Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жезөкшелікке мәжбүрлеу, қайыр сұрату": Ішкі істер министрлігі адам саудасына қатысты 49 қылмысты әшкереледі

Ішкі істер министрлігі бас прокуратураның үйлестіруімен адам саудасына қарсы шаралар өтіп, түрлі қаладан 49 қылмыс анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Polisia.kz

ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес 22-24 мамыр аралығында “STOP-трафик” жедел-алдын алу іс-шарасын өткізді. Адам саудасының 49 фактісі, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты 9 факт анықталды.

Адам саудасына байланысты заңға қайшы әрекеттерді жүзеге асырған күдіктілерге қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған басшылық ету деректері бойынша үш сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Астанада 9 моншада қыздарды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеу анықталған. 17 адамнан тұратын топ табылды. 30-дан астам тінту іс-шарасы өткізіліп, ақша және алты автокөлік тәркіленді. Негізгі фигуранттар қамауға алынды.

Шымкентте де притон ұстаған ұйымдасқан қылмыстық топ әшкереленді. Мұнда жалпы сомасы 1 миллион теңге және 16 мың доллар, 10 автокөлік тәркіленді. Топ жетекшілері мен мүшелері қамауға алынды.

Петропавлда 2023 жылдан бастап қылмыстық топ зорлық пен бопсалау арқылы қыздарды жыныстық қызмет көрсетуге мәжбүрлеген. Сондай-ақ ерекше қажеттігі бар адамдарды ұрлап, қайыр сұрауға мәжбүрлеу фактілері анықталды.

“Қарағандыда мүмкіндігі шектеулі жандарға қоқан-лоқы көрсетіп, оларды қайыр сұрауға мәжбүрлеп, бизнес ұйымдастырған адамдар тобы ұсталды. Қылмыскерлер содан жылына 10 миллион теңгеге дейін табыс тауып отырған.

Осыған ұқсас қылмыстық топтардың әрекеттері Ақтөбе, Алматы және Маңғыстау облыстарында әшкереленді. Онда мүгедектер мен жас балаларды базарлар мен вокзалдар аумағында пайдаланған. Барлық қылмыскер құрықталды, – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Талқылау