Мәдина Сәдуақасова Бейжің төрінде "Куә бол" әнін шырқады
Қазақстандық әнші Мәдина Сәдуақасова Қытай астанасы Бейжіңде өткен шарада Нұрғиса Тілендиевтің әйгілі “Куә бол” әнін орындады, көпшіліктің ықыласына бөленді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі шетелдегі сапарынан үзінді жариялап, сахнада қазақтың танымал туындысын шырқағанын оқырмандарына жеткізді.
“Қытай. Пекин. Сахнада Мадикош. Нұрғиса Тілендиевтің “Куә бол” әнін шырқау құрметі бұйырды. Нұрғиса атамыздың тағы қай әндері ұнайды? Жаза кетіңіздер”, – деп жазды әнші Instagram парақшасында.

Мәдина Сәдуақасованың жанды дауыста, оркестр сүйемелдеуімен орындаған әні желі қолданушыларының да көңілінен шыққан. Көпшілік оның дауыс мәнері мен әнді өзінше жеткізе білгенін атап өтті.
“Тамаша орындау, жанды дауыста оркестрмен өзінің стилінде әдемі айтып шықты!”, “Мәдина, даусыңыз керемет. Орындауыңыз да тамаша”, “Керемет, даусы өте әдемі”, “Әдемі орындау. Даусы да сыңғырлап тұр”, – деп жазды олар.
Кей тыңдарман әншінің дауыс бояуынан белгілі әнші Мәдина Ералиеваның үнін байқағанын да жазған.
“Бірінші естігенде Мәдина Ералиеваның дауысы сияқты екен”, – деп пікір қалдырды желі қолданушыларының бірі.
Еске салайық, бұған дейін Мәдина Сәдуақасова туған күніне келген сыйлықтарды көрсеткені хабарланған еді.
Қазақстандық әйел жалға алушыны пәтерінен шығара алмай, сотқа берген: Алайда сот қараудан бас тартты