Соңғы жаңалықтар

Мақтааралда су басқан ауыл халқына салынып жатқан үйлердің құрылысы қашан аяқталады

Түркістан облысының Мақтаарал ауданында су басқан ауыл халқына салынып жатқан үйлердің құрылысы аяқталуға жақын. Мырзакентте баспанасынан айырылғандарға жаңа қалашық бой көтерді. Жаңа үйлердің сыртқы келбеті де көрікті. Инфрақұрылымы толықтай тартылған қалашыққа орталық кәріз жүйесі, интернет желісі қосылады деп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Мамандардың сөзінше, Мырзакентте жаңадан бой көтерген үйлердің құрылысы қыркүйектің басында бітеді, арасында толық дайын баспаналар да бар. Жұмысшылар екі ауысымда, түнгі сағат 2:00-ге дейін жұмыс істейді екен.

"Кәріз жүйесі мен интернет, жалпы инфрақұрылым 100 пайыз жасалып, кіргізіліп, тапсырылады", - деді мердігер компания өкілі Расул Ералиев.

Қалашықта 1200 орындық жаңа мектеп, 200 орындық балабақша, емхана мен полиция бекеті бой көтермек. Сонымен қатар, балалар алаңы мен парк салынуда. Ал ең бастысы, құрылысшылардың сөзінше, баспана үй иелеріне ұнаған.

100 шаршы метр болатын үйлерде әжетхана мен жуынатын бөлмеден бөлек, жеке асханасы бар екен.  Асханада газ плита, жылыту пеші мен ыдыс жууға арналған орын қойылған. 

Бұдан бөлек, су басқан тағы 2 ауылдың тұрғындары құрылысты өз жерлерінде жүргізуде. Мемлекеттен әр үйге 17 млн теңге бөлінген. Өргебас ауылында баспанасын бітуге дайын тұрғындар да бар. 

"Қайтадан тұрғызып, жасап, әрлендіріп, қолдан келгенше заманауи етіп жасап жатырмыз", - деді Өргебас ауылының тұрғыны Бақытжан Сатыбалдиев.

Мақтаарал ауданы әкімдігінің жауапты мамандары үш ауылда салынып жатқан үйлердің сапасы басты назарда екенін атап өтті. 

"25 қадағалаушы маман күнделікті барып бақылайды. Өзіміздің тапсырушы мекемеміз бар күні-түні қастарында жүріп, қадағалап отыр", - деді Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Сәкен Сұлтанханов.

Жаңа қалашықта бой көтерген 386 үйдің 196-ы бюджет есебінен, яғни мемлекет есебінен болса, қалған 190 үй демеушілер есебінен. Оның ішінде Болат Өтемұратовтың қоры 150 баспана тұрғызған. Бүгінде 75 үйдің құрылысы аяқталған. 1 қыркүйекте тұрғындар жаңа баспана кілтін қолына алады екен.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр