"Жігіттер айтатын ән деп келіспедім": Мақпал Жүнісова "Алтайдың ар жағынан келген ару" әнінің тарихын баяндады
Танымал әнші Мақпал Жүнісова кезінде хит болған әннің шығу тарихын баяндап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Бағдарламадан скриншот
Өнер иесі “Алтайдың ар жағынан келген ару” әнін осыдан 34 жыл бұрын орындағанын айтты.
"1989 жылы осы әннің авторы, марқұм Тұрсынғазы Рахым арнайы мені телеарнаға шақырды. Сол уақытта ағамыз телеарнада қызметте болатын. "Мақпалжан, осы әннің тұсауын өзің кесіп бер" деді. Ал мен "Ойбу, аға! Бұл жігіттер айтатын ән ғой деп келіспедім. "Алтайдың ар жағынан келген жігіт" деп жазғаныңызда айтар едім" деп күлдім. Бірақ келісімімді беріп: "Аға, бір аптадан соң "Қазақконцертте" бір концерт болады. Сонда орындап, тұсауын кесіп берейін" дедім. Ол кісі қатты қуанды. 1990 жылы радиоға жазуымды өтінді, артынша Германияда менің алғаш лазерлі таспам шықты. Соған осы ән енді”, – деді әнші.
-
"Шындық ашылған күнді көріп кетсем екен": Мақпал Жүнісова ел алдында жан сырын ақтарды
-
"Бриллиант көзі бар": Бибігүл Төлегенова әріптесі Мақпал Жүнісоваға білезік тақты
Одан кейін туынды Сәкен Қалымовтың орындауында кең тарады. Өнер иесі Мақпал Жүнісовадан арнайы сұрап алған көрінеді.
“Кейіннен Жетісайда гастрольде жүргенде бір қара торы Сәкен Қалымов деген жігіт маған келіп, осы әнді орындағысы келетінін айтты. Мен бірден "Иә, бұл әнді жігіт орындаса, тіптен жақсы болады" деп, рұқсат еттім. Содан Сәкен Қалымов "Тамашаның" сахнасында эстрадаға лайықты өңдеп, айтып шыққан соң әннің бағы жанған еді. Тынышбай ағамыз да өмірден разы болып өтті", – деп жазды Мақпал Жүнісова.
Еске салайық, "Үкімет көйлек пен аяқкиім беретін" деп Мақпал Жүнісова 40 жыл бұрынғы өнер көрсеткен видеосын жариялаған еді.