Жамбыл облысында әлдекімдер жас дәрігерді ұрлап әкетіп, ұрып өлтірген
Жамбыл облысында Думан есімді жас дәрігердің өліміне қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Марқұмның туыстары ер адамды бірнеше адамның ұрлап әкетіп, ұрып-соққанын айтып, халықтан көмек сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға туралы марқұмның туысы Threads желісінде жазды. Туысының айтуынша, Думанға науқастарының бірінің бұрынғы күйеуінің бірнеше рет қоңырау шалып, оны бірнеше рет балағаттап, кездесуге шақырған.
“Тараздың 3 жігіті менің бауырым Думанды жауыздықпен ұрып соғып, өлтіріп, ауруханаға “көшеден тауып алдық” деп әкелген. Думан бауырым ауруханада жұмыс істеп жүргенде бір науқастың бұрынғы күйеуі оған қайта-қайта қоңырау шалып, намысына тиетін сөздер айтып, кездесуге шақырған. Думан мәселені кездесіп сөйлесіп шешу үшін барар жолда көлігін, әлгі жігіттер тоқтатқан”, – делінген жазбада.
Марқұмның туысының айтуынша, Думан жігіттермен сәлемдесу үшін қолын созған кезде қасындағы жігіттер басынан соққы жасаған көрінеді.
“Құлаған соң 3 адам оны машинаның багажнигіне салған, оны кетіп бара жатқан көлік жүргізушісі көрген (куәгер). Содан кейін оны Аса өзенінің жағасына апарып, адам танымастай етіп ұрған, оны сол жерде ойнап жүрген балалар көріп, қорқып қашып кеткен. Ұрып соғудан кейін өздері Думанның машинасына салып, больницаға “көшеден тауып алдық” деп әкеліп тастаған”, – деп жазды марқұмның туысы.
Кейін ер адам есін жимастан көз жұмған.
Жамбыл облыстық полиция департаменті аталмыш оқиға бойынша адам ұрлау және абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын растады.
"Күдікті қамауға алынды. Оқиғаға басқа адамдардың қатысы бар-жоғы анықталып жатыр. Істің мән-жайларын жан-жақты әрі толық анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттері жалғасуда", – делінген полиция хабарламасында.
Марқұмның туысының айтуынша, полиция алдымен 3 адамды да ұстап, кейін екеуін босатып жіберген көрінеді. Алайда полиция бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берген жоқ.
Отбасы жанжалға қызғаныш себеп болды деген пікірде. Туысының айтуынша, Думанға қоңырау шалған ер адамның бұрынғы әйелі дәрігердің науқасы болған.
“Күдікті Думанмен кездеспей тұрып та өзінің ажырасқан әйелін (Думанның пациентін) ұрып-соққан екен. 2 ай бұрын сол үшін 15 күнге қамалған. Босап шыққан соң тағы да сол күні ұрған, әйелдің хәлі әліде нашар. Ал полиция оның арызын әлі алмаған. Әйелін ұрған соң 15 күн ғана отырмай, сол кезде жазасын берсе, бір отбасының әкесі тірі қалар ма еді. Думан мен ол әйелдің арасында ешқандай да қатынас болмаған , жай ғана пациенті, телефондағы жазбалар тек емдеу барысы бойынша болған”, – делінген жазбада.
Марқұмның артында екі қызы қалды. Туысының айтуынша, 3 күннен кейін кішкентай қызы қырқынан шығып, өзі 30-ға толуы керек болған.
Марқұмның туыстары іске қатысы бар адамдардың жауапкершілікке тартылуын талап етті.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыда екі ер адам жедел жәрдем қызметкерлерін пышақпен қорқытқаны туралы жазған едік.
Түркістан облысында әскерге кеткен сарбаз мүгедек болып оралды
