Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жетісу облысында асфальтты су шайып кеткен: Экс-шенеунікке сот шешімі шықты

Жетісу облысында Кербұлақ ауданындағы Малайсары ауылы маңындағы жөндеу сапасыз өтіп, тасқын су жолды шайып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сапасыз жолға қатысты сот шешімі шықты.

2023 жылы Кербұлақ ауданындағы Малайсары стансасына баратын жолды еріген қар суы шайып кеткені қоғамда наразылық тудырды.

Прокурордың тексерісі барысында аталған аумақта жөндеу кезінде өрескел заңбұзушылықтар анықталды. Содан кейін қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы “Қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану” бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Тексеріс барысында жөндеу жобалық-сметалық құжаттамасыз және сараптамасыз жүргізілгені анықталды. Соның салдарынан су өткізу қабілеті есептелмей, сапасыз жөндеу жүргізілді, бұл жолдың бұзылуына әкеп соқты. Мемлекетке 22 миллион теңгеден астам шығын келген.

"Сот үкімімен жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы басшысы лауазымын асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды.Сот сотталушының жасын және келтірілген залалдың толық өтелуін ескере отырып, бас бостандығынан айырған жоқ, – делінген хабарламада.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Талқылау