтарына жыл соңына дейін қолжетімді болады", - делінген Денсаулық сақтау министрлігінің жауабында.

Қалай болғанда да, осыншама ұзақ уақыт жүгірісті, тіркелгеніңізді көрсететін анықтаманың бар болғаны -  қайтыс болғаннан кейін ағзаларыңызды алып қоймайтынына кепілдік бермейді. 

 

Дайындаған: Назерке МҰСА

Талқылау