Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Білім беру жүйесіне бөлінген 4,5 миллиард теңге жымқырылған: Сот 21 бухгалтерден тұратын қылмыстық топқа үкім шығарды

Жетісу облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырып, ұйымдасқан бухгалтерлер тобының ісі қаралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Жоғарғы соттың мәліметінше, (ҚК-нің 189-бабының 4-бөлігінің 1), 2) тармақтары), заңсыз заңдастырғаны (ҚК-нің 218-бабының 3-бөлігінің 3) тармағы), ұйымдасқан топ құрып, оған басшылық жасап және оған қызметтік бабын пайдалана отырып қатысқаны (ҚК-нің 262-бабының 3-бөлігі) үшін айыпталған Талдықорған қаласы білім бөлімінің және мектептерінің 21 бухгалтеріне қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сот кезінде 3 жыл бойы Талдықорған білім бөлімінің бас бухгалтері С-мен және әріптестерінен құралған (7 – білім бөлімі және 14 – орта мектеп) қылмыстық топ ұйымдастырған.

Оның басшылығымен ұйымдасқан топ алдын ала сөз байласу арқылы жалған жұмыскерлерге және мектеп қызметкерлеріне белгіленген лауазымдық жалақыларынан тыс жалақы есептеу арқылы 4,5 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған.

Ұрланған қаржыны сотталушылар туыстарының банктік шоттарына аударып, содан кейін қылмыстық рөлдерге сәйкес өз араларында бөлген. Аталған қаражатқа жылжымайтын мүлік, жер учаскелерін, автомобильдер, зергерлік бұйымдар және тағы басқаларын сатып алған.

Сотталушылардың кінәсі олардың айғақтарымен, сондай-ақ куәгерлермен, мамандардың және сот сараптамаларының қорытындыларымен, қылмыстық істің басқа да материалдарымен расталады.
Сотталушылар кінәләрін тек жымқырубөлігінде мойындады (ҚК 189-бабының 4-бөлігі 1), 2) тармақтары), қалған бөлігінде оларды ақтауды сұрады.

Сот неге және қандай жаза тағайындады?

Сот қылмыстық құқық бұзушылықтардың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, сотталушылардың жеке басын ескере отырып, оларды кінәлі деп танып, үкім шығарды. Осылайша қылмыстық істің бас фигуранттары С, М, Н 12 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.  Тағы 15 сотталушы 7 жылдан 11 жылға дейін жазасын өтейді.

Сонымен қатар 2 сотталушы келтірілген залалды толық өтеуіне байланысты ҚК-тің 189-бабының 4-бөлігі 2) тармақшасы бойынша шартты түрде 7 жылға сотталды.

Айта кетейік, бір бухгалтерге қатысты қылмыстық іс оның қайтыс болуына байланысты ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылды. Сотталғандардың 3 млрд теңгеден астам ақшалай қаражаты, зергерлік бұйымдары, жылжымайтын және жылжымалы мүлкі тәркіленді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.



Еске салайық, бұған дейін Ақтөбедегі жеке компаниялардың бірінде бухгалтер 6 миллион теңгеден астам ақша ұрлап, анасының банктік шотына аударып жібергенін жаздық. Мәліметтерге сенсек, 51 жастағы ақтөбелік әйел қаладағы жеке компанияға бас есепші болып жұмысқа орналасып, төрт айдан кейін компанияның ақшасын ұрлай бастаған. Ол анасының банктік шотына миллиондаған теңгенің бірнеше траншын аударып отырған. Ал есеп беру құжатында бұл жеткізілген тауардың ақшасы екенін көрсеткен. 

Талқылау